• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 20 Сәуір, 2022

Көшет көктесе, көптің игілігі

383 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылдың 1 қыркүйегіндегі Қазақстан халқына жолдаған Жолдауында қоршаған ортаны қорғау мәселесіне айрықша назар аударған болатын. Бес жыл ішінде орман алқабында 2 млрд, елді мекендерде 15 млн ағаш отырғызу міндетін жүктеген еді.

Байыптап қарасаңыз, бұл өте ауқымды шаруа. Қолдың саласындай ақ қайыңдар мен мәңгі жасыл қарағайлар көмкерген көрікті Көкше аймағы жасыл желектен құралақан емес. Ендігісі барын байыптап, берекесін келтіру. Мемлекет басшысы табиғаттың талмаусыраған тұсын тап басып, орынды міндет жүктеп отыр. Орман қашанда еліміздің бас­ты байлығы санатында. Таразы басына тартсаңыз, баға жетпес экологиялық және экономикалық ресурс сайып келгенде жалпақ жұрттың ұлттық игілігі.

Бүгінгі таңда өңірде табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының құзырына енетін 13 орман ша­руашылығы мекемесі бар. Ұлт­тық байлықты көлденең кеселге жо­лықтырмай, уақытында мо­лық­тыру, пайдалану жұмысын реттеу – бірінші кезектегі шаруа. Жасыл желек көлемі қаншалықты деңгейде екендігін оқырманның көз алдына елестету үшін мына бір деректі сөз арасына сыналай кетсек, артықтығы болмас. Облыстағы мемлекеттік орман қорының жалпы ауданы 405,5 мың гектарды құрайды, орман көмкерген ал­қаптар 225,7 мың гектарға жуық. Сан ретінде салмақтасаңыз, тұл­пардың тұяғын тоздыратын, етек-жеңі кең пішілген өңірде жасыл желек ит тұмсығы өтпестей болып көрінетіні бар. Шын мәнінде, олай емес. Орман өңірдегі барлық алқаптың 2,6 пайызын ғана құрай­ды. Қалған жер қу тақыр деме­генімізбен, тіс шұқитын шырпы та­былмайтын құла түз. Демек қол­да бардың қадірін білген дұрыс әрі сол бар байлықты тиімді пайдала­нып, орман ауқымын кеңейте түс­сек, бар дала көзтартар қарасын ор­ма­ны бар, өңі жақсы өлкеге айналар еді.

Жыл сайын орман ауқымын мүмкін­дігінше кеңейту мақса­тында жұмыс жүр­гізі­луде. Ел Президентінің өзі жауапкер­шілік жүктеп отырғаннан кейін бұл тарап­тағы бар іс соны серпін алуға тиіс­ті. Ауқым­ды жұмыстың бір парасы Нұр-Сұлтан – Щучинск авто жолының бойын­дағы жасыл белдеу. Қазір өкпек жолау­шының көзін қуантып, бір кезде құла түз болып қурап жата­тын жерге жайқалып көшет өсті. Үлбіреген үміттің лебімен көктеп, орманға айналды. 2009 жы­лдан бері 17,6 мың гектар орман пайда болды. Шортанды кен­тінен Щучье қаласына дейін 2,6 мың гектар алқапқа көшет отыр­ғызылды. Алғашқы бетте аз-кем қиындықтың болғаны да рас. Ағаш­тың кейбір түрлері жерсінбей де жатты. Әйтеуір, ғалымдардың бұл тараптағы қажырлы еңбек­терінің нәтижесінде топы­рақ құра­мы мұқият зерттелгеннен кейін көшеттер бой салып, көкке ұмсына өсіп барады.

Жоғарыда айтқан тапсырманы бұл­жытпай орындау мақсатында өңірде 2021-2025 жылдары 24,5 мың гектар алқапқа 150 млн дана қылқан жапырақты және жапырақты ағаш көшеттерін отырғызу жоспарланған. Былтыр облыстық басқар­маға қарасты орман шаруашылығы меке­мелері жалпы көлемі 970 гектар болатын алқапқа ағаш отырғызу жұмыстарын жүргізді. Биыл 1 280 гектар алқапқа 9,3 млн дана ағаш көшетін отырғызу көзделуде. Қар кетіп, жер аяғы кеңіген соң жұмыс басталып та кетті. Қазіргі таңда Ақкөл, Куйбышев, Степногор орман шаруашылықтары ағаш кө­шеттерін отырғызуда. Бұл орай­дағы басты керек дүние көшет екен­дігі белгілі. Орман шаруашы­лық­тары қажетті көшеттен қол­байлау көріп отырған жоқ. Өйт­кені жалпы ауданы 171 гектар жерді құрайтын 11 тұқымбақта 10 млн данадан астам ағаш бұта тұқымдас көшеттер өсіріледі.

Алдағы уақытта көшетпен қам­та­масыз ету деңгейі көбейтіле түспек. Ойдағы мақсат жүзеге асып жатса, міндет үде­сінен шығуға то­лық мүмкіндік бар. Алдағы іске күні бұрын қамданған орман ша­руа­шылығы қызметкерлері өт­кен жылы жапырақты ағаш тұ­қым­дарының он тоннадан астамын жинап алды. Ал өлкенің өзінде өсетін әрқилы ағаш тұқымдары мен қарағай бүршіктерінің 185 тоннасы жиналып, кәдеге асырылмақ. Бұл дүниенің бәрін іске жарату үшін біршама мүмкіндіктің бар екенін айта кетсек – артық болмас. Мәселен, шаруашылықтарда 7 бүршік кеп­тіргіш бар. Осы құ­ралдарды ұқыпты пайдалану арқылы 150 тоннаға жуық бүр­шік өңделіп, 1 500 кило қара­ғай тұқымы алынды. Қолда барды кәдеге жаратып, игілікке ай­нал­­дыру үшін осы тұқымның бар­­лығы орман шаруашылығы ме­кемелерінің тұқымбақтарына се­біледі. Қажетті тұқым көлемінің ұл­­ғаюына байланысты жалпы ауда­ны 86 гектарды құрайтын екі жаңа тұрақты тұқымбақты салу үшін қазір жобалау-сметалық құ­жаттары толтырылып, дайын бол­ды. Өңірде жасыл желекті мей­лінше жайқалту үшін дәл осын­дай ертеңгіні ойлайтын есті шаруа қолға алынса, келешектің көкжиегі де өзгеше өңмен нұрлана түсері даусыз.

Сөз соңында бесбатпан бейнетпен өсіріліп жатқан орман-тоғайды ойсыратып алмау мәсе­лесін де бір ауыз сөзбен түйін­дей кетелік. Ағаш кесу көлемін қысқартып, орман ішін қоқыстан тазартып, елді мекендердің айналасына жан жадыратар жасыл аймақтар құрылса, нұр үстіне нұр. Ал ел Президенті қойып отырған асқаралы міндеттің үде­сінен шығып, ел игілігін еселеу бағытындағы бүгінгі шаруа оңынан оңғарылуда. Сол ілкімді істі көрген сайын өз кө­кірегіндегі келешектің келісті кел­бетіне деген сүйсініс көк өс­кін­нің жапырағы тәрізді гүлдеп тұ­рады емес пе?!

 

Ақмола облысы