• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әлем 22 Сәуір, 2022

Әлемдік экономиканың өрісі тарылады

632 рет
көрсетілді

Халықаралық валюта қорының болжауынша, 2022 жылы инфляция күшейіп, жаһандық экономикалық өсім күрт баяулайды. Бұл туралы ХВҚ «Әлемдік экономика перспективасы» атты кезекті зерттеуінде жария етті. Қордың мәлімдеуінше, жаһан экономикасының тұсаулануына басты себеп – Украинадағы ахуал.

Болжамға сүйенсек, әлемдік өсім 2021 жылы бағаланған 6,1 пайыздан 2022 және 2023 жылдары 3,6 пайызға дейін төмендейді. Қор са­рап­шыларының сөзіне қарағанда, Украи­надағы соғыс аса күрделі гума­нитарлық дағдарыстың туындауына себеп болды. Сондықтан эконо­ми­калық шығын да күрт көбейіп, өсім баяулайды. Бұл өз кезегінде инфляцияның қарқын алуына жол ашып береді. Қазірдің өзінде әлемнің көптеген елінде отын мен азық-түлік бағасы қатты өсіп жатыр. Мұндай қымбатшылықтың әсіресе, әлеуметтік әлсіз топтарға соққы болып тиері сөзсіз.

Орта мерзімді перспективада келер жылы жаһан экономикасы 3,3 пайызға төмендейді деп күтіледі. Соғыс салдарынан туындаған баға өсі­мі қымбатшылыққа одан сайын жел беріп, инфляция деңгейі экономикасы дамыған елдерде – 5-7, нарығы енді еңсе тіктеп келе жатқан елдерде – 8-7, ал дамушы нарықтарда 9-10 па­йыз межесінде қалыптаспақ. Бұл ретте гуманитарлық дағдарыстың жолын кесу, экономикалық құлдыраудың алдын алу, жаһандық өтімділікті қол­дау, қарыз дағдарысын сәтті бас­қара білу, климаттың өзгеруімен кү­ресу және пандемияны тоқтату ерек­ше маңызға ие болмақ.

Сондай-ақ батыс тарапынан Мәс­кеуге салынып жатқан санкциялар ағыны көмірсутегі бағасының кенеттен қымбаттап кетуіне әсер етті. Баяндамаға зер салсақ, былтырмен салыстырғанда биыл мұнай бағасы 55, ал газ бағасы 147 пайызға қым­бат­­тайды. Бұл ретте Ресей газы мен мұ­найынан толықтай бас тарту шарасы Еуропада және дамушы нарық­тарда, сонымен қатар АҚШ-та па­йыз­дық ставкалардың жо­ға­ры­ла­уы­на, инфляцияның жедел­де­уіне себеп болатынын ескертеді.

Бұған дейін Дүниежүзілік банктің басшысы Дэвид Милпасс та 2022 жылы әлем экономикасының өсімі 4,1-ден 3,2 пайызға төмендейді деп болжам айтқан еді. Бұған себеп болатын басты факторлар – Ук­раи­­надағы дағдарыс, Қытайдағы COVID-19-ға байланысты пайда бол­ған локдаун, энергия тасымалдау­шы­лар, тыңайтқыш пен азық-түлік баға­сының өсуі.