Футболдан 2023 жылы Аустралия мен Жаңа Зеландияда жалауы желбірейтін әйелдер арасындағы әлем чемпионатының іріктеу турнирі жалғасуда.
Еуропадағы жарыстың І тобында өнер көрсететін Қазақстан құрамасы Нұр-Сұлтанда Уэльсті қабылдады. Қонақтар дамылсыз шабуылдар ұйымдастырғанымен, алғашқы уақытта біздің қыздар жақсы қорғана білді. Бірақ жарты сағат өткен соң олардың күштері сарқыла бастады. 30-минутта Кейли Грин есеп ашса, бірінші тайм аяқталар тұста Наташа Хардинг екінші допты қақпаға тоғытты. Үзілістен кейін де Уэльс футболшыларының басымдығы анық байқалды. 65-минутта Джессика Фишлок нысананы дәл көздеп, мачтың соңғы нүктесін қойды. Есеп – 0:3.
І тобында Франция құрамасы жеке-дара көш бастап тұр. Барлық жеті кездесуде жеңіске жеткен олар 21 ұпайға иелік етуде. Екінші орындағы Уэльстің басты қарсыласынан бес ұпайы кем. Олар француздардан бір ойын артық өткізді. Одан кейінгі сатыларға Словения (14 ұпай) мен Грекия (10 ұпай) жайғасса, қатарынан жеті матчта жеңілістің кермек дәмін татқан Қазақстан Эстониямен бірге көш соңында келеді.