• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Сұхбат 15 Сәуір, 2022

Есетжан Қосыбаев: Жаңа жағдайда жұмыс істеуге тура келеді

269 рет
көрсетілді

Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы қысқа мерзім ішінде мемлекеттік қолдаудан үмітті киножобаларды іріктеу тақырыбына арналған екі үлкен брифинг өткізді. Биыл фильмдерді қаржыландыру қағидаларына түзетулер енгізген заңнамадағы өзгерістер кинематографистердің көп бөлігі үшін талқылаудың басты тақырыбына айналды. Жаңа ережелерге байланыс­ты Киноорталықтың алдында тағы қандай міндеттер пайда болды? Кино саласындағы іргелі өзгерістердің ұйытқысы болған «ҰКҚМО» КЕАҚ Басқарма төрағасы Е.Қосыбаев тың ақпараттармен бөлісті.

– Сіз басқаратын мекеме аз уақыт­тың ішінде тілшілер қауымын екі рет жинағанына қарағанда, сала жұмы­сын­дағы өзгеріс аса өзекті секілді. Кино­орта­лықтың мұндай белсенділігін бас­қаша қалай түсіндіресіз?

– Жақында мемлекеттік сатып алу заңнамасына енгізілген өзгерістер тек бізге ғана емес, күллі кинематографис­тер қауымы үшін күтпеген жағдай болды. Бірақ бұған үрке қараудың керегі жоқ. Біріншіден, уақыт өте келе жаңа ережелердің (әлеуетті Өнім берушілер­дің қаржылық тұрақтылығына қатысты талаптар – ред.) орнауы заңды, екіншіден, өкінішке қарай, дәл осы мәселеге орай түбегейлі өзгерістер енгізу біздің құзы­ретімізде емес. Сондықтан біз уәкілетті орган болып есептелетін Мәдениет және спорт министрлігіне жүгіндік. Жаңа талаптар мен қағидаларға бейімделу үшін бізге біршама уақыт керек. Бұндай мүмкіндік берілмесе, жаңа жағдайда жұмыс істеуге тура келеді. Қиын болатынын ішіміз әлден сезеді, себебі көпшілік бұл өзгеріске дайын емес.

Бір есептен, мемлекеттік қолдау көрсету кезінде қойылатын талаптарға сәйкес келмейтіндер нарықтан кетеді. Ал бөлінетін қаржы, естеріңізге сала кетейік, халықтікі. Соңғы 8-10 жылдың ішінде киноға бөлінген мемлекеттік қаражаттың қайтарымы нөлдік көрсеткішке тең екені ешкімге құпия емес. Құйылған қаражат пен кассаға түскен кірісті абсолют сандармен алатын болсақ, нәтижесі кісі күлетіндей.

Осындай себептерді түсіндіруге арнал­ған брифингтер кинематография қоғам­дастығы өкілдерінің ішінде наразылығы бар екенін көрсетті. Әрине, арасында біздің хабарландыруларды оқымайтын, тіпті олармен танысып шығу үшін сайтқа кірмейтін адамдар да бар, мұндайлар тек көпшілікті дүрліктіру үшін келеді. Бірақ біз кинематография қоғамдастығының ұтымды бөлігіне, питчингке бара алатын лайықты және кәсіби адамдардың пікіріне құлақ асамыз.

Сондықтан осы брифингтердің ұйым­дастырылуы нәтижесінде өткен ашық диалог бұрыннан қажет еді. Кинема­тографистер ҰКҚМО-ның жабық клуб емес екенін, өзекті мәселелерді бірлесе отырып шешуге және әрдайым қол ұшын созуға дайын ұйым екенін білуге тиіс.

– 2022 жылға белгіленген конкурс қалай жүріп жатыр?

– Мәдениет және спорт министрлігі Сараптама кеңесінің құрамы жөніндегі қаулының шығуын жеделдетуге қатыс­ты мәселені таяу арада шешеді деп үмітте­неміз. Бұл киножобаларды іріктеуді уақытында өткізуге мүмкіндік береді. Со­нымен қатар биыл алғаш рет баллдық бағалау жүйесін енгізіп көрмекпіз.

Жалпы, Киноорталықтың алдын­да қазір маңызды міндеттер тұр. Бәрі­мізге парадигманы, кинематография қоғам­дастығы қатысушыларының психоло­гиялық принциптерін өзгертуіміз керек.

Қайырымдылық пен альтруизм кезе­ңі аяқталды. Қазақстан экономикасы, сондай-ақ бүкіл әлемдік экономика елеулі қиындықтарға тап болуы мүмкін. Бізге байланысты емес мән-жайлардың салдарынан біз турбулентті аймаққа кіре­міз, себебі жаһандық процестермен біте қайнасқан елміз. Мемлекет бөлетін ақша – «алтын акция» екенін нақты түсіну керек. Сондықтан біз бүгін кинематогра­фия саласына бөлінген мемлекеттік қа­ражаттың қайда жұмсалып жатқанына алаңдаушылық білдіріп жүрген салық төлеушілердің күткеніне сәйкес келетін нәтижені объективті және ашық түрде беру үшін Сараптама кеңесін барынша жұмылдыруымыз керек.

– Киножобаларды мемлекеттік қар­жыландыру ісінде тағы қандай өзге­рістер болуы мүмкін?

– Меніңше, ірі бюджеттік тарихи картиналарды қаржыландыру үкіметтік комиссияның құзырында болуға тиіс. Өз кезегінде, Киноорталық киноның нәтижеге бағытталған саласын қолдауға басымдық береді. Жаңа нарықтарды, оның ішінде халықаралық алаңдарды игеретін саланы қолдау маңызды. Біз, біріншіден, жақсы прокаттық әлеуеті бар фильмдерге назар аударуымыз керек. Екіншіден, фестивальдерге және отандық киноны шетелде ілгерілетуге бағытталған жобаларды қаржыландырумен айналысу қажет.

Анимация – бөлек сала. Бұл жанр­дағы жұмыс жеке блок ретінде қарас­ты­рылып, ол саланың бюджеті жеке қа­лып­тастырылуға тиіс. Бұдан бөлек, анима­ция­лық картиналарды қаржыландыруға өтінімдер қабылданатын жеке конкурс өткізілуі керек, ал жобаларды іріктеумен анимациялық киноны дамыту стратегиясын айқындайтын мамандар айналысуға тиіс.

– Қолданыстағы «Кинематография туралы» Заң саланың шынайы талаптарына жауап бере ме?

– Біз қазір Мәжіліс пен Сенат депутаттарынан құралған жұмыс тобымен кездесуге дайындалып жатырмыз, онда осы заңға қатысты ең маңызды және өзекті мәселелер талқыланатын болады. Заңның қазіргі талқыланып жатқан нұсқасын қайтарып алу керек деп пайымдаймын. Оны Мәжілістің қыркүйекте өтетін жаңа сессиясына енгізу үшін пысықтап, өзгерту керек. Басы ашылмаған сұрақтар көп, оның бәрі талқыланып, заңмен реттелуі керек.

Мемлекеттік органдар мен кинемато­графиялық қоғамдастықты қалай тұтастай үйлестіру жүзеге асырылатыны тура­лы мәселе өткір болып тұр. Біздің қоғамдық ұйымдар, Кинематографистер одағы мен Кинематография академиясы баршамызды толғандырып жүрген мәселелерді көтеріп отыр. Мен оларды толығымен қолдай­мын – өйткені олар кинематографиялық қоғам­дас­тықтың басым бөлігінің пікірін жеткізеді.

Әрине, заңгерлер атқаратын жұмыс көп. Бірақ кинематографистер үшін аса маңызды саналатын мәселені кешенді шешу жұмысына жаңашыл бағыттағы сарапшыларды шақырған жөн болар деп ойлаймын. Оған қоса, жас кинематографистермен де кеңейтілген кеңес-кездесу өткізетін уақыт келген сияқты. Олардың көп мәселеге, соның ішінде технологияға, өндіріс процесінде қолданылатын жаңа тәсілдерге байланысты көзқарасындағы ерекшелік, тың идея көп түйінді мәселенің шешімі де екенін ескеруіміз керек.

Заң шығару жұмысының тиімді нәти­жесіне қол жеткізу үшін, жаңа заңды кине­матографистердің талаптарына барынша жауап беретін және барлық өзекті сын-қатерлерді қамтитындай ету үшін біз бар күш-жігерімізді жұмылдыруымыз керек.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»