Бүгін – ғарышкерлер күні. Осыдан 61 жыл бұрын алғаш рет адамзат баласы аспанға ұшып, ғарышқа самғады. Сол сәттен бастап әлем тарихында жаңа дәуір басталды. Тәуелсіздік таңы атқан тұста елімізде де ғарыш саласына ерекше мән берілді. Нәтиже жаман емес. Үш бірдей қазақ ғарышкер атанды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бұл күнге дейін жер шарындағы 7 млрд адамның 600-ге жуығы ғарышқа ұшқан. Оның үшеуі қазақ. Тоқтар Әубәкіровтің ізімен Талғат Мұсабаев және Айдын Айымбетов орбитаға аттанды. Сапар барысында 39 ғарыштық эксперимент жасалды. Осының арқасында Қазақстанның ғарыш ғылымын халықаралық қауымдастық мойындады.
1991 жылы 2 сәуірде қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіров Кеңес Одағы Ғарышкерлер даярлау орталығында ғарышқа ұшу дайындығына кірісіп, сол жылы 2 қазанда Байқоңырдан «Союз ТМ-13» кемесімен ғарышқа ұшып, қазанның 10-ында Жерге қайтып қонды.
Қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер, Кеңес Одағының Батыры, Қазақстан Республикасының Халық қаһарманы, техника ғылымының докторы, профессор Тоқтар Әубәкіров 1946 жылы маусымның 27-інде Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы, «1-інші май» ұжымшарында дүниеге келген. 1969 жылы Ресей Федерациясындағы Армавир жоғары әскери ұшқыштар училищесін, 1979 жылы авиация институтын бітірген.
Талғат Мұсабаев – қазақтың 2-ші, ал әлемнің 309-шы ғарышқа үш рет ұшқан ғарышкері. 1994 жылғы маусымның 1-інен қарашаның 4-іне дейін «Союз-ТМ» ғарыш кемесінің борт-инженері ретінде ғарышта болып, 2 рет ашық ғарыш кеңістігіне шықты.
Қазақстан Республикасының және Ресей Федерациясының ұшқыш-ғарышкері, Қазақстан Республикасының Халық қаһарманы және Ресей Федерациясының Батыры, авиация генерал-лейтенанты, техника ғылымының докторы, «Экология» Қазақстан халық академиясының академигі Талғат Амангелдіұлы Мұсабаев 1951 жылы 7 қаңтарда Алматы облысы, Жамбыл ауданының Қарғалы ауылында дүниеге келген.
Айдын Айымбетов 2015 жылғы 2-ші қыркүйекте ғарышқа ұшып, үшінші қазақ ғарышкері атанды. «Союз ТМА-18М» басқарылатын ғарыштық кемесі Байқоңыр ғарыш айлағынан елорда уақытымен сағат 22:37 минут өткенде аттанды. Халықаралық экипаж құрамында ресейлік ғарышкер, №1 бортинженері Сергей Волков, Дания Корольдігінің астронавты Андреас Могенсен және №2 бортинженері Қазғарыш ғарышкері Айдын Айымбетов болды.
10 күнге созылған сапарда Айдын Айымбетов ғарыштағы 5-інші ұлттық ғылыми зерттеу бағдарламасын орындады. Алғашқы 4 бағдарлама 1991 жылы Тоқтар Әубәкіровтің және 1994, 1998, 2001 жылдары Талғат Мұсабаевтың ғарыштық сапарларында атқарылған еді.