Қазақстанның жасөспірім теннисшілері Үндістанның астанасы – Нью-Делиде өтіп жатқан Juniors Billie Jean King Cup іріктеу турнирінің жартылай финалына шыға алмады.
Ширек финалда отандастарымыздың жолы Аустралия құрамасымен қиысты. Айя Нұпбай мен Асылжан Арыстанбекова жекелей сында қарсыластарына есе жіберді. Жұптық сында жеңіліп жатқан аустралиялықтар бәсекені жалғастырудан бас тартты. Соған қарамастан, олар 2:1 есебімен жеңіске жетті. Енді қыздарымыз Өзбекстан құрама командасымен бесінші орын үшін таласады. Сондай-ақ дәл осы қалада 16 жасқа дейінгілер арасында Дэвис кубогының іріктеу сайыстары басталды. Бұл бәсекелерде Қазақстан намысын Данир Қалдыбеков, Әмір Оралханов және Виталий Зацепин қорғауда.
Ал АҚШ-тың Чарльстон қаласында жалауы желбіреген жарыста Қазақстанның ең таңдаулы екі теннисшісі екінші кезеңде сүрінді. Елена Рыбакина украиналық Ангелина Калининадан ұтылды – 4:6, 6:2, 4:6. Юлия Путинцева америкалық Аманда Анисимовадан айласын асыра алмады – 1:6, 2:6.