• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Елорда 22 Сәуір, 2022

Жол қозғалысын жолға қоятын тұжырымдама

419 рет
көрсетілді

Елордада Кешенді көлік схемасының тұжырымдамасы бекітілді. Бұл халықтың жыл сайынғы өсуін және жолдардағы трафиктің ұлғаюын ескере отырып, қалалық көліктің 10 және одан да көп жылға арналған бірыңғай техникалық пайымын әзірлеуге мүмкіндік береді. Бұл туралы қалалық мәслихат отырысында City Transportation Systems ЖШС басқарма төрағасы Бекмырза Игенбердинов айтты.

«Қаланың бас жоспарында көліктік даму бөлімі бар. Бірақ уақыт талабы мен урбанизацияны, жаңа сын-тегеуріндерді ескере отырып, бұрылу алаңдары, жаяу жүргіншілер, бағдаршамдар және басқа да мәселелерді жазып, кешенді көлік схемасының дамуын жеке бөліп көрсету қажет. Әлемдік тәжірибеде қалалық және көліктік жоспарлау – қала құрылысының өзара байланысты және өзара тәуелді элементтері», деді Б.Игенбердинов.

Сонымен қатар көлік ком­пания­сының басшысы қала­лық көлікті басқаратын ұйым­дар ара­сын­дағы үйлестіру жұмыс­та­рын күшейту қажет екенін атап өтті.

«Бұған қоса магистралды кө­ше­лер мен өзен арқылы өтетін көпірлер санын арттыру қажет. Тұрғын орамдары құрылысын көліктер ауқымын ескере отырып жоспарлау керек. Бұл ретте қалалық көлікті басқару саласын­да­ғы стратегиялық құжат – ке­шен­ді көлік схемасын жасау ең дұ­рыс шешім болады», деді Б.Иген­бердинов.

Кешенді көлік схемасы (ККС) қалада қалалық көлікті ұйым­дас­тыру мен басқаруға қатысты қолданыстағы құқықтық жүйедегі олқылықтар мен қайшылықтарды анықтайды, жер пайдалану мен қалалық көлікті жоспарлауды, қалалық көлік саласына тартылған органдардың функциялары мен өкі­лет­тіктерін біріктіреді. Сон­дай-ақ қоғамдық көлік, жол-кө­лік инфрақұрылымы, жол қозға­­лысын ұйымдастыру, көлік ағын­­да­рын басқару, тұрақ кеңіс­тігі және т.б. салалардағы проб­ле­ма­лар­ды шешуді ұсынады.

Кешенді көлік схемасының тұжырымдамасын қалалық мәслихат бекітті. Үкіметпен, Ин­дус­трия және инфра­құры­лым­дық даму министрлігімен бірлесіп қаржыландыру көздері келісіледі. Бұдан әрі ККС-ті іске асыру қол­ға алынады. ККС әзірлеумен қатар Нұр-Сұлтан қаласының аума­ғын 2025 жылға дейін дамыту бағдарламасында нысаналы көр­сеткіштерді назарға алу қажет.

Айта кету керек, елорда әкім­дігі жол инфрақұрылымын дамы­ту­ға ерекше көңіл бөледі. Осы жылы 100-ге жуық көше салынып, жөнделеді. Кейінгі екі жылда 300-ге жуық көше жөнделді, оның жартысы – тұрғын үй алап­та­рындағы көшелер.

Сонымен қатар Ұлы дала даңғы­лында екі автокөлік көпірі­нің құрылысы жүріп жатыр. Бұл осы жылы аяқталады. Есіл өзені арқылы Тәуелсіздік даңғы­лын­да­ғы көпірдің құрылысы 2023 жылы аяқталады. Бұл жұмыстар аяқталса, жолдағы трафик айтар­лық­тай жеңілдейді. Сондай-ақ Алаш тас жолы бойындағы көпі­р­ге («бүкір көпір») күрделі жөн­деу, жаңа жолайырықтарын жобалау және т. б. жұмыстар жүр­гі­зі­ліп жатыр.