• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Аймақтар 15 Сәуір, 2022

Ең үлкен самаурын

624 рет
көрсетілді

Әлемдегі ең үлкен самаурынның бірі Қостанай облы­сындағы Лисаков қаласына кіреберіс жолдың бойында тұр. Сол жердегі үлкен дәмхананың алдындағы тас тұғырдың үстіне қойылған алып самаурынның бойы қос қабатты ғимаратының шатырына дейін жетеді.

Дәмханаға кіріп самау­рынның мән-жайын сұрас­тырып көріп едік, ешкім мар­дымды жауап бере алмады. Қалалық музей қызметкер­леріне хабарласып едік, ол кісілер сұрастырып жү­ріп, ақыры жергілікті кәсіп­орын­дар­дың біріне тиесілі екенін анықтап берді.

«Арай Холдинг» компания­сына еншілес кәсіпорында кадр бөлімінің басшысы болып жұмыс істейтін Ирина Каховскаяның айтуынша, алып самаурын Польшадағы таңдаулы ұстаханалардың бірінде арнайы тапсырыспен жасалыпты. Тұтастай мыс­тан құйылған. Самаурынның қақпағы ашылады, шүмегі де бұралады. Ішіне су толтырып кәдімгідей шай қоюға болады. Бір ерекшелігі, көмірмен жанады екен.

– Мыс самаурын тұрған жер бүгінде Лисаков қаласының көрнекі орындарының біріне айналды десек болады. Алыс­тан келген қонақтарды сол жаққа апарамыз. Жол бойы арлы-берлі толассыз өтіп жатқан көліктер де бір сәтке аялдап, самаурынның түбінде тұрып суретке түсіп кетеді. Бір сөзбен айтқанда, ашық ас­пан астындағы жалғыз экспонатты музей сияқты ғой, – деді И.Каховская.

Ирина үйдей самаурынға неше литр су кететінін тап басып айтып бере алмады. Алай­да қала тұрғындары 400-450 литрдей су қайнатуға болады деп шамалайды. Яғни бір қайнағанда бір жарым мыңнан астам адамға шай беруге болады екен. Дәу самаурын оңай­­лықпен суымайтын кө­рі­неді, ішіндегі қайнаған су бір сағаттың ішінде небәрі 2-ақ гра­дусқа төмендейді екен.

 

Қостанай облысы,

Лисаков қаласы