Моңғолияда Азия чемпионаты аясында еркін күрестен жарыстар жалғасуда. Бүгін кілемге 61, 74, 86, 92, 125 келіге дейінгі балуандар шықты, деп хабарлайды Egemen.kz Olympic.kz-ке сілтеме жасап.
Бүгін үш қазақстандық финалға жолдама алды. 74 келіге дейінгі салмақта Нұрқожа Қайпанов жартылай финалда қырғыз балуаны Исламбек Орозбековты 15:8 есебімен ұтты. Ақтық бәсекеде Н.Қайпанов ирандық спортшы Йонес Алиакбар Эмамичогаеймен кездеседі.
Финалға жолдаманы Азамат Дәулетбеков те (86 келіге дейін) алды. Ол 1/2 кезеңде қырғызстандық Саяқбай Юсуповты мерзімінен бұрын ұтты – 10:0. Алтын медаль үшін айқаста үндістандық Дипак Пуниямен кездеседі. 125 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі Әлішер Ерғали да құрлық біріншілігінің «алтынын» сарапқа салады.
Жартылай финалда ол оңтүстіккореялық Йехён Чоннан асып түсті – 9:6. Бас жүлде үшін жекпе-жекте Ерғали ирандық Йадоллах Мохаммадказем Мохебимен белдесетін болады. Сондай-ақ екі жерлесіміз турнирдің қола жүлдесі үшін таласады. Акбар Құрбанов (61 келіге дейін) Әлібек Әлібеговпен (Бахрейн) кездеседі. Ал Әділет Дауланбаев (92 келіге дейін) жапондық Такума Отсуға қарсы шығады.
Финал Нұр-Сұлтан уақытымен 16:00-де басталады.