Жасыратыны жоқ, шалғай жатқан ауылдарға инфрақұрылым игілігі кеш жетеді. Жаңашылдықты сарғая күткен тұрғындар өзге өңірге қоныс аударып, елді мекендер елсіз қалатыны рас. Тұрғындарды тұрақтандыру мақсатында ілкімді істердің жедел қолға алынуы маңызды.
Успен ауданына қарасты Константиновка ауылы жұртшылығының көптен күткен арманы орындалды. Мұнда заманауи балабақша есігін айқара ашты. Маңдайшасына «Айгөлек» деген белгі қойылыпты. Іргетасы жаңадан қаланбаса да, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде күрделі жөндеуден өткен балабақша бұрынғыдан өзгерек. Көздің жауын алады. Ендігі жерде мұнда 75 баланы қабылдауға мүмкіндік бар. Әзірге 57 ұл-қыз тәрбиеленуде.
«Біз үш топты, әсіресе кіші топты ашқанына өте қуаныштымыз. Балдырғандар 1,5 жастан бастап қабылданады. Енді жұмысымызға алаңдамай барамыз», деп ата-аналар бөркін аспанға атты.
Айтпақшы, ауылдағы орта білім беретін мектеп те жөнделуде. Жылыту жүйесі мен ғимараттың шатыры жаңартылмақ. Жауапты мердігер «ГрадСтройСервис» ЖШС жөндеу жұмыстарын биыл маусым айында аяқтауға уәде берді. Бастысы, сапасы көңіл көншітсе болғаны. Мектепте 161 оқушы білім алуда.
Әрине, инфрақұрылым шаралары мықтап қолға алынса, ауылдан халық көшу былай тұрсын, қоныс аударушылардың артатыны сөзсіз. Мәселен, Константиновка ауылдық округіне қарасты Равнополь ауылына былтыр 127 адам көшіп келген. Биыл алғашқы тоқсанда елді мекенге 5 отбасы (22 адам) қоныс тепкен. Бұл ауылда келбеті келіскен мектеп, балабақша, фельдшерлік-акушерлік пункт, орталық су құбыры бар. Былтыр 10 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Алдағы уақытта 24 пәтерлік үйді қалпына келтіру жоспарланған.