Атырау облысының Жылыой ауданындағы Жем өзені тасып, соның салдарынан Құлсары қаласындағы үйлерді су басты. Елді мекенді одан әрі су басудың алдын алу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.
«21 сәуір күні сағат 05:57-де Жылыой ауданы Құлсары қаласының 7-ші ауылында Жем өзеніндегі су деңгейінің көтерілуіне байланысты үш аула аумағын су басты. 10 адам, оның ішінде төрт бала эвакуацияланды. Олар туыстарының үйлеріне орналастырылды.
Ең қауіпті учаскеде 7-ші ауылдың үйлерін қорғау үшін топырақ үйіндісін салу және құм салынған қаптарды төсеу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жұмыстарға Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаменті, Жергілікті атқарушы органдар, аудандық полиция бөлімі және Жылыой ауданының ірі кәсіпорындарының қызметкерлері мен техникасы қатысады. Барлығы 92 адам мен 24 техника», деді облыстық ТЖД баспасөз қызметі.
Аяна Тоғанбек