UFC-де өнер көрсетіп жүрген аралас жекпе-жектің хас шебері Дамир Исмағұлов өзінің келесі кездесуін үстіміздегі жылдың 19 маусымында өткізеді. Ресейде туып-өскен 31 жастағы қандасымыз бұған дейін түрлі промоушендерде күш сынасқан Скандинавия түбегінің сақа спортшысы Гурам Кутателадземен сайысқа түседі.
Гурамның жасы 30-да. Ол Грузияда туып-өскенімен, есейе келе Швецияға қоныс аударды. Алғашында кикбоксингпен шұғылданып, көптеген халықаралық жарыста елеулі табыстарға қол жеткізді. Кейіннен грэпплинг, еркін күрес және боксты меңгерді. 2010 жылдан бері аралас жекпе-жекке ден қойды. Бастапқы үш бәсекеде Кутателадзе жеңіске жеткенімен, келесі екі кездесуінде жеңілістің кермек дәмін татты. Сол сәтсіздіктерден сабақ алған ол Стокгольмдегі Allstars Gym Sweden клубында әйгілі швециялық спортшы Александр Густафссонмен бір залда жаттықты. Кейіннен олардың қатарына жас жұлдыз Хамзат Чимаев қосылды.
Мықтылармен иық тіресе жаттығу өз жемісін берді. 2005 жылдан бері Гурам тоғыз рет октагонға шығып, барлығында жеңіске жетті. Оның жалпы рекорды – 14 кездесу, 12 жеңіс (8 нокаут), 2 жеңіліс. Соңғы рет Швецияның өкілі 2020 жылдың 17 қазанында Әбу-Дабиде өткен жарыста польшалық Матеуш Гэмротты ұпай санымен ұтты.
Ал Дамир Исмағұловтың жүріп өткен жолы қазақ жанкүйерлерінің көз алдында. Орынборда дүниеге келген қандасымыз 2014 жылдан бері ММА-ны серік етуде. Сол кезден бері 24 кездесу өткізген ол соның тек біреуінде ғана жеңіліс тапты. 13 бәсекені мерзімінен бұрын аяқтады. Дамир UFC-де төрт жекпе-жек өткізіп, барлығын ұпай санымен өз пайдасына шешті.