Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясына дайындық жұмыстарының аясында Кеше Дін істері агенттігінде «Нұр Отан» партиясының «Қазақстан. 2017 жылғы мақсаттар. Ұлттық жоспар» сайлауалды тұғырнамасының «Халық бірлігі» бағыты бойынша Қазақстан Парламенті Мәжілісіндегі «Нұр Отан» партиясы фракциясының депутаттарымен және ҮЕҰ өкілдерімен кездесу өткізілді.
Кездесуге Дін істері агенттігінің төрағасы М. Әзілханов пен басқа да агенттік қызметкерлері; «Нұр Отан» партиясының идеология мәселелері жөніндегі хатшысы К.И.Ақсақалов; Парламент Мәжілісінің депутаттары С.Т.Сейдуманов, О.А.Асанғазы, Б.Ертаев, Н.Н.Логутов, Е.Я.Каппель және Ю.Е.Тимошенко; Сарапшылар тобының хатшысы, «Нұр Отан» партиясы Орталық аппараты Саяси жұмыс департаментінің үйлестірушісі М.А.Бухарина; «Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы Н.Е.Сыдықов және Қазақстан халқы Ассамблеясы Ғылыми-сараптама кеңесінің хатшысы Н.П.Калашникова мен Қазақстан Азаматтық альянсының президенті Н.К.Ерімбетов қатысты.
Кездесу 2014 жылғы 17 қаңтардағы Елбасы Жолдауын жүзеге асыру мен «Нұр Отан» партиясының «Қазақстан. 2017 жылғы мақсаттар. Ұлттық жоспар» сайлауалды тұғырнамасының аясында «Пәрменді діни саясат: діни тағаттылық және рухани отарлауға қарсы иммунитет» тақырыбында өтті.
Кездесу барысында еліміздің зайырлы мемлекеттік құрылымы аясындағы мемлекет пен дін арасындағы байланыс, деструктивті діни ағымдардың жастар санасына кері әсері, шетелдік діни оқу орындарында өздігінше білім алған Қазақстан азаматтарымен қатынас, аймақтық Антитеррористік комиссиялардың экстремизм мен терроризмге қарсы күрес жүргізу жұмыстары, «Е-ислам» ақпараттық-ағартушылық интернет порталының қызметі туралы мәселелер талқыланды.
Дін істері агенттігінің төрағасы М. Әзілханов Қазақстанның дін саласындағы мемлекеттік саясатының Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауының негізінде жасалғандығын тілге тиек ете келіп, барлық мемлекеттік органдардың жүйелі әрекет етуінің арқасында еліміздегі діни ахуалдың тұрақты да мемлекет бақылауында дамып отырғандығын атап өтті.
Төрағаның айтуына қарағанда, агенттік тарапынан конфессияаралық ынтымақтастықты күшейту, ел азаматтарының діни сауаттылығын арттыру мен жалған діни ағымдар ықпалынан қорғау, радикалды діни идеологияның таралуына қарсы тұру бойынша халықтың әртүрлі әлеуметтік топтарымен кешенді ақпараттық-түсіндіру жұмыстары атқарылып келеді.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының «Діни әрекет және діни ұйымдар туралы» Заңы талаптарының барлық діни қарым-қатынас субъектілері тарапынан орындалуын қамтамасыз ету мен Діни экстремизм мен терроризмге қарсы тұру бойынша 2013-2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру Дін істері агенттігі қызметінің басым бағыттары болып табылады, деп қорытты сөзін М.Әзілханов.
Кездесу соңында «Нұр Отан» партиясы фракциясының депутаттары Дін істері агенттігіне конфессияаралық ынтымақтастықтың қазақстандық үлгісін одан әрі дамыту, Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездерін өткізу идеясын жүзеге асыру, елдегі діни ахуалды сапалы талдау мен тұрақты мониторингтеу жұмыстарын жетілдіру, «Діни қызмет және діни ұйымдар туралы» Заң талаптарын орындау, Қазақстан қоғамындағы діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бойынша пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды.
Сәулебек БІРЖАН.