• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 19 Сәуір, 2022

«Жас тұлпар» дүбірі

495 рет
көрсетілді

Тобыл өңірінде осымен отызыншы рет ұйымдастырылған «Жас тұлпар» облыстық оқушылар айтысы биыл ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жыл­дығы мен Балалар жылына арналды. Дәстүрлі жыр додасына өнерге талаптанып жүрген 10 жас ақын қатысты.

1992 жылдан бері үзілмей келе жатқан «Жас тұлпар» бүгінде бойында өнер ұшқыны бар жас өрендердің талабын ұштап, қанатын қатайтатын үлкен мектепке айналған. Осы уақытқа дейін Тобыл-Торғайдың талай тастүлегі осы ортадан түлеп ұшты. Бірі республикаға танымал айтыскер атанса, бірі әнші-жыршылық бағытты ұстанып, өңірде ұлттың дәстүрлі өнерін насихаттап жүр.

Ахаң тойына арналған айтыстың шымылдығы белгілі айтыскер, Қа­зақ­станның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Әлпия Орманшинаның құттықтау сөзімен ашылды.

– «Жас тұлпар» айтысы бірінші рет Науырзым ауданында өтті. Содан бері осы айтыстың керуен-сапары әлі тоқтамай келеді. Жоба аясында қаншама дарынның жолы ашылды. Көбі шәкіртіме айналды. Сендер де менен тәлім аламын десеңдер, еш қарсылығым жоқ, есігім әрдайым ашық. Айбек Қалиев, Мамай Ізтілеулер алғашқы шәкірттерім болды. С.Өтелбаева, М.Оспанов, Е.Әуезхандарға да тәлім бердім. Бәрің бірдей айтыскер болып кетпессіңдер, бірақ үлкен жүректі өнер адамына айналатындарыңа сенімім мол. Жортқанда жолдарың болсын», деді ақын.

Жас ақындар шешіле сөйлеп, көсіле жырлады дей алмаспыз. Дегенмен көбі енді ғана сахнадан көріне бастаған балғындар ғой. Барынша ойларын өрнектеп, сөздерін кестелеп жеткізуге тырысты. Бірі ұшқырлығы мен тапқырлығын танытып, қарсыласына қамшы басып отырса, енді бірі қобалжып, тосылып қалып жатты.

Әйтсе де Аманкелді ауданынан келген Саят Әуезхан, Қостанай қаласының намысын қорғап шыққан Дінасыл Бақытбек, рудныйлық Жамбыл Тоққожаев, Меңдіқара ауданынан келген Ақжүніс Жүрсін сияқты балалардың өнері көпшілік көңілінен шықты.

Қазылар алқасы соңғы айналымға 6 ақынды өткізіп, бірден жұптап берді. Нәтижесінде, бас жүлдені Дінасыл Бақытбек жеңіп алды. 1-орынға Жамбыл Тоққожаев лайық деп танылып, Ақжүніс Жүрсін екінші орынды иеленді. Ал Бейімбет Майлин ауданының жас ақыны Нұрайлым Қуантай үшінші орынды қанағат тұтты. Жыр сайысына қатысқан жас өнерпаздардың бәріне арнайы дип­ломдар мен ақшалай сыйлықтар табыс етілді.

 

Қостанай облысы