Өткен жылы туғанына сексен бес жыл толған қазақ балалар әдебиетінің көрнекті өкілінің бірі, бірнеше кітаптың (ішінде неміс, орыс тілдерінде шыққан туындылары мен өзінің ертегілері де бар) авторы, Жамбылдың әдеби-мемориалдық музейін ұзақ уақыт басқарған марқұм Мұхаметжан Етекбаев елге белгілі шығармашылығымен қатар, нағыз қонақжай адам еді.
Ол өзінің туған жері – Жамбыл ауданы Қарақыстақ ауылындағы қарашаңырағында талай қаламгерді, өнер адамдарын сыйлап күтіп, меймандостық ақ пейілін танытқан жайдары жан болатын.
Ал енді Мұхаметжан ағаның жан жары, қазақтың атақты, айбынды байы Медеу Пұсырмановтың ұрпағы болып келетін қазір көзі тірі Хазима Айдарбекова әжеміз берген мына суреттің жай- жағдайына келейік.
Өткен ғасырдағы 1970 жылдың көктемінің орта тұсында Мұқаң қазақтың екі қаламгері – Қабдеш Жұмаділов пен Сәуірбек Бақбергеновті құшақ жая қарсы алады.Алдымен әрине, өзі жетекшілік ететін Жамбыл музейіне апарып, асықпай әбден аралатады. Сонаң соң үшеуі Қарақыстақ ауылы тұсындағы асқақ Алатау бөктеріне көтеріліп, «көңіл құсын көкке ұшырған» ғой.
Дәл осы жерде қазақ әдебиетінің болашақ классигі Қабдеш Жұмаділов пен ойлы очерктері мен талай тамаша роман-повестерімен танылған майдангер қаламгер Сәуірбек Бақбергенов үшеуі Алатау баурайында ескерткіш үшін суретке түсіпті.
Сол жақтан бастасақ, алдымен Мұхаметжан, одан кейін тартымды туындыларымен бірге бурыл шашымен, қою мұртымен сәні келіскен Сәуірбек ата және қаламгерлік ерен еңбегімен қазақ ұлты үшін белі қайысқан Қабдеш аға.
Берікбай ҚАДЫҚОВ,
журналист
Алматы облысы,
Қарасай ауданы