Адам бойындағы ұлы өмірге деген сүйіспеншілікте, жарық күннің дидарын көруге деген құштарлықта шек жоқ-ау. Бәлкім осы ынтызар көңіл алға жетелеп, қанат бітіретін шығар. Қалай болған уақытта да келер күндердің көкжиегінен жақсылықтың шарапаты себезгілейтіндей сеніммен селбесіп келе жатыр.
Таң бозарып атысымен кішкентай қол арбасына мінеді. Ғұмыры таусылып бітпейтін күйбең тіршілікпен, кеудесінен кері итерген тағдырдың ақбас толқындарымен алысып жүргенінде қалай қас қарайғанын да аңғармай қалатыны бар. Жан серігіне айналған, аяғының орнына аяқ болған қол арбаға таңылып, қарға адым жер мұң болғалы аттай 17 жыл.
Әуел баста қатты қамыққан. Небір қорғасын бұлттай зілмауыр, жанын жегідей жейтін сүреңсіз ойлар қаумалап, қоршап алатын. Арғы беттен күн сәулесі, болашақ нұры, келешектің келісті дидары көрінбейтін. Қайран да қайран қызылды-жасылды дүниенің бар қызығы осымен таусылған-ақ шығар деп топшылаған. Ендігі ермегі кітап болды. Жергілікті жазушы Естай Мырзахметовтың «Медетін» оқыған. Кейіпкердің бойындағы қиындыққа қарсы тұрар, еменнің иір бұтағындай қайсарлыққа таңғалған. Сол сәтте он екі мүшесі сауығып, құр атқа мінгендей қанаттанып шыға келген. Жоқ, жарық дүниеде татар дәм таусылмаған соң бейнетке белшесінен батса да күресу керек екен ғой. Сонда ғана азамат атына лайық болады. Боркемік болса бордай тозбақ.
Кейіпкеріміз Рамазан Сапарұлын іздеп келгенбіз. Алдында телефон арқылы тілдестік. Дауысы жылы, жұмсақ екен. Үйінің маңы мұнтаздай таза, көлденең жатқан бір шырпы жоқ. Қай тарапқа қарасаң да, шаруақор, ұқыпты қолдың табы анық байқалады. Бірге ілесіп орталықтағы кеңсесіне бардық. Әңгіменің тиегін де осы жерде ағытты. Өзгеше жосықтағы, еңсеңді көтеретін, тұла бойыңа өлшеусіз күш-қуат құятын әсерлі әңгіме. Жеке бастың қамы емес, бастарына күн туған жалпы жұрттың, анығырақ айтқанда, мүмкіндігі шектеулі адамдардың жайы. Он екі мүшесі сау жастардың да өмірден өз орнын табуы үшін тынымсыз қарекет ету қажет екендігін айғақтайтын, адастырмас ақ жол сілтеп, темірқазық нысананы көрсететін аталы сөз.
– Қазір көпшілік жастардың бойында кейбір жағымсыз қылықты тезірек көруге бейім, – дейді Рамазан Мұқатаев, – шын мәнінде кәсіп үйренсем деп жұлқынып тұрған, сол жолда бар уақытын сарп етіп жүрген жастар аз емес. Олар үйренуге бейім. Тек сәл ғана демеп жіберсең болғаны. Мәселен, мен тігін машинасын жөндеймін ғой. Маған жоғары оқу орны мен колледждердің студенттері жиі келеді, тіпті жұмыссыз жастар да. Арасында он саусағынан өнер тамған, айтулы шебер болуға дайын тұрғандары да бар. Ең бастысы, тігіншілік өнердің тігісін жатқызып, тіршіліктің арқауы еткісі келеміз деген ұмтылыс бар. Сондықтан жастарды жасытып, көздерінен шұқып, жалқау деп айта беруге әсте болмайды. Тартымды тәрбие, өнегелі өріс керек.
Өз айтуына қарағанда, баяғыда музейге тапсырылуға тиісті тігін машиналарына қайтадан жан бітіпті. Тігіншілік өнер адам бойындағы айрықша шыдамдылықты, табиғат тарту еткен икемділікті қажет етеді. Оған қоса бейімің болып, машығың қалыптасса, жетіп жатыр. Ал көпшіліктің көз жауын алатын сән өнерінің сан қыры әлеуметтік желіде сыңсып тұр. Сол үлгіге қарап пішіп, тігістің қолыңа алған затыңа сай түрін таңдап, тіге аласың.
Жастар осы өнерге ықыласын аударған. Рамазан Сапарұлы тігіншілік өнерді үйренемін деп шын пейіл танытқандарға тегін жәрдем береді екен. Сауап дейді ол. Кез келген адам өмірлік азығы болатын қоғамға қажетті кәсіп түрін үйренсе, табыстың төресі сол.
Қазір үш жобаны қолға алған. Біріншісі, өзі тәрізді мүмкіндігі шектеулі жандар аяқ жолын ұзартып отырған қоларбаларды жөндеу. Жиі істен шығатын көрінеді. Себеп, жаяу жүргіншілерге арналған жолдың жайсыздығы, ой-шұқыры көп. Доңғалақтары ғана емес, арқалығы да, шынтақтың астындағы көтерме белдеу де, аяқ тірейтін тежегіш те тозбақ. Бір өкініштісі, облыс орталығында қоларба жөндейтін шеберхана жоқ. Кейіпкеріміздің айтуына қарағанда, облыс тұрмақ ел көлемінде екеу-ақ екен. Таяуда ит арқасы қияндағы Жарқайың ауданынан екі өтініш түсіпті. Степногорскіден де қоңырау шалған. Олардың жайын бір түсінсе, дәл сондай қоларбада отырған Рамазан Сапарұлының өзі ғана түсінеді. Екінші жоба, психология кабинеті. Жанындағылардың жан-дүниесін жақсы түсінетін азаматтың айтуына қарағанда, айтпай келген апаттың салдарынан қаріп болып қалған адамдар өмірден баз кешердей түңіліп кетеді. Тағдырдың салған ісіне де тасқайрақтай мықтылық керек қой. Сондықтан психологтер әлдебір жазатайым себеппен дене зақымын алған адамдарға көмектеспек. Үшінші жоба, компьютердің тілін меңгеру. Айталық, мүмкіндігі шектеулі адамдар осы тараптағы сауаттылығын арттырса, өтініш-тілектерін үйде отырып-ақ жеткізе алар еді. Сондай-ақ онлайн конференцияларға қатысу, дәрігерлер көмегіне жүгіну, басқа да толып жатқан шаруаларын тындыруға мүмкіндік туар еді.
Әуел баста, осыдан 17 жыл бұрын қамкөңіл болып жүргенде кісіге күнім түспесін деп тілеген. Несі жақсы дейсіз, ет жақын ағайын-туыс көмек қолын созар, дос қолдар, жолдас жан жарасын жазар, бірақ өз көңіліндегі өзекті өртер өкініштің сейіліп кетпей- тіні рас қой. Жалғыз емес екен.
Мемлекет те мүмкіндігі шектеулі адамдарды қамқорлығына алуда. 2019 жылы 200 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі грантқа ие болды. Бұл қаражатқа тігін машинасын жөндеуге қажетті құрал-жабдықтармен бірге қайшы қайрайтын арнайы қайрақ сатып алды. 2020 жылы жедел жөндеу шеберханасы орнатылған автокөлігіне ие болды. Маңайына қолғанаттар да топтасты. Қазір Макинка қаласындағы диірменде қаптың аузын тігетін құрылғыны орнатып жатыр. Зеренді ауылына барып тігін цехына көмек көрсетіп қайтты. Бар шаруаны мұрнынан тізіп айтудың қажеті жоқ шығар, қалай болған күнде де жігері алға жетелеген Рамазан Сапарұлы жақсы істерге ұйытқы болып жүр.
Былтыр облыстық мүгедектердің ерікті қоғамына басшы болып тағайындалған. Жүк ауырлап, жауапкершілік молайды. Әйтсе де, өз қамынан гөрі өзгенің жайын көбірек ойлайтын жампоз жігіттің жүгі жолда қалмайтынына танып-білген жұрт кәміл сенеді.
КӨКШЕТАУ