Елордада Ресейдің Свердлов облысының аумағында бірнеше ұрлық жасағаны үшін іздеуде жүрген Өзбекстан азаматы ұсталды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Нұр-Сұлтан қаласының аумағында жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында мемлекетаралық іздеуде жүрген қылмыскер, 39 жастағы Өзбекстан Республикасының азаматы қолға түсті.
«2017 жылдың желтоқсанынан 2018 жылдың сәуіріне дейін ұйымдасқан топтың құрамында болған ер адамның Ресей Федерациясының Свердлов облысы аумағында жүк көлігінен ұрлық жасағаны анықталды. Көрсетілген кезеңде ұсталған азамат басқарған топтың қатысушылары көлік құралдарынан кем дегенде 18 рет ұйымдардың мүлкін жасырын ұрлаған», деп жазды астаналық полиция департаменті.
2019 жылдың шілдесінде Ресейдің Свердлов облысы бойынша құзырлы органдары күдіктіге Ресей Федерациясы Қылмыстық кодексінің 158-бабы 4-бөлігінде көзделген қылмысты жасағаны үшін мемлекетаралық іздеу жариялаған.