• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
Қазақстан 28 Наурыз, 2022

Сайлау процесін жаңғырту – уақыт талабы

245 рет
көрсетілді

ҚХА-ның Маңғыстау облыстық филиалының ғимаратында Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) төрағасы Нұрлан Әбдіров саяси партиялардың, ҮЕҰ, БАҚ өкілдерімен, қоғамдық пікір көшбасшыларымен, блогерлермен, осы облыстағы сайлау комиссияларының мүшелерімен үлкен кездесу өткізді. Іс-шараға 260 адам қатысты, деп хабарлады Орталық сайлау комиссиясының баспасөз қызметі.

Кездесу барысында Президенттің Жолдауындағы сайлау процесін жаңғырту жөніндегі бастамасы кеңінен талқыланды. Қатысушылар мажоритарлық жəне пропорционалды сайлау жүйелерін енгізу, электронды дауыс беру, сайлаушылардың бірыңғай электронды тізімін қалыптастыру мəселелеріне ерекше назар аударды. Бұдан басқа, сайлау процесінің ашықтығы мен жариялылығын, оның ішінде аумақтық жəне учаскелік сайлау комиссияларының қызметін қамтамасыз ету, ұлттық байқаушылардың мəртебесін, олардың құқықтары мен өкілеттіктерін арттыру, сайлау учаскелерін бейнебақылау камераларымен жарақтандыру қажеттігі туралы мəселелер қозғалды.

Жұртшылық облыстың мұнай кен орындарында вахталық əдіспен жұмыс істейтін сайлаушыларға дауыс беру үшін оңтайлы жағдай жасау, мүгедектігі бар сайлаушылардың қажеттіліктерін ескере отырып, сайлау учаскелерінің инфрақұрылымын жетілдіру, олардың физикалық қолжетімділігін жəне тиісті жарақтандыруды қамтамасыз ету жөніндегі ұсыныстарды алға тартты. Сондай-ақ кездесуге қатысушылар жастардың құқықтық сауаттылығы мен сайлау мəдениетін арттыру қажеттігін атап өтті. ОСК төрағасы бұл мəселеге қолдау білдіре отырып: «Өңірлерде өтіп отырған кездесулерде мен жастардың сайлау процесіне деген қызығушылығын байқап келемін. Олар өздерінің креативті идеяларын алға тартып келеді. Ендігі біздің міндетіміз – жастарға қолдау көрсету, оқыту жəне дұрыс бағыт-бағдар беру», деді.

Бұдан басқа, жұртшылық Қазақстан Конституциясына жəне сайлау заңнамасына енгізілетін барлық жаңа түзетулерді қабылдау алдында оларды халықпен талқылау қажет жəне мұндай талқылауды жүргізу маңызды деп атады. Сондай-ақ осы іспетті талқылау жəне түсіндіру жұмыстары бірінші кезекте мемлекеттік тілде жүргізілуі тиіс деген өз ойларын білдірді. Кездесу қорытындысы бойынша қоғам өкілдері ОСК басшылығына сайлау процесіне қатысушыларға өз пікірлерін алға тартып, сайлау процесін жетілдіру жөнінде бірқатар нақты ұсыныстарды көтеруге мүмкіндік туғызып отырған осындай кездесу үшін өз алғыстарын білдірді.

Осы күні Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар жəне инжиниринг университетінде ОСК төрағасы ЖОО жəне колледж студенттерімен кездесті, онда электораттық процестің көптеген өзекті мəселелері талқыланды. Студенттер дауыс беру құпиясын, сайлау процесінің ашықтығы мен қоғамдық мониторингті қамтамасыз ету, сайлау комиссиялары мүшелерінің құқықтары мен өкілеттіктері мəселелері бойынша өз қызығушылықтарын танытты. Олар сайлау комиссияларының мүшелеріне өз қызметін жүзеге асыру кезінде нақты не істеуге жол берілмейтіні, сайлауға қатыса алмайтын азаматтардың мəселелері жөнінде сұрақтар қойды.

Сондай - ақ болашақ сайлау науқандарында блокчейн-технологияларды енгізу, электронды дауыс беру бойынша белсенді пікірталас өтті. Бірқатар студенттің пікірінше, заманауи технологияларды қолдану бүкіл электорат үшін дауыс берудің қолжетімділігін, оны қорытындылаудың тиімділігін қамтамасыз етеді, сонымен қатар сайлаушылардың сайлау институтына деген сенімін арттырады. Бұл ретте, кездесуге қатысқан жекелеген адамдар электронды дауыс беру өз кезегінде тиісті қауіпсіздік пен оның құпиялығын сақтау жолында қауіп-қатерлерге əкеп соқтыруы да мүмкін деген пікір білдірді. Студенттер Президенттік сайлау кезінде сайлау алдындағы пікірталас өткізуді ұсына отырып, пікірсайыстарға кандидаттардың сенімді тұлғалары емес, кандидаттардың өздері міндетті түрде қатысуы тиіс деген өз ойларын алға тартты.

Кездесу қорытындысы бойынша Нұрлан Əбдіров белсенді жəне тартымды диалог үшін жастарға өз ризашылығын білдірді.

Маңғыстау облысына дейін ОСК төрағасының осы сияқты кездесулері Қызылорда, Атырау, Түркістан, Ақтөбе, Ақмола облыстарында, сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласында өтті. Келесі жұмыс сапары Жамбыл облысына жоспарлануда.