• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 25 Сәуір, 2022

Жауапсыздық пен жүгенсіздіктің жазасы ауыр

2003 рет
көрсетілді

Жол қателікті кешірмейтінін біле тұра, қауіпсіздік ережелеріне шекеден қарайтындардың қарасы азаяр емес. Ережеге салғырт жүргізушілердің жүрдім-бардым әрекеті салдарынан жол-көлік оқиғаларының саны сиремей, тиісінше адам өлімі көбейіп тұр.

Ереже бұзудың 72 пайызы елді мекендерде тіркелген

«Жыл басталғалы бері елімізде 2 600-ден астам жол-көлік оқиғасы тір­­кел­­ді. Өкінішке қарай, салдарынан 410 адам бақилық болып, 3 500 аза­­мат түрлі дене жарақатын алды. Бі­рін­­ші тоқсанның өзінде осындай жағ­дайлардың тіркелуі баршамызды ойлан­дыруы тиіс», дейді ІІМ Әкімшілік поли­ция комитетінің төрағасы Атығай Арыстанов жантүршігерлік цифрды сөйлетіп.

Уақытында жүргізуші куәлігін «бармақ басты, көз қысты» әрекетпен алды ма, әлде расында да емтиханды тамаша дейтін бағаға тапсырды ма, ол жағын кім білсін?! Әйтеуір куәлікті алудың жолын тапқандар жол ережесін сақтаудың жөнін табар емес. Темір тұлпарды тізгіндегендердің бір бөлігі жаяу жүргіншілер жолағында да ереже бұзып, елдің есін шығарып жүр. Қысқасы, Бауыржан Момышұлы айтқан «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды» деген сөздің көлік жүргізушілері үшін ешқандай әсері жоқ секілді.

«Биыл жаяу жүргінші жолағында 88 жол-көлік оқиғасы тіркелген екен. Соның салдарынан 22 адам көз жұмып, 69 азамат жарақат алды. Жол-көлік оқиғаларының 72 пайызы елді мекендерде тіркелген», дейді министрлік өкілі.

Байқап отырсақ, заңға бағынбай­тын­дардың басым бөлігі елді мекен­дерде жүр екен. Бейнебақылау жүйе­­сі жоқ дегенді желеу қылған ауыл­­­дағы ағайынның заңды белден бас­қан әрекеттері құзырлы орган қыз­меткерлерінің назарынан тыс қал­майтынын статистиканың өзі бай­қатып тұр. Ауыл көшелерін шаңдатып жүрген жүгенсіз жүргізушілер осы статис­тикамен танысқаннан кейін қорытынды шығарса, қане?!

33 бала өмірмен қош айтысты

Көлікті бар жылдамдығымен жүр­гізетіндер туралы әңгіме тиегі ағытыла қалса, «Формула-1» бәсекесінде жеті маусым қарсыластарын шаң қаптырып, әлем чемпионы атанған әйгілі неміс спортшысы Михаэль Шумахер елдің есіне түседі. Қазір одан кем түспейтін пилоттар легі қалыптасқанына қара­мастан, Шумахердің аты аңызға айналғаны қашан?! Бүгінде қазақтың даласын да, қаласын да «Формула 1»-дің әйгілі пилоты болған сол Шумахердің елесі кезіп жүрген секілді. Олай деп опына астарлауымыздың да себебі жоқ емес. Әйтеуір, күре жолда көлігін күркірете жүргізетіндердің қатары сирейтін күн байқалар емес.

Дәйекпен әдіптелген деректерге зер салсақ, тіркелген жол-кө­лік оқиға­ларының үштен бірі жүргізу­шілердің жылдамдықты шамадан тыс арттыруы салдарынан болған екен. Тіркелген 758 жол-көлік оқиғасы кезінде 139 адам қаза болып, 1099 жолаушы түрлі дәрежедегі жарақатпен ауруханаға жеткізілген. Расында да бұл цифр жан түршіктіреді. Ал ауылдарда тұратын «Шумахерлер» 471 мәрте жол-көлік оқиғаларының тіркелуіне себеп болса, салдарынан 52 азамат қара жол үстінде көз жұмған, 606 жолаушы жарақаттанған. Қала сыр­тындағы трассаларда көлігімен құстай ұш­қандардың кесірінен 287 жол-көлік оқиғасы анық­талып, 87 адамның қайтыс болғаны, 493 азаматтың жарақат алғаны белгілі болып отыр.

«Жол-көлік оқиғаларынан қаза тап­қандар мен жараланғандардың төрттен бір бөлігін жаяу жүргіншілер құрайды. Ережені сақтамаудың салдарынан 128 адам қаза тапты. Ал 924 жолаушы жарақаттанып, аурухана төсегіне таңылған. Жалпы жаяу жүргіншілер де жауапкершілікті ұмытпауы керек. Жолдағы қауіпсіздік жаяу жүргіншілерге де, жүргізушілерге де бірдей. Осы уақыт аралығында жаяу жүргіншілердің кінәсінен 88 жол-көлік оқиғасы тіркелсе, онда 22 адам қаза тауып, 69 адам жарақат алған.

Балалар жол қозғалысына қатысу­шы­лардың ең осал санаттарының бірі екенін үлкендер жағы ескерсе дей­міз. Жыл басынан бері балалардың қатысуымен 465 жол-көлік оқиғасы анықталып, салдарынан 33 бала мерт болса, 592 адам жарақат алды. Тағы бір қайғылы оқиға осы жылдың 4 сәуірінде Қызылорда облысында тіркелді. Онда шағын автобус доңғалағының астында қалған екі жасар бала қайтыс болды», дейді Атығай Арыстанов.

Аңдасақ, балалар жүрген жерде 465 жол-көлік оқиғасының тіркелуі кімді де болса ойландыруы керек. Ал сол оқи­ға­лардың салдарынан 33 баланың бақи­лық болуы жанды аяздай қаритыны тағы рас.

 

178 рет ереже бұзған жүргізуші бар

Жол қозғалысы ережесін ұдайы бұзатын жауапсыз көлік жүргізушілері де аз емес. Деректерге сенсек, осы жыл­­­­­дың өзінде 1,2 млн-нан ас­там жол қоз­ғалысы ережесін бұзу дере­­гі тір­келіпті. Олардың басым бө­лігі жо­ға­рыда айтқанымыздай жыл­дам­дық­­ты арттырумен «ерекшеленсе», бірқа­тары жол жиектерінде орналасқан белгілер мен таңбаларды «бай­қағысы» келмей ереже бұзып жата­ды екен. Сонымен қатар 74 мыңға жете­­қабыл жүргізуші көлік құралдарын пай­да­лану ережелерін белден басса, 56 мың­ға жуық көлік жүргізушісі жолаушы­лар мен жүктерді тасымалдау кезін­де қа­­теліктерге бой алдырған. Бұдан бө­лек 6,5 мыңнан астам жаяу жүргінші жол ережелерін бұзғаны үшін айыппұл арқалапты.

Ішімдік ішсе, рульге жармасатын­дар­дың саны да аз емес екен. Статис­тикалық деректерге жүгінсек, мас күйінде көлік басқарған азаматтар­дың саны 5,7 мыңға жеткен. Бір өкі­ніштісі, ішімдік ішіп құқық қор­ғау органы қызметкерлерінің құры­ғына түскендердің саны жыл сайын мыңдаған адамды құраса да, жұртшылық одан қорытынды шығаруға еш асығар емес. Заң қаншалықты қа­таң болғанына қарамастан, ащы суға аңса­ры ауғандардың қарасы азай­мағаны қоғамдық мәселеге айналғаны даусыз.

Елімізде жол қозғалысын интеллек­туалдық бақылау жүйесін белсенді түрде дамыту мәселесі кеңінен қолға алынып келеді. Бүгінгі күні жолдарда жол қауіпсіздігі ережелерінің бұзылуын тіркейтін 16,9 мың автоматты бейнекамера орнатылған. Бейнетұзақ қазіргі кезге дейін 517 мыңға жуық заң бұзушылықты тіркеп, тиісінше, мемлекеттік бюджетке 3,6 млрд теңге айыппұл өндірілген.

«Мұндай жүйелерді енгізу жол қоз­ғалысына қатысушылардың жауап­­кершілігін арттырып қана қой­май­ды, сонымен қатар апат дең­гейін төмендетуге айтарлықтай әсер етеді. Полиция қыз­меткерінің тәр­тіп бұзушымен тікелей байланысын болдырмайды, осылайша сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін де төмендетуге түрткі болып отыр. Мәсе­лен, өткен жылы Шымкент қала­сы бо­йынша 1 мыңға жуық осындай ка­мера орнатылды. Шымкенттік жүргі­зу­шілерге салынған айыппұлдың жалпы сомасы шамамен 2,2 млрд теңгені құрады», дейді министрлік өкілі.

Атығай Арыстанов келтірген дерек­тердің бірінде жарты жыл ішінде жол ережесін 178 мәрте бұзған көлік жүргі­зушісіне 4,5 млн айыппұл салын­ғаны туралы айтылады. Бір адамның 178 мәрте ереже бұзғаны ойландырмай қоймайды. Көлікті жүргізген мұндай жүргізушінің ере­жеден хабары бар ма? Жүргізуші куә­лігін қайдан алған? Алты айда 200-ге жуық ереже бұзған азаматтың көлік жүргізуге қандай моральдық құқы бар? Қа­лай десек те мұндай мәселеге бейжай қа­рау­ға болмас. Қысқасы, мыңдаған адамның жұлдызы сауатсыз әрі жауапсыз жүргізушілердің кесірінен болатын жол-көлік оқиғаларынан сөнбесе дейсің...