• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 19 Сәуір, 2022

Ұқыпсыздың малы ұрыға жем

378 рет
көрсетілді

Былтыр Қазалы ауданына жасаған сапарымыз түс қайта аяқталып, кері қарай жиналдық. Такси де тез табыла кетіп, салон толғасын жолға шықтық. Жүргізуші әңгімешіл екен, көлікті де зырғытып келеді. Күре жолдағы көргенін айтып келе жатқан жігіттің сөзін үзгім келмегенмен, көзім сәт сайын сумаңдап көтеріліп бара жатқан спидометр тіліне түсіп кете береді.

Осыны сезген ол: «Алаңда­маңыз, аға, көз байланбай жа­тып, Қызылорданың шетіне ілігуі­міз керек. Әйтпесе, түнге қарай күре жолға мал шығып, кедергі көбейіп кетеді. Әсіресе, Жалағаш, Сырдария ауданы тұсында ондай жағдай жиі қайталанып тұра­ды» деді. Ең қиыны, зырғып келе жат­қан көліктің алдын кесіп, апатқа себепші болып жататын жылқы мен сиырдың иелері табылмай жатады. Жауапкершіліктен жал­тарғандар өзі өсірген ақ адал малын «танымай» қалатыны да жиі кездеседі. 

Өрістегі қараусыз малдың ұры­­ға оңай олжа болатыны да бел­гілі. Бұрнағы жылда­ры өр­шіп кеткен осындай ұрлық қа­зір төмендеп келеді. Бұған поли­цейлердің жергілікті әкім­дік­термен бірлесіп, малға бақташы белгілеу, қараусыз түліктерді уақытша ұстау орындарын кө­бейту бағытындағы ұйым­дас­тыр­ған жұмыстары сеп болған.

Жауапкершілікті сезіндіру үшін қараусыз жүрген 517 мал­дың иесіне Әкімшілік құқық бұзу­­шылық туралы кодекстің 408-ба­бы бойынша әкімшілік шара қолданылған. Сонымен қатар ветерина­рия қызметінің рұқ­сат құжатын­сыз мал және ет өнім­дерін заң­сыз тасымалдаушы 37 тұлға ӘҚБтК-тің 406-бабы бо­йынша әкімші­лік жауапкершілікке тартылуда.

«Қабылданған алдын алу іс-шараларының нәтижесінде ұр­лықтың тіркелуі өткен жылмен салыстырғанда 34,7 пайызға төмендеген. Облыс бойынша жыл басынан бері 49 мал ұрлы­ғы тіркеліп отыр. Бұл цифр 2020 жылдың есепті кезеңінде – 94, өткен жылы 75 болған», дей­ді облыстық полиция депар­та­менті Криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкі­лі, полиция майоры Нұртілек Ермаханов.

Ұрлықты болдырмаудың бір­­ден-бір жолы – ұқыптылық. Ба­рымтаның бар-жоғы білінбей­тін бала кезімізде малды падаға қосып, өрістен оралғанын қора­ға қамау біздің жұмыс еді. Қа­зір ауылдардан ондайды байқамай­сыз. Полицейлердің айтуынша, ұрлықтың 65 пайызы кешкі уақытта жайылымдарда болады.

Малды мейлінше бақташыға келісімшарт арқылы бақтыр­ған дұрыс. Бұл ретте полицейлер Шиелі ауданындағы Жиделі­­­арық ауылы тәжірибесі басқа елді ме­кендерге үлгі болуы керек­ті­гін айтады. Жиделі­арықтың ақса­қал­дары бас қосып, ең әуелі ауылда арақ-шарап сат­қызуды тыяды. Одан кейін падашы бел­гілеп, малдарын алдына санап берді. «Бақташы бар ғой» деп қамсыз және жүрген жоқ. Өзі бекем бо­лып, көршіні ұры тұт­паудың амалын жасап жатыр.

Осыдан 2 жыл бұрынғы дерек облыстағы 144 ауылдық ок­руг­тің 35-і ғана бақташы ұстап отыр­ғанын көрсеткен. Қызыл­орда қаласы, Қазалы, Қармақшы, Шиелі аудандарындағы ауыл­дар­да ішінара болса да өрістегі малды қадағалау бар. Ал Арал, Жалағаш, Сырдария, Жаңақорған аудандарында бұған мүлде көңіл бөлінбейді десе де болады.

Құқық қорғаушылар мал ұр­лы­ғының алдын алу үшін ауылдық округ әкімдерінің жа­уапкершілі­гін көтеріп, әкімдіктің бір қыз­меткеріне бақташылар жұмысын ұйымдастыруды жүк­теуді ұсы­нып отыр. Тіпті тұр­ғындар арасы­нан ерікті түр­де полицияға көмек­тесетін құ­ры­лым жасақтау да артық бол­мас еді. Айтпақшы, малын алдыр­ған­дардың полицияға кеш хабар беруі де қылмыстың дер кезінде ашылуын қиындатады. Осының кесірінен полицейлер көршілес өңірлерге ұрланған малдың түр-түсі туралы бағыт-бағдар бергенше барымташылар іздерін суытып үлгереді.

Есепті мерзімде тіркелген 49 мал ұрлығын саралаған по­лицейлер 17 факті бойын­ша тұр­­ғын­дардың малдары жо­ғалғаннан кейін 1-6 ай ара­лығында арыздан­ғанын айтады. Төрт дерек туралы жыл­ға жуық уақыт өткенде арыз­данған. Ұрлық болғанына жылдан асқанда полицейлерге 2 де­рек хабарлаған мал иелері бар. Мысалы, биыл 16 ақпанда Қа­за­лы аудандық полиция бөлі­міне аудан тұрғыны арызда­­нып, 2020 жылдың қазан айының аяғында малдарының жайылымда жоғалғандығын көрсеткен.

Қазір шүкір, мал қарасы кө­­бейді. Бірақ соған таңба салып, құжаттандыруға салғырт қарайтынымыз бар. Мысалы, былтыр Арал ауда­нын­дағы қуаң­шылықта қырылған 600 бас­тан астам малға ғана өтем­ақы тө­ленді. Түлігі есепке алын­ба­ғандар ештеңе де ала алмады. По­лицейлердің айтуынша, есепке алу ұрланған жағдайда малды іздестіруді жеңілдетеді.

Көрсеткіш бұрынғыдан тө­мен деп көңіл жұбатқанымызбен, кей ауылдар ұрылардан әлі де көресісін көріп отыр. Мысалы, осы ай басында Жаңақорған ауда­нындағы Түгіскен ауылы тұр­ғындары наразылық акциясына шықты. Алпыстан астам тұрғынның ма­лы ұрылардың олжасына айналған ауылда асыл тұқымды түлігін сатып жат­қандар да бар.

Қылмысқа қатысы бар деген күдікпен ауылдың 4 тұрғынын полиция қамауға алған. Оларға қатысты тергелген 4 қылмыстық істің 2-еуі сотқа жолданып, екеуі арызданушылар кешірімімен өндірістен тоқтатылыпты.

Аудандық полиция бөлімін­дегілер Түгіскенде өткен жылдары орын алған мал ұрлықтары бо­йынша тергеп-тексеру жұмыста­ры жүріп жатқандығын айтады. Осыған дейін осындай 14 факті анықталған. Қорадағы малды қолды қылғандар көрші облыс­тан келуі мүмкін деген жорамал да жоқ емес. Ал малы ұрланып ашынған жұрт «Әділдік жолы» қоғамдық ұйымының өкілдері­не жүгініп, істің бұрмаланбай, ұсталған ұрылардың тиісті жазасын алуын сұрап отыр.

 

Қызылорда