• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 22 Сәуір, 2022

Ашық қоғамсыз айқын жетістікке жету мүмкін емес

295 рет
көрсетілді

Тап осы кезең талай кемшіліктің бетін ашып, қоғамдық санаға серпіліс туғызған, мемлекет бағдарын жаңа арнаға бұрған бетбұрыс кезеңі ретінде халық көңіліне үміт ұялатып отыр. Болған жайдан сабақ алып, болашаққа байыпты қадам жасау үшін «Жаңа Қазақстан» идеясының мәні зор. Осы мәселеге қатысты белгілі Мемлекет және қоғам қайраткері, Түркі Мемлекеттері Ұйымы ақсақалдар кеңесінің мүшесі Икрам АДЫРБЕКОВКЕ бірер сауал қойған едік.

– Президент Жолдауы көп­шіліктің көкейінде жүр­ген маңызды жайларды қамты­ды. Ал сіз оны қалай қабыл­дадыңыз, қандай ой түйдіңіз?

– Қаңтар оқиғасынан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты мазмұнды Жолдауын жария­лады. Парламенттің бірлескен отырысында жұртшылыққа жол тартқан кезекті үнқатуды бүкіл халық айрықша назармен, алаңдаушылықпен, үмітпен күт­кені рас. Шындығына келген­де ел тәуелсіздігінің 30 жыл­дық мерекесін бүкіл халық панде­мияға қарамастан көтеріңкі көңіл­мен, сән-салтанатпен кеңі­нен атап өткен еді. Оған толықтай негіз де бар болатын. Өйткені осы бір қысқа мерзімде қазақ ұлты ауқымды жетістікке қол жеткізді, егеменді ел болып өз тағдырын өзі айқындайтын дәрежеге ие болды, шекарасын шегендеді, халықаралық қауымдастықта беделі артты, жаңа астана салынып, тәуелсіздік тұғыры нығая түсті, елде саяси тұрақтылық пен бейбіт өмір орын алды. Осы бір мызғымастай болып көрінген құндылықтар бір сәтте аяқасты болды. Әрине елдің сырт көзге жарқыраған имиджінен, бейнесінен бөлек, ішкі өмірінде, тұрмысында, барлық дерлік салада кемшіліктер мен қиыншылықтар жеткілікті болатын. Бірақ халық бүгін болмаса да аталған жайлар ертең шешімін табар, бар шындықтың, ашықтықтың, әділдіктің жолына түсер деген үмітте еді. Себебі Қазақстан тәуелсіздігін алған тұста елдегі жағдай тіптен күрделі болды. Көптеген кәсіпорын жұ­мысын тоқтатып жатты, жұ­мыс­сыздық жайлап әркім өз жағ­дайымен әлек болған қиын кезеңдерді бастан өткергеніміз шындық. Осындай шарасыз ке­зеңде ел тұрғындарының бір­шама бөлігі өздерінің тарихи отан­дарына жаппай көшіп жатты, көптеген білікті, білімді замандастарымыз мамандықтарын тас­тап, отбасының күнкөрісі үшін базар жағалап кетті. Өйт­кені мем­­лекеттің мерзімінде ең­бек, зейнетақыларын төлеп тұру­ға мұршасы болмады. Бірақ осы­ған қарамастан қазақ ұлты өз тәуелсіз мемлекетін құру, оны баянды ету, тұғырына қондыру, нығайту зор жауапкершілік екенін терең сезіне білді, барлық қиындыққа төзді, аянбай ең­бек етті. Сол заман­ды көзімен көр­ген, ауыртпашылығын мойнымен көтерген біздер үшін Алма­тыдағы мемлекетке, тәуел­сіздікке жасалған қастандық ақылға сыймайтын, санамыз қабылдай алмайтын оқиға. Қазір өз мемлекетінің тәуелсіздігі, жерінің, ұлтының азаттығы үшін қасық қаны қалғанша қырқысып жатқан елді көргенде, өткен оқиғаны еске алғанда одан сайын тығырыққа тірелесің, өз еліңнің болашағына алаңдайсың, сан сұраққа жауап іздейсің. Меніңше осындай алаңдаушылық, іштей күйзеліс әр саналы азаматтың басында бар. Сол себептен Пре­зиденттің 16 наурыздағы Жол­дауы көңілдегі сауалдарға нақты жауап әкелді, болашаққа үміт сыйлады. Анығын айтсақ, Жол­дау бүгінде барша халықтың қол­дауына ие болды. Өйткені бұ­рын-соңды болмаған, мемлекет­ке, тәуелсіздікке төнген қауіп-қатер­ден Мемлекет басшысы ас­қан салқынқандылықпен, табан­дылықпен елді құтқара білді, сөзсіз апаттан аман сақтап қалды.

– Президент Жолдауда көптеген саяси реформаны қолға алатынын жария етті. Осы туралы не айтар едіңіз?

– Президент Жолдауындағы қарас­тырылған реформалар елдегі көптен қордаланып қал­ған, мемлекеттің дамуы­на кері әсер ететін, көпшіліктің рені­шін туғызатын мәселелерді түп­кілікті әрі жүйелі, тиімді жолмен шешу­ді қарастырады. Жолдауда көр­сетілген билік тармақтарының тепе-теңдігі, мемлекеттік ап­па­раттың кәсіби білік­тілігі, жа­рия­лылығы, ашықтығы, құқық қорғау жүйесіндегі әділдік, сая­си пар­тиялардың дербестігі, шы­на­йы бә­се­келес­тігі еліміздің бола­шақта демо­кра­­тиялық жо­л­мен дамуының кепілі. Әсі­­ресе саяси партиялардың тәуел­сіз­­дігі, бәсекелестік жолмен ха­лық­тың се­німіне ие болып би­лікке келуі – ол әсіресе талантты жастардың саяси сах­на­ға келуіне жол ашады, олардың ел тағ­дырына жауап­кершілігін күшейтеді, мем­л­екеттік органдарда, қоғамда, жем­­қор­лықтан арылуға ықпал етеді. Осы ретте Қазақстан хал­қының саяси белсен­ділігі, сауат­тылығы аса маңызды. Елдің тәуелсіздігіне, қауіпсіздігіне, бейбіт өміріне тек билік жауапты емес, ондай жауапкершілікті әрбір азамат жақсы сезінуге тиіс. Қазақстанның қандай гео­сая­си ортада тұрғаны бар­ша­мыз­ға белгілі, оны әр­да­йым есте сақтағанымыз абзал. Он бес мың шақырымнан ас­там шекараны бекем ұстаудың бір­ден-бір тиімді жолы оның көр­ші елдермен достық, сыйлас­тық, ынтымақтастық белдеуі­не айналуы. Дегенмен де бүгінгі күні әлемдегі саяси жағдай аса күр­деле­ніп барады. Халықаралық құ­қық бұзы­лып, алпауыт елдерге тыйым болмай қал­ды. Олар басқа елдердің ішкі мәсе­ле­лері­не араласып өз мүддесі үшін со­ғыс ашуға даяр екендігін көр­сетіп отыр. Осы ретте Жолдауда көрсетіл­ген­­дей, Парламенттің рөлін көтерумен қа­тар Президент билігінің де күшін, тиім­ділі­гін төмендетпеу керек деп есеп­тей­мін. Ұлан-ғайыр жеріміз, халық сирек орналасқан шекарамыз, шағын, бейбіт өмірге бейімделген әскери күшіміз ел қауіпсіздігін ұдайы назарда ұстауды, әр өңір­де ішкі бірлікті, қор­ғанысты дамытуды талап етеді. Жалпы, Пре­зидент ұстанымына сәйкес қоғам ашықтық, жариялылық, де­мократиялық жолға бет ал­ған­нан кейін, осы жолды тәжірибе ретінде сатылап емес, толықтай түбе­гейлі енгізудің уақыты келді ме деймін.

– Бұл реформалардың ішінде әкім­дер сайлауын ерекше атаған жөн шығар?

– Атқарушы билікті ауылдан бастап, қала, облыс деңгейінде тікелей, ашық, бәсекелестік жолмен халық сайлағаны тиімді болар деген ойдамын. 2005 жылы тәжірибе ретінде ішінара сайлау енгізілгенімен, ол жалпы саяси реформаға ұласпағандықтан жалғасын таппай, аяқсыз қалд­ы. Дегенмен осы ретте облыс, республика, қала деңгейінде президенттік билік, бақылау әлсіремеуі тиіс. Керісінше арнайы өкіл-орган онда болғаны, орналасқаны тиімді болар ма еді?! Осындай жүйе көптеген дамыған мемлекетте қалыптасқан. Айталық Ыстанбұлда тұрғындар тікелей сайлайтын мэр мен қатар Президент тағайындайтын губернатор бар, Нью-Йоркта да солай, Парижде – префект және тағы басқа. Олардың негізгі міндеті – мемлекеттің қауіпсіздігін, ішкі тұрақтылығын сақтау, қылмыспен күрес, адам құқығын қорғау, жергілікті органдардың шешімінде заңдылықты сақтау. Жасыратыны жоқ, қаңтар оқиғасы көрсеткендей өңірлердегі құқық қорғау органдарында ортақ координация әлсіз, олардың іс-қимылын, жұмысын астанадан бақылау, әділ бағасын беру қиын. Осындай жағ­дай министрліктердің өңірлік органдары­на да тән. Аталған органдарға шағыну үшін халық бас қалаға шұбыруға мәжбүр. Ал жемқорлық мәселесі тіпті бөлек әңгі­ме. Осындай жағдайда әлемдік тәжіри­белерді тереңірек зерттеп, еліміздің тұ­тас­тығын, қауіпсіздігін сақтау мақ­сатында пайдалану орынды деп есеп­теймін. Жалпы, бүгінгі қоғамдағы жа­риялылық, ашықтық, әділдікке бетбұрыс жағдайында көптеген тиімді бастама жүзеге асатыны сөзсіз.

– Түркі Мемлекеттері Ұйы­мы (ТМҰ) ақсақалдар кеңесі­нің мүше­сісіз. Түбі бір туысқан халық­тар арасындағы саяси-мәдени ықпал­дастықтың бүгінгі өрісі қандай және болашақта қай бағытта өрбімек?

– Жұртшылыққа белгілі, 2021 жылы қараша айында Ыстан­бұлда өткен Түркі мемлекеттері бас­шыларының сам­­митінен ке­йін осы ұйымға мүше ел­дер­­­дің ара­сында ықпалдастық қарым-қа­ты­­нас жаңа серпін алды. Деген­мен де Халық­аралық Түркі ака­демиясының соңғы зерттеулері бойынша бауырлас халықтар бір-бірінің мәдениеттерін, әде­биетін, дәстүрін, бүгінгі саяси-эконо­ми­калық жағдайын білу деңгейі 15-20%-дан аспайтын көрінеді. Алдымызда осы ба­ғыттағы жұмыстарды барынша жандандыру міндеті тұр. Осы жылдың ақпан айында Ыстанбұлда ТМҰ ақсақалдар кеңесінің кезекті отырысы өтті. Онда түркітілдес халықтар­дың түбі, тегі, тарихы бір екенін насихаттау арқылы елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты, бауырластықты дамыту туралы сөз қозғалды. Халықаралық Түркі академиясымен бірлесе отырып, ортақ тарихымызды терең зерттеуді қолға алу, кеңес дәуірінде бұрмаланған тарихи деректерді қайта қарап, шынайы бағасын беру, бірлескен оқулықтар жазу ұсынылды. Әсіресе Түркістан қаласын – түркі әлемінің рухани астанасы ретінде насихаттау, болашақта көптеген игілікті шараны осы қалада бірлесіп өткізу жоспарға енгізілді. Осы ретте айта кетер бір жайт ТМҰ ақса­қал­дар кеңесінің мүшелерін Түркия Пре­зи­денті Режеп Ердоған арнайы қабыл­дап, түркі әлемінің болашағы туралы өз ойымен бөлісті. Түркітілдес халық­тардың бірлігін арттыруға аса маңыз беретінін жеткізді. Тиісінше біз де өз жұмысымызды осы бағыттарда жалғастыратын боламыз.

– Сізді ел ағасы, ұлт жанашыры ретінде бүгінгі қоғам­дағы нендей мәселелер толғандырады?

– Толғандыратын, ойланды­ратын жайлар қоғамда жет­кілікті. Бұл сауалдардың көп­шілігінің жауабы Президент Жол­дауынан табылғанына қуана­мын. Десе де мені мазалай­тын ең үлкен мәселе – ұрпақ тәр­биесі. Себебі еліміздің тікелей мем­лекеттігінің, тәуелсіздігінің, жарқын болашағының тағдыры осыған байланысты.

Кешегі Алматыда болған асқан қатыгездік, өз туып-өскен мекеніне, мемлекетіне деген құрметтен кендешілік бүгінгі жас ұрпақтың тәрбиесіндегі орны толмас олқылықтарды, кемшіліктерді көрсетеді. Оған бүгінгі қоғам да, әрбір отбасы да кінәлі. Қазіргі жас ұрпақ агрессивті моральдық шектеусіз сандық-ақпараттық ортада өсіп келеді, соған күні бойы тәуелді, міндетті, қажетті оқулықтардан басқа кітап оқи бермейді. Әрине мемлекет бүгінде балаларға, жастарға білім берудің ең озық тәжіри­бесін енгізуде, бірақ мемлекеттің, ұлттың болашағы тек білімді ұрпақта ғана емес, ол негізінен тәрбиелі ұрпақта. Осы жерде әке-шешенің, ата-әженің рөлі ерекше, олар өз ұрпағының бойына ұлттық құндылықтарды сіңіре отырып тәрбиелеуі парыз. Мысалы, мен қазір шетелдің ең беделді жоғары оқу орнында білім алып келген, әлемдегі барлық жетістікті жетік білетін жастарды мемлекеттік органдардың бас­шысы немесе орынбасары ретінде жиі көремін. Бірақ олардың кей­бірі жөргегінде ұлттық тәрбиемен сусындамағандықтан өз ана тілінде еркін сөйлей алмайды. Қарапайым сөзбен ойын жеткізе алмай, Парламент мінберінде немесе журналистердің сауалына жауап бере алмай қиналады, қысылады. Енді оған қанша оқығанмен, күшін салғанмен осы комплекстен арылу қиынға соғады. Сол себептен де озық білім мен ұлттық тәрбие бір-бірімен тонның ішкі бауындай қабысып, қатар жүруі керек. Әрине қазіргі заманның жыл­дамдығы, салмағы, ауыртпалығы ата-анаға күніне жарты сағат та баламен асықпай сөйлесуге, ішкі әлеміне үңілуге мүмкіндік бермейді деп жатады. Бірақ ұрпақ тәрбиесінен, баланың болашағынан артық құндылық жоқ екенін әрбір ата-ана жадына түйсе игі еді. Мені алаңдатқан ең өзекті жай осы. Ал негізінен қоғамдағы жаңа бет­бұрыстар көңілге үміт сыйлайды.

 – Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Арман ОКТЯБРЬ,

«Egemen Qazaqstan»