Кейінгі кезде монополиясыздандыру туралы айтылып жүрген әңгімелер аясында Қазақстан экономиканың тұтас салаларындағы арамтамақ операторлар мен басқа да құрылымдардан неге арыла алмай отыр? Осы көкейкесті сауалға экономист Айдархан Құсайыновтың жауап беруін сұраған едік.
– Сіз «Қазақстан экономикасы» атты кітабыңызда ұлттық идеяның маңыздылығы туралы жаздыңыз. Бүгінде оның өзектілігі бұрынғыдан да арта түскен сияқты. Қазіргі кезеңде ол қандай идея болуы мүмкін деп ойлайсыз?
– Бірінші кезеңде бұл әлеуметтік бағдарланған Қазақстан болуға тиіс деп ойлаймын. Яғни барлық адам үшін қалыпты өмір.
– Ал қандай реформалар ең жақсы нәтиже берер еді?
– Біріншіден, ұлттық валютаны нарықтық бағамға келтіру қажет. Екіншіден, бизнесті қолдау саясатынан бас тарту керек. Үшіншіден, мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін едәуір кеңейту.
– Мысалы...
– Мысалы, мектептерді ешқандай мемлекет-жекешелік серіктестіксіз салу керек. Бұл ретте оқушылар тамақтандырылуға және қоғамдық көлікте ақысыз жүруге тиіс. Яғни сіз бизнесті қолдаудан бас тартып, мектеп оқушыларын тамақтандыруды бастағанда ол да соншаға түседі.
– Қазіргі кезде аса мән берілмей тұрған идеялардың бірі – монополиясыздандыру. Ол туралы Президент айтты, жақында тиісті комиссия жұмыс істей бастады. Рас, бұл ретте негізсіз жекешелендірілген объектілерді, инфрақұрылымды мемлекет меншігіне қайтару туралы сөз болып отыр. Бірақ басқа салалар да тиісті шешімдерді талап етеді. Қарапайым адамдарды да, бизнесмендерді де ашуландырған факторлардың бірі – іс жүзінде әртүрлі саланы монополияландырып алған операторлық құрылымдардың болуы. Мәселен «ӨКЖ Операторы» немесе бірнеше рет жанжалға ұшыраған «СҚ Фармация». Яғни бірінші кезекте қандай салаларды тазарту керек?
– Ең алдымен барлық операторды қысқартып тастау керек. Өйткені олардың мәні жоқ және бұл үшін комиссия құру да міндетті емес. Қазақстанның мәселесі де, міне, осында. Неліктен оператор пайда болады? Себебі мемлекет бір жағынан реттеумен айналысқысы келеді, ал екінші жағынан, қаттырақ айтсақ, бизнеске қатысқысы да келеді.
«СҚ Фармация» үшін бағаны төмендетудің қажеті жоқ. Біріншіден, қалыпты, заңды түрде реттелген сатып алуды қалай жүргізу керектігі туралы ойланыңыз. Екіншіден, мұндай операторлар арқылы қандай да бір субсидия жасаудың қажеті жоқ. Егер сіз қалыпты әлеуметтік Қазақстан туралы ойласаңыз, жекелеген бағыттарда субсидия таратпайсыз. Яғни операторлар идеясы өзінен-өзі жоққа шығады.
– Бірақ мұндай операторлар ақшаны бір арна арқылы өткізіп, оны біреудің жеке қалтасына түсіру үшін де пайда болатыны баршаға түсінікті сияқты...
– Дәл солай.
– Министрлер мұндай тәжірибеден бас тартуы үшін не істеу керек? Бір мысал, өткен жылдың өзінде Мәдениет және спорт министрлігі «Мөлшерлемелерді есепке алу орталығы – МЕО» операторын құрып, осы саланы іс жүзінде монополияландыруға тырысты және ондаған миллиард теңге төлем жүйелері нарығына қатысушылардың бірінің қалтасына түсе жаздады. Сөйтіп, төлем жүйелері мен терминалдардың бүкіл саласын далада қалдыру әрекеті жасалды. Осы жобаны «сүйреп өткізуге» тырысқандарға қатысты тергеу жүргізілуге тиіс емес пе?
– Мұндай «МЕО» – қай салада болсын жеткілікті жеке жағдай. Министрлер бұл мәселені басқаша шеше алмайды. Бір нәрсені өзгерту үшін экономикалық саясатты түбегейлі өзгерту керек. Яғни экономикалық ойлаудың қазіргі парадигмасында операторлар ешқайда кетпейді. Олар түрін өзгертуі, бөлінуі, шоғырлануы мүмкін, бірақ олар – қазіргі идеологияның бір бөлігі.
– Сонда олар бизнес пен мемлекет арасындағы монополист «төсемдер» болып қала бере ме?
– Әлбетте. Мен қазіргі экономикалық тұжырымдамаға сүйене отырып, тағы бір рет қайталап айтамын: бұл «төсемдер» қолданыстағы саясаттың құтыла алмайтындай құралы.
– Әзірге елде жаңа экономикалық формация орнамаған кезде қолда бар және іске қосу жоспарланған осындай құрылымдардың бәрінің Қазақстанның мұқтаждықтарына немесе қандай да бір жеке мүдделерге қаншалықты қызмет ететінін тексерудің қажеті бар ма?
– Әрине, тексеру керек. Ол үшін Есеп комитеті мен қаптаған мемлекеттік органдар бар. Тексеру, сазайын тартқызу, сыбайлас жемқорлықтың бар-жоғын қарау қажет. Қазір сіз осындай экономикалық саясатты қолдай бересіз, онда осындай операторлар бола береді және олармен шексіз күресіп, жаңаларын жасайсыз, ауыстырасыз, таратасыз немесе тек экономикалық саясатты өзгертесіз. Сонда бұл нәрсе өзінен-өзі жоғалып тынады.
Мен сізге бір мысал келтірейін. Егер сіз ылғал сүйетін өсімдіктерден бақша отырғызуды ұйғарсаңыз, бірақ әлдебір себеппен қырда тұрсаңыз, онда су сорғысыз ештеңе жасай алмайсыз. Бақшаны баптай жүріп, сіз әрқашан сол сорғыларды жөндеуге, жоғары сапалы сорғыларды іздеуге, оларды ауыстыруға мәжбүр боласыз. Бірақ сіз: «Мен одан да бақшаны қырға емес, ойпатқа отырғызайын, сосын өзеннен канал тартып, су өздігінен ағып келетін қылайын», дей аласыз ғой. Сонда су сорғысы туралы ойдан да біржола құтыласыз, өйткені ол мүлдем қажет болмай қалады.
Есен ҚАНАТБАЕВ