• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Медицина 13 Сәуір, 2022

Ғасырмен құрдас қарияға операция жасады

381 рет
көрсетілді

Медициналық технологиялар дамып, заманауи дәрі-дәрмектер жетілдірілген сайын адамдардың өмірі ұзарып, бұрын емге көнбейтін кеселдердің көпшілігінің шипасы табылып тұр. Егер науқастың жағдайы көтерсе, жасына қарамай күрделі оталар жасалынып, дерттің дауасы табылып жатқаны сирек оқиға емес. Мәселен, жуырда Алматы қаласындағы №7 қалалық клиникалық ауруханасының дәрігерлері 100 жастағы кейуанаға сәтті операция жасады.

«Қалқаман» шағын ауданын­да­ғы №7 аурухананың қабылдау бөлімшесіне 1922 жылы туған науқас жедел жәрдеммен келген. Орын әжей үйінде құлап, жарақат алып, жақ жамбас буыны ауырғаннан кейін ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер дереу диагностикалық зерттеулерді жүргізіп, сол жақтағы сан сүйе­гі­нің мойын бөлігі іштен сынып, орнынан жылжығанын анықтайды. Осыдан кейін пациент­тің аяқ-қолдарды бү­гу­ге, босатуға келмей, сын­ған жақ бөлігі қатты ауыр­тып тұр­ғандықтан, шұғыл хи­рур­­гия­лық ота жасауға ше­шім қа­был­да­нады. Әдетте, егде жас­та­ғы адамдардың фе­мо­раль­ды мо­йын сүйегі сын­ған кезде кон­сер­вативті ем кө­мек­тес­пейді.

Дәрігерлер науқастың жасы ұлғайғанын, басқа да ауру­ла­ры­ның бар екендігін ескере отырып, кардиолог, интернист, анес­тезиологтермен бірге кеңеседі. Опе­рациялық бригададағы трав­матологтер Р.Әскеров, Б.Өте­шев, анестезио­­­лог-реаниматолог М.Датбаев пен медбике Ж.Төленова осы отаны сәтті өткеруге бір кісідей атсалысып, сол жақ жамбас буынына Strayker протезімен тотальды цементсіз артроплас­тикасы жасалынды. Медицина мамандары операция жоғары дең­гейде өткенін, осы­лайша №7 аурухананың дәрі­герлері ғасыр жасаған па­циент­ті аяғына тұр­ғыз­ғанын айтады.

Травматолог-дәрігер Бауыр­жан Өтешев сәтті атқа­рыл­ған ота науқасты бірден ширатып, екінші күні Орын әжей жан­сақ­тау бөлімінен поли­трав­ма бө­лімшесіне ауысты­рыл­ғанын жеткізді.

Ең қызығы, дәрігерлер 100 жастағы науқастың сүйек тіндері жасына сәйкес келмейтінін, минералды тығыздығы жоғары, бұл 50 әрі кетсе 60 жастағы адам­дарға тән екендігін айтады.

Орын әжейдің қызы осы­ның барлығы алдымен таңер­­теңгі гимнастика мен гигие­на­лық тазалықпен басталатын анасының күнделікті өмір сал­ты­ның арқасында екендігін жеткізді. Бір жағынан дұрыс тамақ­тана білу де оң әсер етеді. Ол кісі тек қолдан үйде пісі­ріл­­­ген азық-түлікті аз-аздан, бел­гілі бір уақытта ғана жейді. Қуы­рылған тағамдарға жоламайды, айран-сүтті көбірек ішеді. Айтқандай, ол 10 баланы дүниеге әкеліп, біраз немере, шөберенің қызығын көріп, 6 шөпшек сүйген бақытты әже.

Қазіргі уақытта науқастың жағ­дайы бірқалыпты, өзін жақ­сы сезінеді. «Төсекке таңы­лып қалмағаным үшін бірін­ші Аллаға шүкір! Одан кейін дәрігерлерге мың алғыс! Анес­­тезияны жеңіл көтердім. Ша­ма­сы, заманауи препараттар жақсы әрі дәрігерлердің ма­ған деген қамқорлығы өте үлкен болды. Оларға өте ризамын. Қазір жағдайым жақсы», дейді ғасыр жасаған Орын Байжомартова.

 

АЛМАТЫ