• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 11 Сәуір, 2022

Оралдағы жаңа әуе терминалы

305 рет
көрсетілді

Орал халықаралық әуежайына Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың есімі берілгенін айтып, сүйінші сұрағанымыз кеше ғана еді. Енді міне, батыр қыздың есімін иемденген әуежайдың су жаңа ғимараты әуе жолаушыларына есігін айқара ашты.

Орал қаласына ұшақпен келіп-кетіп жүргендер біледі, соңғы екі жылдан бері әуежай ғимараты жөндеуге жабылып, жолаушылар уақытша қойылған қуықтай жерде тіркелуге мәжбүр еді. Әсіресе бұл көрініс Ақжайық өңіріне алғаш келген адамға есінен кетпестей жағымсыз әсер қалдыратын. Бұрынғы әуежай ғимараты әуелі күрделі жөндеуге жабылып, кейін оның іргетасындағы ақауға байланыс­ты мүлдем жаңа жоба қабылданған. Осылайша, екі жылға созылған құрылыс сәтті аяқталды. Сәуірдің 7-сі күні жаңа әуе терминалының тұсаукесер рәсіміне Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Камалиев арнайы қатысты.

– Биыл қазақтың қаһарман қызы Мәншүк Мәметованың туғанына 100 жыл толу құрметіне облыс жұртшылығы батырдың есімін әуежайға беруге ұсынған еді. Ол тілекке Үкімет басшысы құлақ асып, жақында ресми қаулы шықты. Міне, бүгін су жаңа ғимаратты ашып отырмыз. Әрине, құрылыс кезінде біздің жерлестеріміз, қала қонақтары көп қиындыққа, қолайсыздыққа кез бол­ды, сынға да ұшырадық. Бірақ біз қалайда жолаушыларға сапалы, ыңғай­лы терминал салуды ұйғардық. Сондық­тан бұл жобаның «басы қатты, аяғы тәт­ті» болды деген ойдамын. Осы жоба­ға қаржы бөлген, қолдау көрсеткен «Қара­шы­ғанақ Петролеум Оперейтинг б.в.» компа­ниясына, бас мердігер, оралдық KazConstructionGroup компаниясына, терминал маңын абаттандыруға атсалысқан белгілі бағбан Қайрат Кәрімовке алғыс айтамын, – деді өз сөзінде Батыс Қазақтан облысының әкімі Ғали Есқалиев.

Құрылысына 6,6 млрд теңге жұмсалған Орал халықаралық әуежайының жаңа терминалы өңірдегі туризмнің дамуына, жолаушылар ағынын ұлғайтуға, жаңа халықаралық бағыттарды ашуға, әуе көліктері арқылы жүк айналымын арт­ты­руға қуатты серпін береді деген үміт бар.

Ғали Есқалиев жаңа әуежай құры­лысында 60 пайызға дейін қазақстандық материалдар мен өнім пайдаланылғанын мақтанышпен айтты. «Бұл еліміздің әлеуетін, отандық компаниялардың жоға­ры деңгейін көрсетеді. Енді біздің Орал қаласын Қазақстанның батысындағы нағыз әуе қақпасы деп айтуға болады. Еуропаға ең жақын облыспыз. Сондықтан өңірде туризм бағыты дамиды деп ойлаймыз. Енді жаңа әуе бағыттарын ашуға, жүк тасымалдайтын мүмкіндік ашылады, бұл экономикаға серпін береді деп ойлаймын. Алысты жақын ететін нысан құтты болсын», деді әкім.

Халықаралық әуежай терминалының аумағы – 10 мың шаршы метр. Жолау­шыларды өткізу қуаты жылына 600 мың адамға дейін деп есептелген. Жаңа нысанның инженерлік-технологиялық құры­лымына жауапты «Инфратек» компа­ниясының өкілі Андрей Қабановтың айтуынша, әуежай бір сағатта 400 жо­лау­шыға дейін қатар қызмет көрсете алады.

– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев­­тың тапсырмасымен еліміздің барлық өңіріндегі әуежайлардың транспорт­­­тық инфрақұрылымын дамыту жөнінде кешенді шаралар қолға алынды. Әсіресе батыс өңірдегі Ақтөбе, Атырау, Ақтау әуежайларымен бірге, міне, Орал қаласы­ның да байырғы әуежайы жаңа терминалын ашып, үлкен мүмкіндіктерге жол ашты. Бұған атсалысқан «Қарашығанақ Петро­леум Оперейтинг» компаниясы бас­шыларына министрлік атынан алғыс ай­тамыз. Министрлік тарапынан Орал әуе­жайын елімізде «Ашық аспан» қағидасы бойынша жұмыс істейтін жүйеге қосуға көмек жасалады. Әуежайды одан әрі дамыту үшін Қазақстанның ішіндегі барлық өңірмен әуе қатынасын жалғау, шетелдерге жаңа рейстер ашу қажет. Қазіргі уақытта Оралдан Нұр-Сұлтан, Алматы және Түркістан қалаларына, Германияның Франкфурт қаласына әуе рейстері бар. Болашақта халықаралық әуе қатынастары ұжымының шешімі бойынша шетелден келетін авиакомпанияларды іске қосу үшін Азаматтық авиация комитетіне тапсырма берілді, – деді өз сөзінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Камалиев.

Оралдың жаңа терминалында 6 тіркеу үстелі бар. Бір ерекшелігі, бұл тіркеу орындары әмбебап, ешқандай авиаком­панияға байланбаған. Яғни кез келген бағыт­қа баратын жолаушы кез келген ба­ған­нан тіркеле береді. Сонымен бірге жолау­шының өзі де автоматты түрде тір­ке­ліп, жүгін өткізе алады. Қысқасы, жо­­лаушы үшін барлық жағдай жасалған. Тер­­миналдың қауіпсіздік жүйесі ең за­манауи құрылғылармен жабдықталған. Жоғарыда айтылғандай, әуежай құры­лысында пайдаланылған әйнек, кера­микалық тақта, санфаянс, жиһаз және т.б. материалдар – елімізде шығарылған өнім.

Айта кетейік, әуежайдағы барлық құрылғы бір ай бойына сынақ режімінде жұмыс істейтін болады. Бірақ бұл жолау­шылардың алаңсыз ұшып-қонуына ке­дергі жасамайды. Осы жобаның бас мер­дігері – KazConstructionGroup ЖШС бас директоры Мұратбек Мұхамбедиев қасиетті Рамазан айында ашылып жатқан әуе­жайдың жаңа ғимаратына құтты болсын айтып, терминал құрылысында заманауи технологиялар қолданылып, халық­аралық стандарттарға сәйкес жүргіз­іл­генін, 250-ге жуық адам екі жыл еңбек ет­кенін жеткізді. Компанияның бірнеше қызметкері Мұхит Темірбаев, Сержан Ахмет, Дәурен Килажев, Алмас Иман­ғалиев, Ернияз Күдіреевтер облыс әкімінің алғысхатымен марапатталды.

Мәншүк Мәметова атындағы халық­аралық әуежай ғимаратының айналасы да ерекше абаттандырылған. Орал қала­сында орналасқан С.Исаев атындағы халық­аралық эксперименталдық бақтың иесі, белгілі бағбан-ғалым Қайрат Кәрі­мов әуежай айналасын жергілікті климат жағ­дайына төзімді және ерекше көрікті тал-терекпен көмкеріп шығыпты. Былтыр күзде отырғызылған балапан теректер­дің көркі жыл өткен сайын көз арбай­тыны анық. Қазірдің өзінде әуежай ғима­ратының алдындағы Ниваки қарағайы осы әуежайдың ерекше белгісіне айналғандай.

Таяу болашақта Орал әуежайынан жаңа бағыттар ашылатыны белгілі болды. Мәселен, енді оралдықтар Амстердам, Мәс­кеу, Киев, Ыстанбұл, Санкт-Петер­бург, Әбу-Даби, Атырау, Шымкент қала­лары­на тіке ұшып бара алады.

 

Батыс Қазақстан облысы