• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Аймақтар 22 Сәуір, 2022

ШҚО-да көктем шыққалы 200-ден астам адамды кене шақты

353 рет
көрсетілді

Шығыс Қазақстан облысында көктем шыққалы 200-ден астам адамды, оның ішінде 80 баланы кене шақты, деп хабарлайды Egemen.kz.

ШҚО Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, көктем шыққалы бері эндемиялық аумақтарда 229 адамды кене шақты. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі 80 бала бар.

«Кене инфекцияларымен ауыру жағдайлары тіркелген жоқ. Көпжылдық эпидемиологиялық талдау нәтижелері көрсеткендей, өңірде бұл аурудың алғашқы жағдайлары мамыр айында байқалады. Аурудың алдын алу мақсатында кене шаққан 201 адам кене энцефалитіне қарсы иммуноглобулин алды. Қалғандары дәрігерлерге кеш жүгінгендіктен немесе қарсы медициналық көрсетілімдерге байланысты алған жоқ», - делінген хабарламада.

Шығыс Қазақстан бойынша кене энцефалитінің табиғи ошағы – Глубокое, Зайсан, Алтай, Катонқарағай, Көкпекті, Ұлан, Шемонаиха аудандары мен Риддер, Өскемен қалаларында.

«Биыл кене шағудың эпидемиологиялық маусымы облыста көктемнің алғашқы айларындағы ауа температурасының суық болуына байланысты кеш басталды. Сондықтан кене шағу көрсеткіші өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда біршама аз», - делінген ақпаратта.