Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәмиді қабылдады, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.
Кездесуде сот төрелігін атқарудың қазіргі кезеңдегі жай-күйі, сондай-ақ, соттардың қызметін одан әрі жетілдіру жөніндегі перспективалық міндеттер талқыланды.
Нұрсұлтан Назарбаев судьялардың саны артқанын және олардың жұмысын жақсарту үшін барлық қажетті жағдайлар жасалғанын атап өтті. Осыған байланысты Мемлекет басшысы қазақстандық судьялардың қызметі алдағы уақытта сапалы жаңа деңгейге көтерілуі тиістігіне тоқталды.
Жоғарғы Сот Төрағасы Мемлекет басшысының VI судьялар съезіндегі тапсырмаларының іске асырылу барысы, сот өндірісін жеңілдету, сот қызметінде төрешілдік ресімдерді азайту жөнінде жүргізілген жұмыстар мен азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтуге, сот төрелігін атқару сапасын жақсартуға бағытталған шаралар туралы баяндады.
Қ.Мәми сот төрелігін атқару үдерісіне араласудың алдын алу, сондай-ақ, сот билігінің имиджін нығайтуға бағытталған өзге де мәселелерді қарастырған, сот билігінің тәуелсіздігі индексін көтеру жөніндегі Жоғарғы Сот әзірлеген іс-шаралар жоспары туралы хабардар етті.
Бұдан бөлек, Жоғарғы Сот Төрағасы сот төрелігіне қолжетімділікті арттыруды, істерді қараудың сотқа қатысушыларға ыңғайлы тәртібін, бітістіру үдерістерін кеңінен қолдану мен заманауи технологияларды пайдалануды қарастыратын Азаматтық іс-жүргізу кодексінің жаңа жобасына қатысты жұмыстардың барысы туралы баяндады.
Кездесу қорытындысында Мемлекет басшысы елдің сот жүйесін әрі қарай дамыту жөнінде бірқатар тапсырмалар берді.
-----------------------------------------
Суретті түсіргендер
С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.