Amanat партиясының өңірлердегі кездесулері Шығыс Қазақстан облысында жалғасты. Партияның атқарушы хатшысы Асхат Оралов өңір тұрғындары, зиялы қауым өкілдері, партия белсенділері және жастармен кездесті.
Басқосулар барысында Жаңа Қазақстанды құру міндеттеріне сәйкес Жолдауды іске асыру және партияны жаңғырту мәселелері талқыланды. Сонымен қатар атқарушы хатшы «Ардагерлерді ардақтайық!» және «Кедергісіз келешек» партиялық жобалары аясында өткен іс-шараларға қатысты.
Абайдың «Жидебай-Бөрілі» қорық-мұражайында Абай ауданының ақсақалдарымен жүздескен А.Оралов: «Мемлекет басшысы Жолдауда үш жаңа облыс құрылатынын айтты. Абай облысының орталығы Семей қаласы болады. Бұл тарихи әрі әділетті шешім, ең алдымен, өңірдің дамуына қуатты серпін беріп, оның тұрғындары үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады», деді. Ал ақын, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі Төлеген Жанғалиев семейліктердің бұл шешімді көптен күткенін атап өтті. «Президенттің Абай облысын құру жөніндегі шешіміне айрықша қуандық. Бұл шешім – Мемлекет басшысының хакім Абайға және Шығыс жұртына деген құрметінің белгісі», деді ол.
Семей қаласында ұйымдастырылған зиялы қауыммен кездесуде тарихи мұраны сақтау, тарихи-мәдени ескерткіштерді қалпына келтіру және өнерді дамыту мәселелері де сөз болды. Филология ғылымдарының докторы, профессор Арап Еспенбетов сөзінде Абай облысын құру – Жаңа Қазақстанды құруға, оның ішінде рухани, мәдени, әлеуметтік, экономикалық аспектілерге қомақты үлес қосатынына сенім білдірді.
Жұмыс сапары аясында атқарушы хатшы 100 жастағы соғыс ардагері Александр Атавин, партия ардагерлері – Оралхан Сартаев пен Владимир Халиннің үйлеріне арнайы ат басын бұрды. Естеріңізге сала кетейік, аға буынға қамқорлық жасау мақсатында 2014 жылдан бастап «Ардагерлерді ардақтайық!», партиялық жобасы жүзеге асып келеді. Осы уақыт аралығында ел аумағында белсенді ұзақ өмір сүрудің 45 орталығы ашылып, онда 60 мыңнан астам зейнеткер бос уақытын өткізеді. Бұдан соң партияның атқарушы хатшысы Gold King спорттық-сауықтыру кешенінде параспортшылармен жүздесіп, «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында ерекше қажеттіліктері бар адамдарды қолдау және қолжетімді қалалық орта құру мәселелерін талқылады.
Шығыс Қазақстан облысының партия активімен кездесу кезінде А.Оралов Amanat-ты жаңғыртудың басымдықтарына кеңірек тоқталды. Бүгінде өңірде 300-ге жуық бастауыш партия ұйымына біріктірілген 52 мыңнан астам партия мүшесі бар. Барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының 85 пайыздан астамы – Amanat партиясының өкілі. 104 ауылдық округте өткен сайлау қорытындысы бойынша партияның атынан қатысқан кандидаттардың 82%-ы жеңіске жеткен. Жыл басынан бері Шығыс Қазақстан облысы бойынша партияның қоғамдық қабылдау бөлмелеріне 2,5 мыңнан астам өтініш келіп түссе, халықтың басым көпшілігі әлеуметтік қолдау, жер телімдерін бөлу, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелерін көтерген.
Белсенді жастармен кездесу кезінде өскелең ұрпақты жергілікті жерлерде толғандыратын өзекті мәселелер талқыланды. Бүгінде облыстағы жас депутаттар корпусында Amanat партиясына мүше 35 жасқа дейінгі 43 отандасымыз бар.