Қалалар да адамдар сияқты, олардың да мінезі, тағдыры, тарихы бар. Шаһарлар да көркейеді, кемелденеді. Кейбірі жер бетінде болмағандай ізім-қайым жойылады. Қалалардың қан тамырындай қуалай аққан арықтары да суалып, жасыл желекті ағаштары да қартаяды. Ауырады...
Айтпағымыз, жасыл қала атанған Алматының атын дүркіреткен тал-теректердің басым бөлігі қартайды. Бұрын сая болған ағаштардың көпшілігінің діңгегі шіріп тұр. Алматы қалалық жасыл экономика басқармасы басшысының міндетін атқарушы Серік Әділбаев: «Алматыдағы жасыл желек қоры – 2 809 183, оның ішінде сауы – 1 946 234, кәрі ағаш – 360 309, жас өскіндер – 418 012 және жарамсыз 84 628 ағаш бар», деді.
Адам өмірі мен мүлкіне қауіп төндіретін, өзегі шіріген ағаштардың басым бөлігі қала орталығында. Көше бойында – 34 962, аулаларда 49 666 ағаш бар.
«Жыл сайын аудандық әкімдіктерге 1,9 мың ағаш кесуге және оның орнына міндетті түрде 19 мың түп ағаш отырғызу үшін 54 млн теңге бөлінеді», дейді спикер.
Қаладағы кәрі ағашты кесу бағдарламасы аясында әр кесілген талдың орнына 10 көшеттен отырғызылады. Биыл жергілікті атқарушы органдар «Jasyl Almaty» бастамасымен 1 млн ағаш отырғызу акциясын аяқтайды. Бұған дейін мегаполисте 705 мың көшет отырғызылған.
«Биыл бізде 350 мың жасыл желек отырғызу жоспары бар, оның ішінде 72 346 көшет отырғызылды. Жалпы, осы екпелер есебінен 1 млн ағаш отырғызу арқылы Jasyl Almaty акциясын аяқтауды жоспарлап отырмыз», деді С.Әділбаев.
Жасыл экономика басқармасының алдында қалалық экожүйені біріктіретін және биоәртүрлілікті қолдайтын қаланың «жасыл желісін» құрудағы маңызды міндеттер тұр. Сондықтан күзде тағы 277 654 жас көшет отырғызу жоспарланып отыр.
«Ағаш отырғызған кезде дендролог ғалымдардың ақыл-кеңестері ескерілді. Олар кәдімгі қарағай, қазақстандық терек, ұсақ жапырақты қарағай, қайың, шаған, акация, сүйір жапырақты үйеңкі, каштан, робиния, көпіршік, долана, алма, өрік отырғызуды ұсынады», деді басқарма басшысының міндетін атқарушы.
Спикер алматылықтарға көшеттерді тегін тарату «Жасыл аула» акциясына ұласатынын, күзде мегаполис тұрғындарына 2 мыңға жуық көшет тарату жоспарланып отырғанын жеткізді. Сондай-ақ қаланы гүл композицияларымен және гүлзарлармен безендіру жұмысымен айналысып отырған мекемелер бар.
«Біржылдық және көпжылдық гүлзарларды отырғызу 2023 жылға дейін жалғасады. Жалпы сомасы 2,1 млрд теңгеге мердігерлік ұйымдармен 10 шарт жасалды. Гүл отырғызу сәуір айында басталды, өйткені бұл ең қолайлы кезең. Сәндік гүлдер егілетін жерлердің жалпы көлемі шамамен 159 мың шаршы метрді құрайды», деді спикер.
Бұдан басқа өткен жылдардың көпжылдықтарына күтім жасау, сондай-ақ 26 мың шаршы метр алаңға көгал егу жоспарланған. Айтқандай, Алматыда бұлбұл гүлдер пайда болады. Коламбус, абба, династи, стронг голд, лалибелла, ляп топ сияқты гүлдерді отырғызу 10 мамырға дейін жалғасады. Мегаполистегі ағаштарды санитарлық кесу маусымдық іс-шарасы бір жағынан қураған ағаштардан арылу арқылы тұрғындардың өміріне қауіпсіз болса, екіншіден, ағаштарды сауықтырып, бұталарын жаңартып, әртүрлі өсімдік ауруларының пайда болуын азайтатыны белгілі. Биыл осы мақсатта аудандық әкімдіктерге 1,9 мың ағашты кесіп, орнына 19 мың өтемдік ағаш отырғызуға 54 млн теңге бөлінді.
«Біз ағаштардың басын санитарлық кесумен жасартып, пішіндейтін жұмыстарды жүзеге асырамыз. Жыл сайын аудандық әкімдіктер 61 мың ағашты кеседі», деді С.Әділбаев.
Биыл 242 ағаштың діңі құлап, ірі бұтақтары морт сынған. Құзырлы мекеме көктемдегі дауылда 185 ағаш құлап, ірі 57 бұтақ опырылып түскенін мәлімдеді. Ал қауіпті ағаштарды кесу жұмыстарын ауданның коммуналдық қызметтері мен Алматы қаласының құтқару қызметі атқаруға тиіс. Ағаштарды кесуге рұқсат алу үшін белгіленген тәртіппен құжаттарды электрондық нысанда E-gov (e-license – қоршаған ортаны қорғау – ағаштарды кесуге рұқсат беру – қызметке онлайн тапсырыс беру) электрондық үкіметі арқылы жіберу қажет. С.Әділбаев құлаған ағаштар келтірген шығынды өтеу жөнінде айта келе, мүлікке зақым келген жағдайда іргелес аумақтың иесі 5 метр шекарада жауапты екенін атап өтті. Жалпы пайдаланылатын жерлерде жауапкершілік осы учаскеге қызмет көрсететін көгалдандыру жөніндегі ұйымдарға (аудан әкімдігі) бекітілген. Сондай-ақ ол шығынды өтеуді қарау процесі жеке сипатқа ие екенін және әдетте сот арқылы қаралатынын айтты.
Сенбіліктерде алматылықтар үйме-үйме қоқыс жинап жатыр. Тек 9 сәуірде қала тұрғындары коммуналдық қызметтермен бірге 10 910 текше метр қоқыс жинап, шығарды. Жасыл экономика басқармасы жиналған қоқысты, жапырақтарды өртемеу керегін айтады. Кез келген жерде жиналған қоқысқа от қою қауіпті. Оның үстіне, «Алматы қаласының жасыл желектерін күтіп ұстау және қорғау ережелеріне» сәйкес бұған үзілді-кесілді тыйым салынады.