«Мұғалім – мектептің жүрегі». Жүрек әу бастан тазалық, адалдық, ізгілік сияқты қасиетпен астасқан ұғым ретінде қалыптасқандықтан, ұстаздарды дәл осындай сипатқа лайық көріп, қадір тұтамыз. Бірақ кейінгі кездері кейбір мұғалімдердің біліктілігін көрсетер тұста қараулық жасап, беделіне нұқсан келтірер әрекетке баруы тазалықпен тұтасқан тұлғаға деген түсінігімізге сызат түсіріп жүр.
Бала шақтан біздің санамызда мұғалімнің тұлғасы, ең алдымен, кәсіби біліктілігінен гөрі, адами қасиеттерімен қалыптасып, мықтап бекіген. Яғни біз мұғалімдерді мамандығына адал екеніне қоса, өтірікке жаны қас, әділдікті ту еткен, ақ сөйлеп, түзу жүретін, айналасына мейірбан жан деп білеміз. Өйткені оқушыларға білім беріп қана қоймай, адамгершілікке де тәрбиелейтін ұстаздың өзі де ізгі қасиетке ие болуға хақылы. Ал осынау аяулы адамдардың қызмет барысындағы сынақта аярлыққа барып, тегіс жерден сүрінуі ұстаздар қауымының атына кір келтіріп жатыр. Бұл жерде олардың біліксіздігінен бұрын, білмегенін білдіртпеу үшін жасаған жымысқы әрекетіне қарның ашады.
Жалпы, біздің айтпағымыз біліктілік тестін тапсыратын педагогтердің ереже бұзып, келеңсіз жағдайға қалуы туралы болып отыр. Осыған дейін бірнеше сынақ кезінде кейбір мұғалімдер смартфон, шпаргалка, тіпті таралымы шектеулі, көпшілікке қолжетімсіз микроқұлаққап, микрофон сияқты құрылғыларды қолданбақшы болып көзге түсіп қалған. Туралық, әділдік тұрғысынан педагогтердің бұл тірлігі оқушыларға жақсы үлгі емес екені анық. Әрбірден соң мұндай әрекет – мұғалім этикасына, академиялық адалдыққа жат қылық.
Бұл ретте емтихан, тест сияқты сынақтар – білімнің ғана емес, академиялық адалдықтың да сыналар тұсы. Ал академиялық адалдық дегеніміз – әділдік, ашықтық, жауапкершілік, сенім, құрмет қағидаттарына сүйеніп сипатталатын ұғым. Әдетте мұғалімдер бұл қасиетке балаларды мектеп жасынан баулиды. Яғни мектептен бастап оқушыларды біреудің шығарған есебін, жазған шығармасын, қандай да бір тапсырманың дұрыс жауабын көшірмеуге, сыныптасының ой еңбегіне құрметпен қарауға, сондай-ақ сынақ кезінде дұрыс жауапқа қол жеткізудің небір қитұрқы әрекеттеріне, айла-шарғыларына бой алдырмауға тәрбиелейді. Бұл үлгілі үрдіс мектептен кейін оқу орындарында да желісін үзбей, үнемі насихаттала береді. Бүгінде әрбір білім ошағында академиялық адалдық кодексі түзілген. Оған тән қағидаттарды білім алушылармен қатар оқытушылардың да қатаң сақтауы маңызды.
Өкінішке қарай, жоғарыда келтіргендей, әшкере болып қалған мұғалім әдебіне сай келмейтін әрекеттер тыйылмай тұр. Осыдан екі жыл бұрын Ұлттық біліктілік тестілеу барысында ереже бұзған 1 200-ден аса педагог анықталса, былтыр «ұсталған» мұғалімдер саны да көрсеткіштен кем түспепті-міс. Бұл мұғалімдер тестілеу кезінде «қосымша күшке» сүйенбекші боп әрекеттенгендер ғой. Ал тест тапсырып табанынан тозбай-ақ, сынақтан сүрінбей өткенін көрсететін сертификат пен куәлікті сатып ала салған педагогтер де кездеседі. Өткен жылы Шымкентте осындай жалған анықтаманы 340 мұғалімнің алғаны белгілі болған. Солай біліктілігін арттырған мұғалімдер айлығына үстемеақы да алып келген. Бұл іске қатысты сот шешімі шығып, жалған куәлік жасаумен айналысқандар сотталған. Алайда қоғамда жалған құжат жасатқан мұғалімдерді де жауапқа тартып, педагогикалық қызметтен аластату мәселесі көтерілді.
Қалай дегенмен де, мұғалімдердің мұндай жолмен біліктілігін көтеріп, еңбекақысын көбейткені адал іс емес. Түптеп келгенде, мәселенің ұшы педагогтердің сапасына келіп тірелетіні түсінікті. Өзінің білімі мен білігіне сенбейтін маман ғана осындай қадамға барады. Мұғалім мәртебесін көтеру деген олардың еңбекақысын ғана көтеру емес, сондай-ақ сапасын да арттыру екені анық. Сондықтан айлық көбейген сайын, соған сәйкес деңгей де талап етіледі. Бұдан былай мұғалімдердің біліктілігі сыналатын сынақтар жүйелене, жетіле береді. Енді оқу бітірген мамандарға педагог қызметіне кіріспес бұрын біліктілік тестілеуден өтуі міндеттеледі. Былтыр қанатқақты жоба ретінде жүзеге асырылған бұл бастаманың нәтижесінде, тест тапсырған түлектердің 46 пайызы ғана қажетті балды жинай алған. Яғни мектепке тек біліктілігін дәлелдей алған мамандар ғана қабылданады. Бұл бұрыннан істеп келе жатқан мұғалімдердің сапасы елеусіз қалады дегенді аңғартпайды. Жалпы, «алмақтың салмағы бар» дегендей, алдағы уақытта ұстаздар қауымына қойылар талап күшейе бермек. Бастысы, мұғалімдер «мерейін өсіремін» деп абырой әкелмес әрекеттерден аулақ болса екен.