• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Өнер 18 Сәуір, 2022

Портрет жанрының шебері

629 рет
көрсетілді

Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, белгілі қылқалам шебері, режиссер, тележурналист Жанұзақ Мүсәпірдің Zhanuzak атты кітап-альбомы таныстырылды.

Жаңа жинаққа суретші өмі­рінің әр кезеңінде салған пор­треттері, тақырыптық кар­тинала­ры, абстракция, пейзаж, на­тюр­морт суреттері топтас­ты­рылған.

Мазмұнды шарада белгілі ғалым, қоғам қайраткері Мыр­затай Жолдасбеков қылқа­лам шеберінің картиналарындағы бейнеленген оқиғалар мен зат­тардың тарихи маңызы зор екендігіне тоқталды.

«Қазақтың бәй­гесін, көкпа­рын, ұлттық аспаптарын бояу­дың түсімен тамаша бейнелеген. «Балалықтан даналыққа жол» атты цикл Әл-Фараби өмір сүрген ғасырды шынайы сурет­тейді. Жанұзақ Мүсәпірдің жұ­мыс­тары осымен де құнды. Біз тари­хымыз­ды ұмыт­пай, ұлттық құнды­лық­тар­ға заманауи сипат беріп, алға жылжимыз» деді қоғам қайраткері.

Сондай-ақ таныстырылым ба­­рысында академик Кә­рімбек Құрманәлиев, ақын Дәу­­лет­керей Кәпұлы, «Руха­ни жаңғыру» КММ басшысы Абы­лайхан Қалназаров, «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Ба­тыр­хан Жұмабаев сөз алып, сурет­шінің шығармашылығы туралы ізгі лебіздерін білдірді.

Бүгінде талант иесінің көп­теген еңбегі Қытай, Польша, Германия, Ресей секілді 30-дан аса елдің музей қоры мен жеке коллекционерлер мұрағатында сақталған. Әсіресе оның портрет жанрындағы қолтаңбасын ерекше айтуға болады. Автор өз есімімен арнайы кітап шығару көптен ойында жүргендігін сөз ете келіп:

«Қарияның сөзі киіз кітап­тағыдай» деп бабаларымыз айт­қандай, суретшілік өнер экзистенциясын жан-жақты ашатын еңбекте шығармашылық тағдырымның бұралаңдарын да жеке коллекция мен отбасылық фотосуреттермен бекітіп отырдым. Мені сыншылар «Алаш өркениетінен сериялы дүние жасау мен бейнелеудің сакральды білімін танытушы» деп атайды. Сол буырқанған бояуларды жұртшылық кітаптан өз көзімен көріп, қолына ұстаса деймін», деді ол.

Айта кетейік, Жанұзақ Мү­сә­пірдің шығармашылығы сан қырлы. Телевизияда режис­сер болып, бірқатар деректі фильм түсірді. Мүсін өнерімен де ай­на­лысты. Бұған дейін де сурет­­шінің «Қара шаңырағым», «Ал­тын ұя мектебім», «Өмір өт­кел­­дері» атты кітаптары жа­рық көрген.