• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Үкімет 07 Сәуір, 2022

Медиация – дауларды реттеудің баламалы құралы

249 рет
көрсетілді

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар «Біріккен Ұлттар Ұйымының медиация нәтижесінде қол жеткізілген халықаралық татуласу келісімдері туралы конвенциясын ратификациялау туралы» заң жобасын қабылдады.

Бұл Конвенция халықаралық коммерциялық келісімдерді сақтау кепілдіктерін күшейтуге арналған. Сондай-ақ оның ұлттық заңнамасына сәйкес басқа юрисдикцияда медиация арқылы қол жеткізілген келісімдерді тану мен орындаудың қолжетімді жүйесін құруды көздейді.

«Бүгінгі таңда медиацияға деген сұраныс неғұрлым артты. Ме­диацияның көмегімен екі тараптың мүдделерін қанағат­тандыра отырып, дауды шешуге болатыны азаматтарды қызық­тырады. 2019 жылғы 7 тамызда Сингапурда Қазақстан БҰҰ-ның медиация нәтижесінде қол жеткізілген халықаралық татуласу келісімдері туралы конвенция­сына қол қойды. Конвенцияның мақсаты – медиация нәтижесінде қол жеткізілген халықаралық келісімдерді қатысушы мемле­кеттердің аумағында тану және орындау. Осы уақытқа дейін медиа­­ция нәтижесінде қол жет­кізілген халықаралық келісімдерді тану және сақталуын қамтамасыз ету үшін бірыңғай тетік болған жоқ. Сәйкесінше, дау тараптары үшін татуласу келісімін басқа юрисдикцияда тану және орындау үшін сотқа жүгінуге мүмкіндік туын­дайды», деді құжат жөнінде баяндама жасаған Әділет министрі Қанат Мусин.

Конвенция қатысушы мем­ле­кеттердің екі және одан да көп компаниялары арасындағы ха­лықаралық коммерциялық дауларына ғана қолданылады. Құжатқа сәйкес татуласу келісімін орындау ұлттық заңнамаға сәйкес жү­зеге асырылады.

Заң жобасына қатысты пікір білдірген Сенат Төрағасы: «Кон­венция оған мүше мемлекеттерде коммерциялық даулар кезінде медиация арқылы қол жеткізілген келісімдерді орындау үшін құқықтық негіз қалыптастырады. Қазіргі таңда медиация коммерциялық дауларды реттеудің баламалы және тиімді құралы болып отыр. Соған сәйкес осы Конвенция бизнеске және инвесторларға медиациялық келісімдердің өзге мемлекеттерде орындалуына қосымша кепілдік береді», деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар отырыс барысында сенаторлар депутаттық сауалдарын да жолдады. Депу­тат Нұрлан Бекенов сыртқы мем­лекеттік қарыздардың тұрақты өсуіне алаңдаушылығын білдіріп, Премьер-Министрдің атына жолдаған депутаттық сауалында мұндай қарыздарын пайдалануда тиімділік деңгейі төмен екенін атап өтті.

«Қаржы министрлігінің ақ­паратына сәйкес, 2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша мемлекеттік қарыз 22 трлн теңгеге немесе ІЖӨ-нің 27,4%-ына жетті. Үкіметтің сыртқы борышы, мемлекет пен квазимемлекеттік сектордың кепілдік берген сыртқы борышы 37 млрд АҚШ долларын құрады, бұл Ұлттық қор активтерінің 67%-ын құрайды және шекті мәнге жақындап келеді. Ұлттық қорды қарыздарды өтеу бойынша кепілдендірілген резерв ретінде ғана қарастыруға болмайды», деді Нұрлан Бекенов.

Сенатор қазіргі таңда жалпы сомасы 12,2 млрд долларды құрайтын мемлекеттік сыртқы 52 қарыз бар екенін атап өтті. Бұл ретте оның бар болғаны 80 пайызы игеріліп отыр. Депутат еліміздің сыртқы қарызының артуына ық­пал ететін негізгі факторлардың қа­тарында тиімсіз пайдалану, қарыз ақшаға сұраныстың жоқ­тығы, несиенің бір бөлігін жою, сондай-ақ квазимемлекеттік ком­паниялардың ақшаны өндірістік емес мақсатқа тартуын атап өтті.

«2017 жылы «ҚазМұнайГаз» АҚ еншілес ұйымының өз қар­жысы бола тұра акционерлерге дивиденд түрінде беру мақсатында 300 млн АҚШ доллары сомасын үш жыл мерзімге қарызға алды. Яғни бұл қарыз дивидендтер төлеу үшін алынды. Бұл – халықаралық қарыздарды жөнсіз жоспарлау мен пайдаланудың жекелеген мысалдары ғана», деп атап өтті депутат.

Сенатор қазіргі жағдайды жақсарту үшін сыртқы мемле­кеттік қарыздардың тиімді­лігі мәселелері бойынша сена­тор­лардың мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор өкілдерімен кездесуі барысында әзірленген бірқатар жүйелі шараларды атап өтті. Олардың ішінде сатып алу үдерісіне және келісім-шартты басқаруға тұрақты мони­торингті жүзеге асыру, одан әрі өзектілігін жою үшін әзірленіп жатқан жобалардың сапасын арттыру шаралары бар. Ол үшін сенатор қаржыландырудың ағым­дағы бағыттарын жіті талдау, жобалық-сметалық құжат­таманың құнын нақты реттеу және экономиканың барлық сала­лар­ындағы шығындардың басым­дықтарын белгілеу арқылы сыртқы қарыздарды тартуды маңызды деп санайды.

Сенатор Ольга Булавкина Шығыс Қазақстан облысының жолдарын жөндеуге қатысты еліміздің Премьер-Министрінің орынбасары Роман Склярдың атына депутаттық сауал жолдады. Депутат келешегі бар елді мекендерді, шекара маңын­дағы ауылдар мен кенттерді дамыту үшін жол инфрақұры­лымының маңызды екенін атап өтті. Индустрия және инфра­құрылымдық даму министрлігінің ақпараты бойынша 2025 жылға дейін 27 мың шақырымды барлық жұмыс түрімен қамту жоспарланып отыр. Бұл жоспарда биыл аяқталуы тиіс жобалар да бар.

«Жалпы саны 160 мың ауыл халқы бар Жарма, Көкпекті, Тарбағатай, Зайсан аудандарын біріктіретін, ҚХР-мен көліктік-логистикалық дәліз саналатын Шығыс Қазақстан облысындағы стратегиялық маңызы бар Қалбатау-Майқапшағай автомобиль жолын жаңғырту объектісі – осындай жобалардың бірі. Бұл ретте нақты жағдайға қарағанда, нысан аталған мерзімде аяқ­талмайды», деді сенатор.

Сенатор жақында Зайсан ауданына жасаған сапары барысында қоғамдық белсенділер мен аудандық мәслихат депутаттары аталған мәселені тезірек шешуге қолдау көрсету туралы өтініш білдіргенін атап өтті.

«Негізгі жаңғыртылатын объек­­тінің құрылысын қайта бас­тау және ол аяқталғанға дейін­гі мәселені шешу кезеңінде не­гізгі тапсырыс беруші ретінде «Қаз­Авто­Жол» ҰК АҚ және оның мер­дігерлік ұйымдарын ай­налма жолды қалпына келтіру және оны техникалық күтіп-ұс­тауға тарту жөніндегі барлық қа­жетті жағдайды шешу жұ­мыс­тарын жүргізуді сұраймын. Өңір­­дегі әлеуметтік және эконо­ми­калық мәселелердің алдын алу мақсатында жоғарыда көр­се­­тіл­ген аудандардағы бүкіл елді ме­ке­нінің толыққанды жұмыс іс­те­уін қамтамасыз ету үшін қа­жет­ті жағдайды жасауға жәр­дем көр­­сетілсін», деді Ольга Бу­лав­кина.

Жол мәселесіне назар аудар­­ған Нариман Төреғалиев Премьер-Министрдің атына жол­­даған депутаттық сауалында Батыс Қазақстан облысын­дағы жолдардың сапасы сын көтермейтінін айтты. БҚО-ның Қазталов, Жәнібек және Бөкейорда аудандарының тұрғындары облыс орталығына баратын жолда 12-14 сағатын өткізеді. Оның бас­ты себебі – көлік жолдарының нашарлығы. Әсіресе көктем жә­не күз мезгілдерінде мұндай жол­мен жүру қиын. Депутат Прези­денттің 2019 жылы бұл мәселені шешуді тапсырғанымен, оның әлі орындалмағанына назар аударды.

«2019 жылы Қазталов – Жәнібек – Ресей Федерациясы шека­расына дейінгі 145 км және Бисен – Өнеге – Сайхын бағытын­дағы 103 км жол учаскелерінің жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, құрылыс жұмысын жүргізетін 4 мердігер компания анықталған болатын. Жобалардың құны – 57 млрд теңге. Өкінішке қарай, жоспарлағандай болмай шықты. Үш жылда небәрі 248 км жолдың 55 шақырымы ғана жасалды. Бұлай жалғаса беретін болса аталған жол учаскелерін бітіру үшін кемінде 4-5 жыл керек», деді депутат.

Сенатордың айтуынша, жол құрылысының уақытылы аяқ­талмауына бірнеше факторлар кері әсерін тигізіп отыр. Бұл жыл сайын толық қаржыландырудың жоқтығы, құрылыс материалдары құнының күрт өсуі, инертті материалдармен қамтамасыз етудегі қиындықтар, дәлірек айтқанда жүк вагондарының өткір тапшылығы. Мәселен, 2021 жылы облысқа қажетті мөлшердегі қиыр­шық тасты тасымалдау үшін айына 600 вагон жеткізу қажет болса, оның 12 пайызы ғана жеткі­зілген.

«Аталған жоспарға «Қазақстан теміржолы» акционерлік қоға­мы мен Индустрия және инфра­құрылымдық даму министрлігіне құрылыс материалдарын Ақтөбе облысынан жеткізу үшін вагон­дармен қамтамасыз етуді тапсыру, егер де бұл мәселе шешімін тап­пайтын болса көрші Ресей Феде­рациясынан өңірге қажетті құрылыс материалдарын тасымал­дауға арнайы рұқсат беруіңізді сұраймыз», деді сенатор.

Сенатор Сергей Ершов Пре­мьер-Министрдің атына жол­даған депутаттық сауалында көктемгі су тасқыны жағдайына қатысты мәселелерді көтерді. Депутат Қазақстанда әр көктем су тасқынымен қатар жүретінін атап өтті. Олардың басым көпшілігі өткен ғасырдың 60-70 жылдары салынған және қазіргі уақытта физикалық және моральдық жа­ғы­нан 40 пайызға дейін тозған бөгет­тер мен бөгеттердегі гидротех­никалық құрылыстардың жай-күйі, ал кейбір жағдайларда толық болмауы ерекше алаңдаушылық туғызады. Қазақстандағы гидро­тех­никалық құрылыстардың жартысына жуығы апатты жағдайда және жөндеуді не жаңғыртуды қажет етеді.

«Бұл мәселе бірнеше жылдар бойы Сенатта парламенттік тыңдауда, Үкімет сағатында талқы­ланды. Онда ғалымдар мен сарапшылардың қатысуымен қадамдық іс-қимылдармен кешен­ді ұсынымдар әзірленді. Үкімет, орталық және жергілікті атқа­рушы органдардың басшылары өз есептері мен жауаптарын­да еліміздің су қауіпсіздігін қамта­масыз ету бойынша қабылданып жатқан жүйелі шаралар туралы бірнеше рет сендірді, алайда ағымдағы су тасқыны, атап айтқан­да, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Ақмола, Солтүстік Қазақстан жә­не Қарағанды облыстарындағы жағдай керісінше болып отыр», деді сенатор С.Ершов.

Осыған байланысты депутат Үкіметтен су тасқынының алдын алуға және жоюға бағытталған ұйымдастырушылық, заңнамалық және кешенді сипаттағы қа­жет­ті әрі жүйелі шараларды қабыл­дауды және Палатаның таяуда өтетін отырысында жауап беруді сұрады.

Сенатор Андрей Лукин Ми­­нистр­лер кабинетінің басшы­сының атына жолдаған депу­таттық сауалында кәсіпкерлердің құ­қықтарын қорғауға қатысты мәсе­лелерді атап өтті. Депутат бизнес өкілдері тексеру тағайын­дал­ған және жүргізілген кезде, оның ішінде мораторий мен карантин кезеңінде анықталған заң бұзушылыққа шағым айтқанын жеткізді.

«Шағын бизнес бақылау және қадағалау органдары тарапынан елеулі қиындықтарға тап болып отыр. 2020 жылы әрбір 3-ші тексеру шағын кәсіпкерлік субъектісінің қызметіне болды. Бұл ретте әрбір 5-ші тексеру кәсіпкерлердің құқықтарын бұза отырып жүргізілді. Осылайша, тиісті органдар кәсіпкерлердің қызметіне тексеру жүргізу кезінде олардың құқықтары 12 мыңнан астам бұзылу деректері болғанын анықтады», деді А.Лукин.

Депутаттың айтуынша, заңсыз қозғалған 8 745 әкімшілік іс жүргізу, шектеу шараларын заңсыз қолданудың 2 665 фактісі, уәкілетті емес тұлғалардың 93 рет тексеру тағайындағаны, еш негіз­сіз 38 тексеру, өзге де 86 заң бұзу­шылық болғаны анықталды. Сенатор осыған байланысты Премьер-Министрден осы заң бұзу­шылықтарды жоюға көмекте­суді сұрады.

«Уәкілетті органдардың тексеру мен бақылаудың өзге де түр­лері бойынша қызметін мемле­кеттік бақылаудың уақтылы­лығын қамтамасыз ету, бақылау және қадағалау органдары­ның қызметіндегі бақылау іс-шараларын сапалы және тиімді жоспарлауға мән берген жөн. Оның ішінде тәуекелдерді баға­лаудың ведомстволық жүйе­сін жетілдіру арқылы ұйым­дас­тыруды, сондай-ақ кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласу факті­лері бойынша қолданыстағы заң­намаға лауазымды адамдардың жауапкершілігін қатаңдатуға ба­ғытталған өзгерістер мен толық­тырулар енгізу жөнінде бастама жасау мүмкіндігін қарастыруды сұраймын», деді сенатор.

Депутат сонымен қатар қара­мағындағы қызметкерлердің іс-әрекетіне тиісті бақылауды қам­тамасыз етпеген бақылау және қадағалау органдарының кінәлі лауазымды тұлғаларымен қатар, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар басшыларының да тәртіптік жа­уаптылығы туралы мәселені қарауды сұрады.фс