• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 08 Сәуір, 2022

«Интеллигентно...»

458 рет
көрсетілді

Газет бетінде түрлі мәдени-рухани, әдеби мақалалар жазып жүрміз. Мәселен, оқырманға ұнаған кітап, өлең, спектакль, кино, ән... Аталған көркем шығармалардың ішінде халық қазір кино мен әннен ғана алыстамаған секілді. Иә, белгілі бір деңгейде. Кейінгі уақытта отандық фильмдер жиі түсіріліп жатыр. Айталық, өмірде болған оқиғаларға құрылған «5:32» деректі сериалының қаралымы жақсы болды. «Мұқағали», «Ахмет. Ұлт ұстазы», «Мұқағали. Бұл ғасырдан емеспін...», т.б. телесериалдар бұл секілді жаппай көрілген жоқ. Ал көптеген жас бүгінде кімнің әнін тыңдап жүр? Қандай әнге билеп жүр? Әрине, «ИК». «Кеттік, бәрін таста» немесе «Не әңгіме? Не әңгіме?».

Аз уақыттың ішінде айран-асыр абыройға кенелген «Ирина Кайратовна» қоғамға насихаттық әндер алып келді. Сонысымен де ерекшеленді. Қазақстан жастарының көбі дерлік ИК-ның әндеріне билейді (тіпті біз де). Олар талантты: музыка жазуда, оны көрерменге ұсынуда һәм сапалы бейнеролик түсіруде. Әрине, ең алдымен, олардың идеялары сәтті шығуда. Сол үшін де әр жаңа әні медиа кеңістікте дүмпу туғызады. Және олар ақылды: қазіргі жастарға, заманауи платформаға не ұнайтынын, қандай форматты қалайтынын біледі. Сол үшін де үгітшілік көзқарас ұстанады: өзіндік стиль және халық қызығуы үшін. Яғни өнер үшін емес. Иә, «ИК»-ның миллион қаралым жинап, әр кешінде ине шаншыр орын болмай, тіпті кешіккендер сыймай қалатын атақ-даңқы таза өнер үшін деген көзқарастан тумағаны анық. Қалай десек те олардың әр туындысы жастар арасына бұзып-жарып кірді. Бұл шындық «Ирина Кайратовнаны» тарихта қалдыруы да әбден мүмкін.

Айтпақшы, жуырда «ИК»-ның жаңа әні шықты: «Көк ту». Бір қарағанда, ту туралы патриоттық ән бе дерсіз... Алайда онда менталитетімізден бастап 19 миллион теңгеге дейін сөз болады. Әдеттегідей, ән бір тақырыпқа ғана құрылмаған, үш тілде қырық жамау ой айтады. Әсіресе, «Қу, қусаң, интеллигентно қу» сөйлемі кең таралып кетті,

«Желбіретіп көк туды

Boys in the hood.

Кім қандай жүз?

Кімде қандай ру?

Бұл, біздің менталитет

қой бұл!

Қу, қусаң, интеллигентно қу!

True бол! True сөйле!

True, true, true...»

P.S. Бәлки, музыкадағы өзіндік стилімен, медиа үшін қолданатын пропагандалық ойларымен, мағынасыз сөздерімен ерекшеленетін «әншілер» туралы сөз қозғау – деңгейсіздік дерсіз. Алайда бұл – жастардың таңдауы. Біздің қоғамда естіліп жатқан ән...