Америкалық дипломаттар Қазақстанның банк секторының кәсіпкерлері мен өкілдеріне АҚШ енгізген санкциялар шеңберінде бизнес жүргізу ерекшеліктері туралы түсіндірді, деп хабарлайды Egemen.kz ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«ҚР СІМ және АҚШ-тың ҚР-дағы Елшілігі «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен Қазақстанның банк секторының кәсіпкерлері мен өкілдеріне, сондай-ақ Қазақстанда филиалдары бар шетелдік компанияларға санкция мәселесі жөнінде кезекті қазақстандық-америкалық онлайн-консультация ұйымдастырды.
Іс-шараның негізгі мақсаты қазақстандық бизнес пен екінші деңгейлі банктерге АҚШ санкцияларының күтпеген ықпалын азайту, сондай-ақ сыртқы саудаға кері әсерін азайту» делінген хабарламада.
Сондай-ақ, Америкалық дипломаттар АҚШ енгізген санкциялар, шектеулер режимі шеңберінде бизнес жүргізу және транзакциялар жасаудың ерекшеліктері туралы егжей-тегжейлі түсіндірген.
Тараптар қазақстандық экономикаға санкциялардың ықпалын азайту мақсатында ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруға келісті.