• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Егемен Қазақстан 15 Сәуір, 2022

Сыйлық иесін тапты

322 рет
көрсетілді

Таяуда «Қазпошта» «Egemen Qazaqstan» мен «Казправда» газеттерін тұрақты түрде жаздырып алып жүрген тұрғын­дардың арасында электронды ұтыс ойынын өткізген еді. Ұйымдастырушылар алдын ала ескертусіз жеңімпаздарды сырттай кездейсоқ таңдау арқылы анықтап, ұтыстарын өңірлерге жөнелте бастады.

Оқырманға тосынсый ретінде жол тартқан сыйлықтардың ішінде «Egemen Qazaqstan» газе­тінің бір ғасырлық шежіресі «Жүз­­жылдық жылнама» бес том­­дық жинағы мен ел тарихынан сыр шертетін өзге де құнды кітап­тар, смартфон, қолсағат сияқ­ты бағалы дүние­лермен қа­тар, күнделікті тұрмысқа қажет ша­ғын кәдесыйлар да бар.

Жүз мыңнан астам жазы­лым­­­шының ішінен жолы болып же­ңімпаз атанған оқыр­ма­ны­­мыздың бірі Қостанай облы­­сында тұрады. Ар­қа­­лық қаласының тұрғыны Асы­л­ай Қабылдинаға «Егемен» та­ғайындаған қабырға сағатын жергілікті пошталық байланыс торабының бастығы Айна Тасқо­жа­қызы табыс етті.

Асылай Арқалық политех­ни­калық колледжінде кітапхана қыз­меткері болып жұмыс іс­тей­ді.

– «Егемен Қазақстанды» біраз жылдан бері үзбей оқып келе­мін, газеттің тұрақты оқыр­манымын. Бас басылымның ең ұтымды жері – аптасына бес рет келеді. Ел өмірінде, әлемде, бүгінгі қоғамда болып жатқан толымды жаңалықтарды газет бетінен күнделікті оқып-біліп отырамын. Мұның сыртында, газет бетінде үлкен ғалым­дардың авторлығымен біздің мұғалімдерге қажетті мазмұнды материалдар да жиі жарияланып тұрады. Колледж ұстаздары іздеп таппай жүрген дүниелер осы газеттің бетінен жиі табылып жатады. Сондықтан осы керек болып қалар-ау деген тарихи, әдеби, ғылыми мәні жоғары, салмақты, салиқалы материал­дар­­дың тақырыптарын түр­тіп алып, каталогқа жазып алып отырамын. Кеше поштадан хабарласып, «Қазпошта» ұйымдастырған ұтыс ойынының жеңімпазы атан­ға­нымды және маған арналған шағын сыйлық бар екенін айтты. Бүгін, міне, қолым­дағы қабырға сағатын көріп тұрсыз. Нағыз керек дү­ние. Жұмыс орныма апарып іліп қояйын деп отырмын. Оқыр­мандарын күтпеген жерден қуанта білетін газет ұжымына ал­ғысым шексіз! – деді Асылай Қабыл­дина. 

 

Қостанай облысы,

Арқалық қаласы