• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Қазақстан 18 Сәуір, 2022

Айтаққа еру – қасірет

1259 рет
көрсетілді

Қолжаулық болу – біреудің илеуінде, ықпалында жүру, әлдекімнің ермегіне айналу, күштінің көлеңкесінде жүріп күнел­ту, күресінге тасталса да көн­дігу. Мұн­дайға есті жұрт оңайлықпен көн­бесе керек.

Тұтас ұлттың өзгенің қолжаулығына айналудан артық қасірет жоқ. Өзгенің ықпалынан шыға алмай, оның илеуіне көндігу – біреулер үшін тірі қалудың, тір­ші­лігіңді амалдап жалғастырудың жал­ғыз жолы ма немесе шарасыздығыңды мо­йындап, құрдымға құлауға, күштінің құл­қы­нына жұтылып, жойылуға бет алу ма? Бәлкім, ол екінші біреулер үшін өзгенің құр­сауын бұзып-жарып шығу ниетінде іштей ширығып, күш алу үшін уақыттан ұту, сәтті кезегін сабырмен не тағатсыздана күту үдерісіндегі толғанысты кезеңнің сыртқы сипат-көрінісі ме?

Осы екі күрделі сауалға тұщымды жа­уап іздеуге мәжбүр жұрттың қарасы қалың. Бұлай болуының себебі – иілдіру, елпеңдету, бағындыру мен тұсап ұстау тәсілімен өзгені теспей сорып үйреніп қалған, дәніккен әрі құныққан, қорқаулығы мен қараулығы басым елдер өздерінің империалистік қасаң көзқарастарын ауыр әрі ескі зеңбіректей «сүйретіп» әкеліп, ХХІ ғасырдың төбесінен төндіріп, онысын ұлы идея ретінде жоғары бағалаудан шімірікпей отырғанында.

Сан алуан жобаларының ішкі қал­та­рыс-бұлтарыстарына, трансұлттық ком­па­нияларының қоржын-қосқалағына, олар­дың алыс-беріс, барыс-келіс сынды іс-қимылдарының өзегіне, байланыс тамырларына жымысқы мүдделерін жасырған мемлекеттердің саяси күштерінің әлсіздерді бөлісу, нарықтық алаңдарға таласу, үстемдік жасау ауқымын кеңейту, қысқасы қолжаулық ету бағытындағы бәсекелестігі қыза түскен бү­гінгі кезеңде арқаны кеңге салу қиын.

Біреудің илеуіне мойынсұнудан, ықпа­лын­да қалудан басқа амалы жоқ, солай бола тұра құрдымға құлаудың алдында тұрғанын мойындағысы келмей, дұрысы шындыққа тура қарауға дәті шыдамай жүргендердің және жұтылуға, өзгеге еріксіз сіңіп кетуге бет бұрғаннан өзге жолы қалмағандардың табиғи түрде жыл сайын жаңартылып отыратын статистикасын құпия санамай, ресми түрде шімірікпей жариялайтын кезең де келіп қалғандай көрінеді. Осынау жағымсыз үдерістерді жан-тәніңмен сезіну әркімге әрқалай әсер етер, бірақ жұтылу қаупі анық төнген ұлттың көзі қарақты өкілдері үшін бұл оңай соққы емес.

Құдайға шүкір, біздің таңдауымыз белгілі. Ол – ширығу, алға ұмтылу, кіммен болсын терезе теңестіру. Біз өзгеге жұтылуға, қол­жау­лық болуға мойынсұнған, үмітсіздікке бой алдырған ел емеспіз. Өз амбициямыз бар.

Рас, кезінде Кеңес Одағының құрамында болған шағымызда тірі қалудың, тір­ші­лі­гі­міз­ді амалдап жалғастырудың қамын ғана жеумен болдық. Бұл үмітсіздік елесі езеуреген кезеңнен, көңілсіз де жабығыңқы арнадан жалт беріп, кенеттен дербестіктің дәмін татқан кезден бері сыртқы ықпалдардың тырнағынан жарақат алып қалмау жағын ойластыра әрі іштей ширыға жүріп, жетіліп келеміз. Бірақ тосын мінез көрсетіп, желке күжірейтер шаққа келгеніміз жоқ. Сон­дық­тан дәл қазіргі оң ниетті мен бүкір пиғылдының аражігін ажырата білу қиын кезде айтаққа еру үлкен әбестік болар еді (айтаққа адам емес, ит ермей ме). Отыз жылда бәрі бола қоймады деп кіжінгеннен еш­теңе өнбейді, енді бізге өткен шақтағы қа­теліктерімізден сабақ алып, оны алға да­мудың алғышарты ретінде қарастыру маңызды.

Бүгінде мемлекет, атқарушы билік өзі орындауға тиіс барлық міндетті шынайы түрде мойнына алу үрдісі анық байқалады. Бұл жерде ел алдындағы жауапкершілік жүгін лайықты көтеруге бет бұру үрдісі елжандылықпен ерікті түрде жүзеге асып жатыр ма не уақыт талабына сай еріксіз жағ­дайда қолға алынуда ма, ол жағы маңыз­ды емес. Ең бастысы, формальды, шығарып салма, сыртын жылтырата салу, өтірік есеп беріп «құтылып кету» сынды қоғамдағы келеңсіз көріністердің жолы кесілуде. Демек халық пен биліктің бір арнада, ортақ мүдде орайында үйлесім табуына бетбұрыс жасалуда.

Халқының сенімі мен әлеуетіне арқа сүйеген билігі бар мемлекет ешкімнің қол­жау­лығы болмайды. Ал билігі өзіне сенген, өзінің ресурсына жүгінген халық қашанда мемлекеттің лайықты тірегі, жалаң, жалған емес, шынайы, риясыз пейілді патриоты болады. Міне, бүгінде осы аталған мәсе­ле­лер күн тәртібіне шығарылып отыр. Бұл өз кезегінде біздің келешекте амбициясы жоғары ұлт, сырттай терезесі тең ретінде санағандай көрінгенмен, іштей дегеніне көндіргісі келіп тұратындарға батыл тойтарыс беруге мүмкіндігі бар ел ретінде қалыптасуымызға алғышарт болады деп ойлаймыз.