• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Аймақтар 12 Сәуір, 2022

Қауіптің беті қайта бастады

166 рет
көрсетілді

Қостанай облысында көктемгі су тасқынынан қауіп төнуі мүмкін аудандар тікұшақ арқылы бақылауға алынып, қарғын судан келетін қауіп деңгейі күнделікті мониторинг жүргізу арқылы анықталуда. Екі күнге созылған әуеден бақылау жұмыстарының нәтижелерін алға тартқан Төтенше жағдай департаментінің өкілдері өңірде су тасқыны жағдайының тұрақты екенін айтып отыр.

Өткен сенбіде облыс әкімінің орынбасары В.Ионенко мен облыстық Төтенше жағдай департаментінің басшысы, азаматтық қорғаныс полковнигі Біржан Кәрімов бастаған жұмыс тобы «ЕС-145» тікұшағымен облыс орталығының маңайына, сондай-ақ Қостанай, Әулиекөл, Науырзым аудандарының аумағына әуеден бақылау жүргізді. Мониторингтік топ мінген тікұшақ Наурызым ауданының Буревестник ауылына қонып, ауыл ішінде орналасқан бөгеттердегі еріген қар суынан төнетін қатер жоқ екенін анықтады.

– Әулиекөл ауданындағы Диев елді ме­кенінің төңірегінде, Наурызым өңіріндегі Өлең­ді ауылының маңайында әлі де қар жатыр. Дегенмен, біз ұшып өткен үш ауданның аума­ғын­да қардың көбі еріген. Сай-салада жатқан қы­зыл судан елді мекендерге төніп тұрған қауіп жоқ. Зерттеу нәтижелері бойынша Наурызым ауда­нының әкімі Қ.Әбішевке Буревестник ауы­лында да, жалпы Наурызым ауданы бойынша да белсенді қар еру кезеңінде су тасқыны қаупін азайту және төтенше жағдайларға жол бермеу бойынша тапсырмалар берілді, – деді бұл жөнінде облыстық ТЖД басшысы.

Аталған жұмыс тобы жексенбі күні Алтын­сарин, Қарасу аудандары мен Әулиекөл ауданының шығысында әуеден барлау жұ­мыстарын жүргізіп, Қостанай ауданына қа­расты Рыбное, Свердлов, Алтынсарин ауда­­нындағы Новоселов, Қарасу өңіріндегі Восток, Қарамырза, Кошевой, Целинный, Ок­тябрь­ский, Көктал елді мекендерінің ма­ңайындағы су тасқынынан төнетін қауіп дең­гейін анықтады.

Төтенше жағдай мамандарының мәліме­тінше, өңірде су тасқынынан келетін қауіптің беті қайтқан сыңайлы. Бірақ биыл облыстың оңтүстік аудандарында қарғын судың қар­қыны қатты болды. Салдарынан кейбір елді мекендердің арасында жол қатынасы үзіліп қалып жатыр. Мысалы, таяуда Арқалық қа­ла­­сы маңындағы елді мекендерге баратын жол­дың суағарын қызыл су жырып кетіп, оның үстінде пайда болған шұңқырға далада жайылып жүрген жылқы құлаған. Сондай-ақ Жангелдин ауданының орталығы, Торғайдан Ақшығанақ ауылына баратын жолдың 15 және 25-ші шақырымы бұзылған. Ал Арқалық қаласының шетіне орналасқан жер үйлердің ішіне аула мен көшедегі еріген қардың суы кіріп кеткен.

 

Қостанай облысы