Әлемнің 51-ракеткасы Юлия Путинцева Ыстанбұл WTA 250 турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қазақстандық теннисші бастапқы кездесуін әлемнің 57-ракеткасы, Польша өкілі Магда Линетпен өткізді.
Бұған дейін қарсыластар бес рет кездесіп, соның төртеуінде М.Линетт жеңген еді. Бұл жолы бірінші партияда Путинцева 4:1 есебімен алға озды. Поляк қызы да қалыспай, таразы басын теңестіргенімен, қазақстандық теннисші тай-брейкте сәтті ойын көрсетті. Есеп - 7:6 (8:6).
Ал екінші сетте Юлия 6:4 есебімен басым түсті.
Екі сағатқа созылған тартыста Путинцева 1 эйспен бірге 9 брейк-пойнттың бесеуін пайдалана білді.
Енді жарыстың ширек финалына шығу үшін қазақстандық спортшы әлемнің 76-ракеткасы, швециялық Ребекка Петерсонмен айқасады.
Айта кетсек, ол әлемнің 23-інші, осы доданың 1-ракеткасы, бельгиялық Элизе Мертенсті жолдан тайдырған еді.