Ақпанның соңы, наурыздың басы қаржы секторы үшін қатерлі басталды. Тегеурінді интервенцияларға қарамастан теңге өз салмағын жоғалтып алды. «Сыныққа сылтау таппай» тұрған инфляция да аспанға ұшты. Ресей мен Украина арасындағы соғыстың ушығуы, әсіресе, шикізаттық тауарлар бағасының қымбаттауына, нарықта тәуекелдердің артуына әкеліп соқтырған.
Қаржы нарығында бұл құбылмалылық әлі сақталып отыр. Соған қарамастан соңғы бір апта көлемінде төл валютамыз біршама күшейді. Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекованың айтуынша, қадағалаушы тарапынан қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету және теңге бағамын тұрақтандыру үшін бірқатар шара қабылданды. Наурызда Ұлттық банк 990,5 млн долларға валюталық интервенция жүргізді. Ұлттық қордан бюджетке 891 млн доллар мөлшерінде трансферттерді жүзеге асыру үшін сату, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілерінің 233,4 млн доллары мөлшерінде валюталық түсімнің бір бөлігін сатуы теңгеге қолдау болған.
Сонымен бірге Президенттің ел аумағынан сыртқа 10 мың доллардан артық қаражат шығармау туралы Жарлығы да валюта тұрақтылығына септескендей. Осындай шаралар нәтижесінде теңге бір айда 5,7 пайызға нығайып, наурыздың соңына таман 467 теңге болды. Әрине, бұған геосаяси шиеленістің белгілі бір деңгейде баяулауы да әсер еткені сөзсіз. 11 сәуірдегі жағдай бойынша 1 доллар 449,63 теңгеден саудаланды. Теңгені осы межеге дейін күшейту үшін елеулі түрде доллар сатылды, яғни валюталық интервенция жасалды. Ал ол өз кезегінде алтын-валюта қорына әсерін тигізді. Бір ай ішінде алтын-валюта активтері 310 млн долларға төмендеген. Қордың құрамында алтын үлесі басым. Ә.Молдабекованың айтуынша, геосаяси аренадағы шиеленістің сақталуына байланысты бағалы металдар бағасы жоғары деңгейде қалып отыр.
«Алтын-валюта резервтерінің теңгерімді құрылымын қолдау және олардың өтімділігін арттыру мақсатында бағалы металға сұраныс жоғары болған жағдайда, Ұлттық банк алтынды тұрақты валютаға сатады. Біз халықаралық резервтерді әртараптандыру үшін алтын үлесін қысқартуды жалғастырамыз», дейді Молдабекова.
Наурызда Ұлттық қордағы валюталық активтердің өзгеруіне сыртқы факторлар қалай әсер етті? Бұған ҰБ өкілі былай жауап береді: «Алдын-ала деректер бойынша, наурыздың соңында Ұлттық қордың валюталық активтері өткен айда 1,2 млрд долларға төмендеп, 52,7 млрд долларды құрады. Кепілдендірілген және нысаналы трансферттерді 470 млрд теңгеге бөлу мақсатында алдыңғы айда валюта нарығында 891 млн долларға немесе 448 млрд теңгеге активтер сатылды. Трансферттердің бір бөлігі шоттағы қалдықтар мен Ұлттық қорға түсетін теңгедегі түсімдер есебінен қанағаттандырылғанын атап өткен жөн. Бұл ретте наурызда шетел валютасындағы түсімдер 207 млн долларды құрады. Әлемдегі геосаяси ахуалдың нашарлауы, АҚШ ФРЖ және дамыған елдердің басқа да орталық банктерінің ақша-кредит саясатының күшеюі, сондай-ақ көптеген еркін конвертацияланатын валюталарға қатысты доллардың нығаюы аясында 2022 жылдың қорытындысы бойынша қорды басқарудан оң инвестициялық кіріс алу ықтималдығы шамалы болып бағаланады. Өткен айдың қорытындысы бойынша, Ұлттық қордың инвестициялық кірісі теріс қалыптасып, (-)521 млн долларды құрады. Бұл ретте Ұлттық қорды басқару стратегиясының ұзақ мерзімді екенін ұмытпаған жөн, ал соңғы 3 жылда инвестициялық кіріс 10,75 млрд доллар болды».
Жақын арадағы қаржы нарығының сценарийі мен перспективасын кесіп-пішіп айту қиын. Тәуекелдер әлі толастамай тұр. Ресей мен Украина арасындағы соғыстың қашан, қалай аяқталары болжаусыз. Осының өзі-ақ әлемдік экономиканы баяулатып, инфляцияны одан әрі жеделдетіп жатыр. Қазақстан да – жаһандық экономиканың бір бөлшегі. Сондықтан әлемдік қымбатшылық пен логистика тізбегінің бұзылуы біздің нарыққа оңды-солды кедергілер қойып жатыр. Бұл өз кезегінде біздің елдің алтын-валюта қоры мен валюта серпініне теріс әсерін тигізері сөзсіз.
«Халықаралық рейтингтік агенттіктер 2022 жылы әлемдік экономика өсімінің болжамдарын төмендетті (S&P 4,2 пайыздан 3,6 пайызға дейін, Fitch 4,2 пайыздан 3,5 пайызға дейін). Халықаралық валюта қоры да өз болжамдарын қайта қарау жоспары барын хабарлады. АҚШ-тағы жоғары инфляция мен балансты қысқарту және мөлшерлемелерді тез арада арттыру түріндегі монетарлық саясатты күрт күшейту қажеттілігі аясында рецессия тәуекелдері өсті. РФ мұнай (11 пайыз), газ (17 пайыз) және бағалы металдар (11 пайыз) бойынша ірі өндіруші екенін ескере отырып, шикізат тауарлары нарығында санкциялық тәуекелдер мен шектеулер бағаның тұрақты өсуіне себепші боларын байқаймыз», дейді Әлия Молдабекова.