• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Әлем 25 Сәуір, 2022

Екі айға созылған қақтығыс

281 рет
көрсетілді

Украинадағы қақтығыс­тың басталғанына екі ай­дан асты. Осы мерзім ара­лы­­ғында мыңдаған бейбіт тұр­ғын қаза тауып, мил­лион­даған адам босып кетті. Қаза тапқан жауынгер­лер екі жақта да аз емес. Қираған ғимараттар мен нысандардың санында есеп жоқ. Осы екі айдың ішінде не өзгерді?

Ресей президенті Владимир Путин халыққа үндеуінде Дон­баста Украинаны демилитаризациялау мақсатында «арнайы әскери операция» басталғанын хабарлады. Осыны желеу өткен Ресей әскері Украинаға үш жағынан – солтүстік, шығыс және оңтүс­тіктен басып кірді.

Қақтығыстың алғашқы күн­дері ресейліктер біраз аумақты жау­лап алды. Атап айтсақ, сол­түс­тікте Киев маңына дейін келді. Шығыста Харьков маңында кескі­лескен ұрыс басталды. Оңтүстік­те Херсон қаласын иемденді. Сондай-ақ Мариуполь қаласын қоршады. Донбастағы бірнеше шағын елді мекенді бағындырды.

Ресей әскері қанша жерден арындап кіргенімен, сәтсіздікке ұрын­ғанын айта кеткен жөн. Мариупольді қоршауға алға­ны­мен, оны толықтай бағын­дыра ал­май отыр. Рас, Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу Ресей президенті Владимир Путинге шаһарды басып алғаны туралы хабарлап қойды. Бірақ іс жүзінде қала көшелерінде, атап айтқанда «Азовсталь» зауыты маңында әлі де кескілескен шайқас жүріп жатыр.

Бастапқыда Ресей әскері танк колоннасымен Киевтің ма­ңындағы Ирпень, Буча кент­теріне келіп жеткен-тұғын. Бірақ кейін­нен солтүстік шептегі әскерін әкетуге мәжбүр болды. Кремль билігі мұны Ыстанбұл қаласында өткен келіссөздердің нәтижесі ретінде көрсетті.

Дегенмен сарапшылардың айтуынша, Мәскеудің мұндай қадамға баруына аталған ай­мақта Ресей сарбаздарының оңбай шығынға ұшырауы әсер еткен. Сондай-ақ ондағы күшті Украинаның оңтүстік бөлігіне салып, ең болмаса Донбасты толық бағындыруды мақсат ет­кенін алға тартады.

Осы орайда кім қандай шы­ғын­ға ұшырағанын айта кетсек. Украина қарулы күштерінің хабар­лауынша, екі ай ішінде Ресей­дің 22 мыңға жуық сарбазы қаза тапқан. Бұдан бөлек, 854 танк, 2 205 броньды көлік, 546 артиллериялық қондырғы қира­тылған. 177 ұшақ және 154 тікұшақ, 182 дрон құлатылыпты. Қираған басқа да техникалар жетерлік. Сонымен қатар суға батқан қайықтар, катерлер мен кемелер саны 8-ге жетті. Мұның арасында «Саратов» десанттық кемесі мен Қара теңіз флотының флагманы «Москва» да бар екенін айта кеткен жөн.

Украина тарапынан да отанын қорғап қаза тапқан сар­баздар қатары аз емес. Ел президенті Володимир Зеленский CNN га­зетіне берген сұхбатында 3 мың­ға жуық жауынгердің қаза бол­ғанын жеткізді. Сондай-ақ 10 мың­ға жуық әскери қызметкер жа­р­ақаттанған. Ресей жағы 23 мың­нан астам украинды жер жас­тандырғанын айтып отыр.

Соғыс жағдайында тараптар­дың өз шығынын аз, қарсылас шығынын көп етіп көрсететіні белгілі. Бірақ халықаралық сарапшылар мен Пентагон келтірген мәліметтерге сүйенсек, Украина ұсынған цифрлардың шындыққа анағұрлым жақын екеніне көз жеткізуге болады.

Енді қазіргі жағдайға оралсақ. Кейінгі бірнеше күнде Ресей сарбаздары Украинаның қалаларын зымырандар мен артиллерия ар­қылы атқылауын күшейтті. Өт­кен бейсенбіде Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров Ук­раи­наның шығысындағы «әске­ри операция» жаңа кезеңге өтке­нін хабарлаған еді. «Басында жария­лағанымыздай, бұл Донецк пен Луганск республикаларын толық азат етуге бағытталған. Операция жалғасады. Оның келесі кезеңі басталып жатыр», деді С.Лавров.

BBC агенттігінің хабарла­уынша, Украина президенті Воло­димир Зеленский Ұлы­британия премьер-министрі Борис Джонсон­мен сөйлесіп, әскери көмек жеткізу мәселесін талқы­лаған. Мемлекет басшыларының бұл мәселені сөз етуі бекер емес. Кейінгі аптада Батыс елдері Ук­раинаға ауыр қару жеткізуге кірісті. Бұған дейін жеңіл қару түр­лерін ғана беріп келген мемлекеттер танк, ауыр артиллерия, гаубица секілді техникаларды жеткізе бастады.

Украина президенті Воло­димир Зеленский Владимир Путиннің Украинаға басып кіруі «басы ғана» екенін, содан кейін Еуропаның басқа елдерін басып алуды жоспарлағанын мәлімдеді. Украина президентінің кеңесшісі Олексий Арестович Ресей күш­тері Мариуполь қаласындағы «Азовсталь» металлургиялық зауытына әуеден шабуылдап жатқанын атап өтті.

Таяуда әлеуметтік желілерде Мариуполь қоршауындағы «Азовсталь» металлургиялық зауытында түсірілген видео тарады. Онда әйелдер мен балалардың ішер асы қалмағанын айтып, эвакуация­лау керек екенін айтады. Мариу­поль қаласы мэрінің көмекшісі сенбі күні жоспарланған азаматтық эвакуа­ция алға жылжымағанын хабарла­ды. Оның айтуынша, Ресей тарапы жергілікті уақыт бойынша түстен кейін басталуы тиіс эвакуацияға кедергі келтірген.

Ресей әскері Украинаның бір­неше қаласын зымыранмен атқы­лады. Елдің оңтүстігіндегі Одесса қаласына түскен ракетадан бес адам қаза тауып, он сегіз адам жарақат алды. Reuters агенттігінің хабарлауынша, зымыранның бірі әскери нысанға, екіншісі тұрғын үйге тиген.

Алдыңгүні Украина қару­лы күштері Херсон қаласы ма­ңын­дағы Ресейдің командалық пунктін артиллериямен атқыла­ғанын мәлімдеген. The Guardian газетінің хабарлауынша, сол жерде болған Украинаның екі генералы қаза тапқан. Тағы біреуі ауыр жараланған көрінеді.

Украинадағы қақтығыс бас­­талғалы бері АҚШ Киевке көмек­тесу үшін 3,4 млрд доллар бөлді. Қаржылық көмектен бас­қа, Вашингтон Киевке әскери тех­ника, атап айтқанда, 16 Ми-17 тікұшағын, 700-ден астам Switchblade снарядтарын, 155 мм гаубицаның 90-ын бермек.

Сондай-ақ БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің 26 сәуірде Мәскеуде В.Путин­мен, С.Лавровпен кездесуі жос­парланған. Бұдан кейін 28 сәуірде А.Гутерриш Украинаға барады деп жоспарланған.