• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Аймақтар 25 Сәуір, 2022

27 мың адам жұмыспен қамтылады

382 рет
көрсетілді

Қостанайдағы Жастар сарайында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Соңғы екі жылдан кейін алғаш рет ұйым­дастырылып отырған ауқымды шараға 50-ден астам кәсіпорын қатысып, уа­қытша жұмыссыздар мен оқуын биыл тәмам­дайтын студенттерге 3 мыңнан астам жұ­мыс орындарын ұсынды.

Жұмыс берушілердің арасында «Север Птица», «Баян-Сұлу», «АгромашХолдинг KZ» және Қостанай трактор зауыты сынды ірі кәсіпорындар бар. Ауылшаруашылық техникаларын құрастыратын «АгромашХолдинг KZ» зауытының менеджері Айгүл Әубәкірованың айтуынша, бүгінгі таңда кәсіпорында 50 шақты жұмыс орны бос тұрған көрінеді. Ал Қостанай ұн комбинатының өкілі Ольга Мазкунова электрик, сантехник, слесарь мамандары мен ұн қаптаушылардың жетіспейтінін айтты. Кә­сіпорын жоғарғы оқу орындары мен колледж тү­лек­терімен қатар, дипломсыз жастарды да жұмысқа алуға дайын.

Қалалық жұмыспен қамту орталығының басшысы Надежда Костенюктің айтуына қарағанда, облыстың орталығында 1 170 бос жұмыс орны бар көрінеді. Мұның сыртында, жастар «Бірінші жұмыс орны» бағдарламасы арқылы да өзі ұнатқан жұмысына орналаса алады.

Жұмыс орны жәрмеңкесіне облыс әкімі де келіп, іс-шараның басы-қасында жүрген кәсіпорын өкілдерімен, жұмыс іздеп келген жас­тармен кездесті. Әкімнің айтуынша, ке­йінгі жылдары өңірде жастар практикасы мен «Бірінші жұмыс орны» жобасына қа­тысушылардың еңбекақы мөлшері 30 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайтылып, түлектердің жастар тәжірибесінен өту мерзімі 6 айдан 1 жылға дейін ұзартылды. Жалпы, соңғы екі жылдың ішінде жұмыспен қамту бағдарламаларының көмегімен 18 мың адам жұмысқа орналасқан.

Биыл облыста кемінде 27 мың адам жұмыспен қамтылады деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар өңірде іске асырылып жатқан ұлттық жобалар мен жеке бастамалар аясында 18 мың жұмыс орнын ашу көзделіп отыр.

Іс-шараны ұйымдастырушылар облыста қай салада қандай маман тапшы екенін зерделеп, анықтау мақсатында жұмыс берушілерден сауалдама алған екен. Нәтижесінде, өңірдегі еңбек нарығында механизатор, ауыр жүк көлі­гін жүргізуші, құрылысшы, электромонтер, аспаз сияқты мамандықтар үлкен сұранысқа ие екені анықталып отыр. Бұған қоса, білім беру, ден­саулық сақтау, мәдениет, спорт, тау-кен және ауыл шаруашылығы салаларында да маман же­тіс­пеушілігі байқалады.