Биыл білім беру ошақтарында 7 және 9 мамырдағы мерекелерге орай жиын өткізілмейтін болды, деп хабарлайды Egemen.kz ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Мектептерде 7 және 9 мамырда аталып өтетін мерекелер қарсаңында патриоттық тәрбие беру, соғыс ардагерлерінің жеңіске қосқан үлесі, Отанға деген сүйіспеншілік, ізгілік, бейбітшілік пен келісімнің маңыздылығы тақырыптарында сынып сағаттары өткізіледі. Мектептерде 9 мамырға арналған жиын өткізу жоспарланып отырған жоқ», делінген хабарламада.
Сондай-ақ министрлікте әскери киім мен атрибуттарды қолданып, театрландырылған көрініс және басқа да шаралар ұйымдастырудың қажеті жоқ екені айтылды.
«Білім беру ұйымдарына осы мәселе бойынша ұсыныстар жіберілді», деп қосты баспасөз қызметі.