Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті саяси ғылымдар докторы, профессор ҚР Президенті Кеңсесінің басшысы Махмұт Қасымбековтің “Бірінші” кітабы жөнінде “дөңгелек үстел” ұйымдастырды. Бұл кітапта Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тағылымды өмір жолы мен қалтқысыз қызметі жөнінде жазылған очерктер топтастырылған.
“Дөңгелек үстелге” қатысушылар кітапқа желі болып тартылған материалдардың мазмұны терең, нақты әрі дәйекті екенін, сонымен бірге, шындықпен астасып жатқанын атап өтті. Әсіресе, “Біріншіге” топтастырылған архивтік негіздегі материалдар мен құжаттар кітаптың құндылығын одан әрі көтере түскен. Кітап авторы М.Қасымбеков бірнеше жылдарға созылған бақылаулардың негізінде Нұрсұлтан Әбішұлының ұлттың көшбасшысы ретіндегі бітім-болмысын, азаматтық кескін-келбетін әрі адами ізгі қасиеттерін шебер аша білген.
Сонымен бірге, бұл еңбекте Елбасының күнделіктері, отбасылық суреттері, танымал тұлғалардың Мемлекет басшысы жөніндегі ой-пікірлері енгізілген. “Дөңгелек үстелге” арнайы қатысқан Батыс Қазақстан облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы Тілекқабыл Имашев кітаптың студенттер үшін де пайдасы мол екеніне тоқталып, Елбасының жеке өмірі оларға әркез үлгі-өнеге бола алатынын атап өтті.
Ал “Конфессиялық толеранттылық идеясы” тақырыбында әңгіме қозғаған тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Ағила Нұрғалиева этностар арасындағы бірлік пен ынтымақты және дәстүрлі діни бағыттарды қалыптастыруда Қазақстанның көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атқарып келе жатқан еңбегі мен рөлі зор екенін жастар мен студенттердің жүректеріне жеткізе айтты.
Темір ҚҰСАЙЫН, ОРАЛ.