Халықаралық теннис федерациясы 2022 және 2023 жылдары Дэвис кубогының финалдық сайыстары нақты қай жерде өтетіні жайында ақпаратты жария етті.
Аталған жарыстың топтық бәсекелері 14-18 қыркүйек күндері Италияның Болоньясы, Шотландияның Глазгосы және Германияның Гамбургінде ұйымдастырылады. Осы турнирді қабылдайтын тағы бір қала осы айдың соңында анықталады. Ал финалдық сайыстар 21-27 қараша күндері Испанияның Малагасында өтеді. Биылғы маусымда Дэвис кубогын иелену үшін 16 команда кортқа шығады. Олар – Хорватия, Сербия, Ұлыбритания, Канада, Аргентина, Аустралия, Бельгия, Франция, Германия, Италия, Оңтүстік Корея, Нидерланд, Испания, АҚШ, Швеция және Қазақстан құрамалары.
Естеріңізге сала кетейік, былтыр Малагада өткен турнирдің ақтық сынында Ресей мен Хорватия құрамалары кездесіп, алғашқылары жеңіске жеткен еді. Бірақ Украинадағы жағдайға байланысты ресейлік теннисшілер биылғы додадан шеттетілді.