• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Медицина 25 Сәуір, 2022

Денсаулық сақтау технологияларын бағалау жөнінде конференция өтті

458 рет
көрсетілді

22-23 сәуірде елордада «Шығыс Еуропа және Орталық Азия (ШЕОА) өңірінде денсаулық сақтау технологияларын бағалауды дамыту перспективалары» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Конференцияның ашылуында сөз сөйлеген Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният  шараның Шығыс Еуропа мен Орталық Азия елдерінің денсаулық сақтау технологияларын бағалау саласындағы ынтымақтастығын дамытуға құнды үлес қосатынын атап өтті.

«Денсаулық сақтау технологияларын бағалау (ДСТБ) – халықты сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз етудің маңызды кезеңдерінің бірі, ол денсаулық сақтаудың неғұрлым клиникалық және экономикалық тиімді технологияларын қолдану үшін іріктеуге мүмкіндік береді. Бүгінде Қазақстан осы салада табысты жұмыс тәжірибесіне ие, сондай-ақ GIN, ISPOR, HTAi және INAHTA халықаралық ұйымдарының институционалдық мүшесі»,  деді А.Ғиният.

Конференцияның ашылуында сөз сөйлеген ISPOR Денсаулық сақтау экономикасын зерттеу және нәтижелерді бағалау Халықаралық қоғамының президенті Исао Камае (Жапония), HTAi денсаулық сақтау технологияларын бағалау Халықаралық қауымдастығының президенті Вайя Оортвин (Нидерланды) және ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ақмарал Әлназаровалар шараның маңыздылығын ерекше атап өтті.

Халықаралық конференцияда медициналық көмекпен жаппай қамтуды қамтамасыз ету құралы ретінде ДСТБ-ның маңызды және өзекті мәселелері көтерілді. Бұл ретте денсаулық сақтау технологияларын бағалау бойынша халықаралық сарапшы Кшиштоф Ланда (Польша) денсаулық сақтау саласында ДСТБ нәтижесін пайдалана отырып, дәлелді шешімдер қабылдауға болатынын алға тартты. Syreon Research зерттеу институтының басшысы Золтан Кало (Венгрия) Шығыс Еуропадағы жалпыға бірдей медициналық сақтандырудың тұрақтылығын арттырудағы ДСТБ рөлі туралы баяндады. Салидат Қайырбекова Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығының басқарма төрағасы Александр Костюк ДСТБ-ның Орталық Азиядағы денсаулық сақтау қызметтерімен жаппай қамту тұрақтылығын арттырудағы рөліне тоқталды.

Қазақстанда денсаулық сақтау технологияларын бағалау рәсімі алғаш рет 2010-2013 жылдары Дүниежүзілік банк пен Үкіметтің бірлескен жобасын іске асыру барысында енгізілді. ДСТБ клиникалық тиімділік дәлелдерін бағалау және экономикалық бағалауға негізделетін және денсаулық сақтау жүйесіндегі шығындарды оңтайландыруға, бюджет қаражатын пайдалануды ұтымды етуге бағытталған басқарушылық шешімдер қабылдаудың тиімді құралы.

20-дан астам елдің сарапшылары қатысқан халықаралық конференция аясында панельдік, пленарлық сессиялар мен ғылыми-практикалық симпозиумдар өтті. Қатысушылар атап өткендей, конференция кәсіби қарым-қатынас орнату, оқыту, жинақталған тәжірибе мен озық идеялармен алмасу үшін тиімді пікірталас алаңына айналды. Шараның қорытындысы бойынша  әзірленген ұсынымдар Шығыс Еуропа және Орталық Азия елдерінде денсаулық сақтау технологияларын бағалау саласындағы өңірлік өзара іс-қимылды дамыту мен денсаулық сақтау саласындағы саясатты қалыптастыруда үлкен маңызға ие болмақ.