• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Әдебиет 14 Сәуір, 2022

Алғашқы кездесудің естелігі

287 рет
көрсетілді

Былтыр дүние салған белгілі қаламгер, тележурналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сұлтан Оразалы аға 75 жасқа толғанда газетке сұхбат алдым. Сонда ол кісі өзі жақын араласқан халқымыздың талантты тұлғалары туралы естелік айтып, олармен бірге түскен суреттерін көрсетті. Соның ішінде қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсіреповпен түскен суретіне ерекше тоқталды. Сұлтан ағаның айтуынша, бұл фото 1973 жылы 11 қыркүйекте Алматыда өткен Азия-Африка ақын-жазушыларының конференция­сы қарсаңында Қазақ телевизиясының шағын студиясында түсірілген.

− Ел тарихында алғаш өтіп отырған халықаралық жиын­­ға әлемнің жетпістен аса мемлекетінің ақын-жазу­шы­лары келді. Соның қар­са­ңын­да тұтас сериялық теле­ви­зиялық хабар әзірлеп, алғаш­қы­сын Ғабеңнен бастадым.

Өйт­кені Ғабит аға 1958 жылы Ташкентте өткен Азия-Африка қаламгерлерінің бі­­рінші конференциясына қа­тыс­қан. Онда заңғар жазушы Мұхтар Әуезов сөз сөй­леген. Ғабең осы хабарда сол жиыннан біраз естелік айтып, парасатты ой қозғады. Кейін бұл сұхбат «Қазақ әде­биеті» газетінде жарық көрді.

Сондай-ақ аталған конференцияда қонақтарға Ғабит Мүсіреповтің шығармашылық портретінен бір сағаттық хабар беріліп, осы сурет те көр­сетілді. Менің Ғабеңмен жақын таныстығым осыдан басталды. Кейін сөз зергерінің 75, 80 жылдық мерейтойында мазмұнды әдеби хабар жасадым. Өзім үшін бағалы дүние санайтын сурет асыл ағамен алғашқы кездесудің естелігі болып қалды, − деп еді марқұм Сұлтан аға.