2021 жылы Қазақстанның 628 елді мекенінде Интернет сапасы жақсартылды. Биыл тағы да 140 ауылда осындай жұмыстар жүргізілмек, деп хабарлайды Egemen.kz Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің Facebook парақшасындағы жазбаға сілтеме жасап.
«Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа министрліктің былтырғы атқарған жұмыстарының қорытындысы, Президент тапсырмаларының жүзеге асырылуы, цифрландыру және IT саласының даму перспективасы жөнінде есеп бердім.
Осы бағыттағы жұмыстарға тоқталсақ, ең қажетті 18 құжатты цифрлық нұсқаға ауыстырдық, 2021 жылы бұл қызметтерді 32 млн адам алған. Жеке деректерді қорғау шараларын міндетті түрде сақтай отырып, мемлекеттік цифрлық сервистерді сыртқы платформаларға шығарып жатырмыз (мысалы, Kaspi/Halyk). Былтыр 70 млн онлайн қызмет көрсетілген, соның ішінде 20 млн #eGovMobile қосымшасы арқылы ұсынылды», деді министр.
Оның айтуынша, Президент тапсырмасына сәйкес ұялы байланыс операторларына қатысты бақылау шараларын күшейту және байланыс сапасын өлшеудің жаңа алгоритмдерін қолдану арқылы «цифрлық теңсіздікті» жою жұмыстары жүріп жатыр. 2021 жылы 628 елді-мекенде Интернет сапасы жақсартылса, биыл тағы да 140 ауылда осындай жұмыстар жүргізілмек.