Президент тапсырмасына орай «Балалар жылы» нәтижелі болуы қажет. Осыған орай республика өңірлерінде түрлі мазмұндағы шаралар жалғасын тауып келеді. Ал мамандардың айтуынша, балалар қауіпсіздігі мен құқығын қорғауға байланысты міндеттер қараусыз қалған балалар тағдыры, жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсауы, кибербуллинг сияқты қоғамға жат әдеттерге тосқауыл болуға тиіс.
Алматыдағы Оқушылар сарайында өткен «Қазақстан Республикасындағы білім беру үдерісіне қатысушыларға тиімді психологиялық-педагогикалық көмек көрсетудің инновациялық технологиялары» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясында балалар денсаулығы, білім жүйесіндегі көкейкесті мәселелер мамандар талқысына салынды.
Балалар омбудсмені Аружан Саин бала құқығы жайында сөз еткенде ата-ана жауапкершілігін ұмытпау қажеттігін қаперге алды. А.Саинның айтуынша, тәрбие негізі отбасында қалыптасатындықтан, бала тағдырына немқұрайды қарайтын ата-аналармен жұмыс істеуге баса назар аудару қажет. Отбасында жағдайы жақсы болса, бала неге үйден безеді, мектепте қамқорлық күшті болса, неге қиын балалар қатарына қосылады?
Бұл бүгінгі қоғамда жиі қойылатын сұрақтар. Ал оның жауабы отбасынан бастап, бүтіндей қоғамдық деңгейде қолға алынып отырған шаралардың өз деңгейінде жүзеге аспай отырғандығымен байланысты.
«Осы орайда ата-анасының балаға зияны тимеуін қамтамасыз ету, мектептегі дағдарысты жағдай мен қарама-қайшылықтардың сауатты, кәсіби деңгейде шешілуі де алаңдатады. Мемлекет тарапынан балаларды спортқа, мәдени шараларға тарту, біліммен қамтамасыз ету, денсаулығына қарау – саламатты ұлт қалыптастырудың алғышарты. Ал бала бойында тұлғалық қасиетті қалыптастыруда білім, ғылым, мәдени саладағы жетістіктер маңызды. Бойында ізгілігі, білімі бар, отбасында, білім мекемелерінде қамқорлыққа, ата-ана махаббатына бөленген балалар ешқашан жат әдетке бой алдырмайды. Олай болса, баланың бақыты – отбасының, мектептің, бүтіндей бір қоғамның жауапкершілігіне тікелей қатысты міндет», деп атап өтті А.Саин.
Жиынның модераторы Білім және ғылым вице-министрі Ғани Бейсембаев балалар жылына орай еліміздің барлық өңірінде қолға алынған игі іс-шаралар барысына тоқталып, тиісті министрлік тарапынан балалар құқығын қорғау мәселесіне орай нақты тапсырмалар жүктелгенін атап өтті. Осы мақсатты шаралардың ары қарай да жалғасын табуы қоғамның игілігіне, балалардың жарқын болашағына арналады.
Осы орайда Алматы қаласындағы білім беру мәселесіне тоқталған әкімнің орынбасары Әсем Нүсіпова мегаполисте 300 мемлекеттік және жекеменшік білім ұйымы бар екенін атап өтті. Студенттік жастар қаласында бүгінде 350 мыңнан астам білім алушы үшін қолайлы жағдай жасалған. Мектеп, балабақшалардағы орын жетіспеушілігі, инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге байланысты нақты жұмыстар іске асып келеді. Биылғы оқу жылынан бастап әлеуметтік жағдайына қарамастан, 1-4-сынып оқушылары тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Ал оқыту әдістемесі, тәрбие ісі, балалардың мінез-құлық мәселесі ерекше назар аударуды қажет етеді, ал бұл бағытта кәсіби мамандармен ықпалдастық аясында тиісті жұмыстар қолға алынған.
Мемлекеттің болашағы – балалардың жарқын келешегін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадамдарға Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Есенғазы Иманғалиев тоқталды. Президент атап өткендей, еліміздің келешегі балалардың қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған іс-шаралар жалаң ұран, мерекелер түрінде емес, тиісті органдар тарапынан білім, денсаулық, әлеуметтік салада жүзеге асатын ауқымды міндеттермен жалғасын табуға тиіс. Е.Иманғалиев осы орайда мемлекет тарапынан балалардың қауіпсіздігін арттыруға бағытталған шаралар мен еліміздің әлемдік кеңістіктегі рөлін арттыруға байланысты жобалар әзірленіп жатқандығын жеткізді.
«Президент 2020 жылы балалар игілігі индексінің ұлттық мониторингтік механизмін әзірлеуді тапсырған болатын. Осы орайда маңызды деген 56 индикатор азаматтық қоғаммен талқыланып, Үкімет деңгейінде бекітілді. Мемлекет тарапынан балаларға жұмсалатын бюджет әдістемесін дайындау жұмыстары басталды. Сонымен қатар Балалар құқығы жөнінде БҰҰ конвенциясының факультативті протоколына қол қоюға байланысты іс-шаралар қабылдануда. Бүгінде балалар құқығын қорғау жөніндегі мемлекеттік саясат халықаралық талаптарға сай жаңа білім жүйесін құрылымдауды қажет етеді», деп атап өтті.
Е.Иманғалиевтің айтуынша, бүгінде балалар жоғары интеллектуалды қабілетке ие, мобилді, креативті. Олар ақылды, тәуелсіз әрі ерекше қабілетті. Технологияларды, мәдениетаралық қатынастарды жақсы меңгерген. Алайда алдыңғы буынға қарағанда, олар қоғамдық құбылыстарға тәуелді. Mackenzie институтының мәліметтеріне қарағанда, жаңа заман ұрпағының өмірге деген көзқарасы қарама-қайшы. Көңіл күйі, әлеуметтік жағдайы жете көңіл бөлуді қажет етеді. Олар мінез-құлқына қатысты және психологиялық жағдайларда көмекке сирек жүгінеді. Осы орайда еуропалық кеңес сарапшылары балалардың ақыл-ой, физикалық денсаулығының маңызды екендігіне назар аударып отыр. 2021 жылы Давос форумында экономист Клаус Шваб экономикалық жүйені қайта қарастыра отырып, азаматтардың игілігіне негізделген әлемге қадам жасауымыз керек деген болатын. Сондықтан бізге кәсіби педагогтер керек. Транслятор емес, ұйымдастырушы, оқу үрдісін, шығармашылық жұмыстарды жүйелей білетін, жасөспірімдердің әлеуметтік қызметінің жан-жақтылығын жақсы түсінетін, жастармен жұмысты жолға қоя білетін білікті мамандар қажет. Бүгінде қоғамды алаңдатып отырған тұрмыстық агрессия, әлеуметтік желілердің ықпалы, буллинг сияқты мәселелермен 7 мыңнан астам педагог-психолог, 4 мыңға жуық әлеуметтік педагог, 3 мыңнан астам вожатый, 25 мыңнан астам мектеп әкімшілігі мүшелері жұмыс істеуде. Ал еліміздің білім саласында 340 мыңнан астам педагог еңбек етіп келеді. Дегенмен де салада кәсіби мамандар қатарын арттыру мен ескірген әдістемелер, жалған инновациялардан арылуды уақыт талап етуде.
Жиында психология ғылымдарының докторы, академик Х.Шериазданова еліміздің білім беру саласындағы педагогикалық психологияның рөліне қатысты баяндама жасаса, С.Сейфуллин атындағы Қазақ Агротехникалық университетінің профессоры, академик Қ.Сарбасова, тағы басқа ғалымдар білім гуманизациясы, сапалы білім беру мен балалар психологиясы тұрғысында кәсіби ойларымен бөлісті.
Ары қарай халықаралық сарапшылар пікіріне ұласқан кәсіби жиын балалар мен жасөспірімдердің аутодеструктивті мінез-құлқының алдын алу, балалардың өмір сапасын жақсарту бойынша іс-шараларды уақытында іске асыру, оқушылардың өмірге төзімділігін және сабырлылығын қалыптастыру, әлеуметтік осал жағдайдағы жасөспірімдер мен отбасыларға жеке кешенді көмек көрсетуге арналған шеберлік сағаттарымен жалғасын тапты.