• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 15 Сәуір, 2022

Басым бөлігі баға өсіміне алаңдайды

326 рет
көрсетілді

Қазақстандықтар елдің даму перспективасына қатысты негативті ойларға көбірек орын бере бастаған. Мұны Ұлттық банк жүргізген сауалдама қорытындысы көрсетіп беріп отыр. Жақында қаржылық қадағалаушы инфляциялық күтулер бо­йынша наурыз сауалдамасының нәтижелерін жариялады.

Сауалдамаға қатысушылардың 63 пайызы алдағы 12 айда баға өсімінің қарқыны сақталады немесе бұдан да жеделдейді деп күтеді. Респонденттер оны айырбастау курсының өзгеруі, азық-түліктің қымбаттауы және сыртқы саяси жағдайлармен байланыстырады.

Қатысушылардың 51 пайызы өткен айлардағы өзгеріссіз қалған не болмаса орташа өзгерген баға өсімін атап өткен. Баға тым қатты өсті деген 86 пайыз респондент негізінен азық-түлік өнімдерін меңзеген. Олар ет өнімдері, өсім­дік майы, жұмыртқа және нан өнім­дерінен өзге азық-түлік түрлерінің бағасы тым қатты көтеріліп кетті дейді. Қатты қым­бат­таған өнімдер ретінде олар не­гі­зінен қант, сүт өнімдері, сыр, шұ­жық, алкогольсіз сусындар, шай мен кофені атаған.

Сауалдамаға сүйенсек, 21 па­­­йыз қазақстандықтың жинап отырған қосымша қаржысы бар. 39 пайызы дәл қазіргі сәтте қар­жы жиюға қатысты бейтарап көз­қарас танытса, жинағы бар 35 па­­йыз респонденттің қаржылары бұрынғы деңгейінде қалған. Ал 32 пайызында жинақтары азайып кеткен. 53 пайыз қатысушының жеке материалдық жағдайы өз­ге­ріссіз қалса, 32 пайызында ай­тар­лық­тай төмендеген.

Сонымен қатар елдің қысқа және ұзақ мерзімді дамуына қатысты көзқарастың да оптимизмнен алыстағанын байқауға болады. Алдағы 1 және 5 жыл көлемінде елдің даму перспективасын оң бағалаған қатысушылар үлесі 45 және 44 пайызды құраған. Былтыр ақпанда бұл көрсеткіш 52 және 50 пайыз деңгейінде болған екен. Олардың 28 па­йызы бір жылдан соң қаржылық жағ­дайымыз жақсарады деп үміт­тен­се, 27 па­йызы керісінше, жағ­дайымыз нашарлайды деп алаң­дайды.