• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Аймақтар 21 Сәуір, 2022

Қалам қайраткерінің мерейтойы

367 рет
көрсетілді

Қостанай облысы биыл қазақ журналистикасының атасы, ақын, көсемсөзші Мұхаметжан Сералиннің 150 жылдығын атап өтеді. Атаулы мерейтойға дайындық шаралары барысында былтыр Қарабалық ауданына қарасты Өрнек ауылындағы ақын зираты жаңартылып, аудан орталығына ескерткіш белгі орнатылды. Сондай-ақ біртуар қайраткердің туған ауылы Өрнекте абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, аудан орталығындағы М.Сералин атындағы көше жөндеуден өтті.

Қарабалық ауданы әкімі­нің орынбасары Ибрагим Бек­мұхамедовтің айтуынша, өткен жылы бастау алған игі шаралар биыл да жалғасын табатын болады.

– Ауданда арнайы жұмыс тобы құрылып, Мұхамеджан атамыздың 150 жылдығын атап өту жоспары түзілген. Осы жос­пардың негізінде жа­салған бағдар­ламаға жиырма шақты іс-шара енгізілді. Оның ішінде қай­раткердің өмірі мен қызметі туралы дерек­тер мен толық мұра­сын жеке жинақ етіп шығару, «Гүл­­хашима», «Топжарған» поэма­­ларын орыс тіліне аудару көз­деліп отыр. Сондай-ақ ғы­лы­ми-практикалық конференция, мәдени және спорттық іс-шаралар ұйымдастырылып, облыстық «Қостанай таңы» газетінде М.Сералинге арналған жазба айтыс өтетін болады, – деді И.Бекмұхамедов.

Іргедегі Троицк қаласында қазақтың алғашқы қоғамдық саяси және әдеби-мәдени журналы «Айқаптың» редакторы болған қалам қайраткерінің мерейтойы кезінде өзі ашқан бұрынғы «Ауыл», бүгінгі «Қос­танай таңы» газетінің 100 жыл­дығына тұспа-тұс келіп тұр. Облыстық газеттің бас редакторы Жанұзақ Аязбековтің ай­туынша, көсемсөзші осы газет­тің алғашқы нөмірінен бас­тап, 1926 жылға дейін үздіксіз шығуына тер төкті. Редактор бола жүріп, губерниялық атқару комитетінің төрағасы қызметін де атқарды. Кеңес өкіметі енді құрылған кезеңде тығырықтан жол тауып, редакция жұмысын ұйымдастырып, алға жылжыта білді. М.Сералиннің қазақ руханиятында алатын орны ерекше дейтініміз сондықтан.

– Мұхаметжан Сералиннің сәуле түспеген, әлі толық баға­сын алмаған еңбектері бар. Алдағы уақытта соның бәрі саралануға тиіс. Мені алаңдатып отырғаны, мәселен, М.Сералин қазақ журналистикасының атасы дейміз. Ол кісі шығарған «Айқап» журналы бүкіл қазақ даласына тарап тұрды. Оған Алаш арыстары үн қатқан. Ендеше, біз бұл мерейтойды республикалық деңгейде неге атап өтпейміз? Неге бұл кісінің мерейтойын атап өту жөнінде республикалық деңгейде бағ­дарлама көрінбейді? Осы жа­ғына мән берілмей отырған секілді. Бұдан отыз-қырық жыл бұрын алдыңғы буын аға ұрпақ Мұхамеджан Сералиннің ұлттық кәсіби журналистиканың негізін қалаған еңбегін жан-жақты талдап, саралап, зерттеді. Қазіргі буында осы жағы кемшін түсіп жатыр. Негізінде, М.Сералинді мемлекет қайраткері десек те қателеспейміз. Өйткені, Ахмет Байтұрсынұлы екеуі Қазақстан өлкелік комиссиясының мүшесі ретінде қазіргі Қостанай облысын көршілес Челябі гу­бер­ниясының аумағынан Қазақ­станға қайтарып алуға белсене кірісіп, осы мақсатта тізе қо­сып, айқасқан адамдар. Соның нәтижесінде Қостанай облысы қайтадан өзімізге қосылды. Бұл туралы дерек-дәйек жеткілікті, – деді Жанұзақ Аязбеков.