ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Аграрлық азық-түлік нарығы және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу департаментінің директоры Назгүл Хатепова елдегі қырыққабат бағасының өсу себептерін атады, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Бүгінгі таңда республика бойынша қырыққабат қоры 20 мың тоннаны құрайды. Бұл көлем алдағы уақытта Түркістан облысында күтіліп отырған ерте қырыққабатты жинау басталғанға дейін ішкі қажеттілікті қамтамасыз ету үшін жеткілікті. Биыл ерте қырыққабат алқабы 8 мың гектарды құрады, бұл шамамен 170 мың тонна қырыққабат жиналатынын білдіреді. Бұл көлемдер ішкі нарықты жабу үшін де, белгілі бір көлемдерді нарықтарға экспорттау үшін де жеткілікті», деді ҚР АШМ агроазық-түлік нарығы және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу департаментінің директоры Назгүл Хатепова.
Оның айтуынша, облыс әкімдіктері Түркістан облысының фермерлерімен өңірлерге 3,5 мың тонна қырыққабат жеткізу туралы келісімшарттар жасаған.
Сонымен қатар департамент директоры атап өткендей, маусымаралық кезеңде, яғни жыл басында көкөністер бағасының өсуі дәстүрлі түрде байқалады.
«Бағаның өсуі болды, бірақ қырыққабат ішкі нарыққа ерте түскен сәттен бастап баға тұрақтанады деп күтеміз. Жалпы, қазіргі уақытта ішкі нарықта қырыққабат тапшылығы байқалмайды», деді Назгүл Хатепова.